Басты бет » Жаңалықтар » Арман БЕРДАЛИН: Егер ұрпағымыз жемқорлықсыз қоғамда өмір сүрсін десек, бұған бәріміздің араласуымыз керек

Арман БЕРДАЛИН: Егер ұрпағымыз жемқорлықсыз қоғамда өмір сүрсін десек, бұған бәріміздің араласуымыз керек

Өткен аптада Ақтөбеге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин келіп, мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Сондай-ақ республикалық арнайы мониторингтік топпен бірге бірқатар аудандарды аралады. Жұмыс сапары аясында департамент басшысымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

— Облысымызға өзіңіз бастап келген арнайы мониторингтік топтың бұл жолғы мақсат-міндеті қандай? Жалпы агенттіктің жұмысында қандай өзгерістер бар?

  • Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысына екінші рет келіп отырмыз. Бұл жолы агенттіктің жанынан құрылған республикалық арнайы мониторингтік топқа тәуелсіз, қоғамға ой қалыптастыратын қоғам қайраткерлерін жұмылдырып, өңірдегі ауыл-аймақтарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды, кеткен кемшіліктерді өз көзімізбен көрейік деп жолға шықтық. «Сырт көз — сыншы» демекші, топ мүшелерімен бірге облыс орталықтарын емес, ауыл-аймақтарды аралап, халықпен кездесулер ұйымдастырып жатырмыз. Мақсат — халықтың ой-пікірін білу, олармен бетпе-бет жүздесу, сондай-ақ биылғы Елбасы Жолдауында айтылған факторлық-балдық шкалаға сүйенген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру және оларға қойылатын талаптардың, жауапкершіліктің жоғарылайтындығын ұғындыру.

Қазіргі таңда Елбасының біздің алдымызға қойып отырған міндеті — мемлекеттік қызметте кәсіби аппарат құру. Оны құрайтын — мемлекеттік қызметшілер. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің білімі мен біліктілігі бір басқа, кәсіби аппарат құру үшін олардың әдебі дұрыс болуы керек. Мәселен, мемлекеттік қызметші қызмет алуға келген адамға немқұрайлы қарап, дөрекі сөйлейтін болса, оған мемлекеттік қызметте орын жоқ. Міне, біз осыны мемлекеттік қызметшілерге түсіндіріп жатырмыз. Сондай-ақ халыққа барынша, сапалы қызмет көрсетуіміз керек.

Бүгінгі күні елімізде 700-ге жуық мемлекеттік қызметтің 61 пайызы электронды түрде қол жетімді болып отыр. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін халық мұны біле бермейді. Себебі халық арасында насихат жұмыстары дұрыс жүргізілмей жатыр. Бұған жауапты халыққа қызмет көрсету орталықтары аудандарға барып үйретудің орнына өздерінің жұмысын жандандыра алмай отыр. Халыққа жеңілдік бар, бірақ тұрғындар оны білмейді.  Сондықтан біз осы жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Мысалы, биыл біз Қарағанды облысының Ұлытау ауданында болдық. Аудан орталығы облыс орталығынан 500 шақырым жерде орналасқан. Сол секілді шалғай жатқан ауылдарға бұл өте тиімді. Тұрғындар үйден шықпай-ақ компьютер арқылы құжаттарды қалай алу керектігін меңгеріп алса, бір құжатқа бола кабинет жағаламайды, біреудің қас-қабағына қарамайды. Яғни, бұл — жемқорлықтың азаюына апаратын жол. Себебі құжатын алу үшін тікелей қарым-қатынас болмайды. Елбасы биылғы Жолдауында электронды қызметті 2019 жылы — 80 пайыз, 2020 жылы 90 пайызға дейін жеткізу керектігі туралы тапсырма берді. Сондықтан қазір біз бұл қызметтің сапасын көріп, тексеріп жатырмыз. Жалпы бүгінгі күні агенттік араласпай жатқан сала жоқ. Әлеуметтік нысандардың барлығын аралап жатырмыз, оларда халыққа қандай қызмет көрсетеді, халыққа не жетпей жатыр, не жеткізілмей жатыр, соның бәрін қарап, көріп, осы мәселелерді  алдағы уақытта республикалық деңгейде талқылайтын боламыз.

Бұл жолғы келген сапарымызда біз жұмысты Ақтөбе қаласынан бастап, Әйтеке би, Хромтау, Мәртөк аудандарында болып, халықпен кездесіп, тілдестік. Тіпті, Жайсаң бекетіне дейін бардық. Себебі агенттікке шекара аумағында жүк көліктерінің өтуінде қауіп, жемқорлық тәуекелдері бар екендігі, соның салдарынан бірқатар кәсіпкерлер кәсібін дөңгелете алмай отырғандығы туралы ақпарат түсті. Мониторингтік топ ол жерді қарап, тексерді. Нәтижесінде шикіліктің барын анықтадық. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша біздің бір тобымыз жұмыс жасап жатыр. Бұл мәселе бойынша біз алдағы уақытта басшылыққа ұсыныспен кіретін боламыз. Себебі біз кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Осы мақсатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Protecting Business and Investments» жобасын қолға алып, жобалық кеңсе ашты. Біз бүкіл қазақстандық кәсіпкерлерге: «Егер мемлекеттік қызметші немесе мемлекеттік орган құжатыңа қол қоймай, сандалтып қоятын болса, болмаса біреулер қысым көрсететін болса, бізге келіңдер. Біз сіздерді толықтай қолдаймыз», — деп айттық. Бүгінгі күні біз шетелдік инвесторларға да қолдау көрсетіп жатырмыз. Атап айтсақ, қазіргі таңда агенттік Қазақстанда жобасының жалпы мөлшері 6 триллион теңге болатын 182 инвестжобаға сүйемелдеу жасап отыр.

Ал электрондық қызметке байланысты нақты сандарға тоқталсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының 193 мемлекетке жүргізген сараптамасында Қазақстан электрондық қызмет көрсету саласы бойынша 39-орында тұр. Ал Орта Азия елдері бойынша 8-орында тұрмыз. Біз электронды қызмет көрсетуге өте қарқынды және ертерек ұмтылдық. Міне, соның нәтижесін көріп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, қай нәрседе де тез жүгірген емес, ертерек жүгірген ұтады.

— Енді еліміздегі жемқорлық деректеріне тоқталып өтсеңіз. Өткен жылдарға қарағанда биыл сыбайлас жемқорлық азайды ма?

— Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 1577 жемқорлық дерегі тіркелген. Оның ішінде, өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық деректері бойынша құрылыс саласы «көш бастап тұр». Одан кейін екінші орында — білім саласы, үшінші орында — жер қатынастары саласы , төртінші орында — ауыл шаруашылығы саласы. Биыл осы салалар бойынша мемлекеттің қазынасына 13 миллиард теңге қайтарылды. Оның ішінде айта кету керек, бұл — анықталған қаржының 90 пайызы. Қазір елімізде зерттеулер, тергеулер жүргізіліп жатқан істер көп. Дегенмен жемқорлық деректері 2016 жылдан бері тұрақты түрде азайып келеді. 2016 жыл мен 2017 жылды салыстырып қарасақ, жемқорлық деректері 18,8 пайызға азайған. Биыл да салыстырмалы түрде алып қарасақ, өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық деректері сонша пайызға азайып отыр.

  • Биыл Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар бастамаларды қолға алып жатыр екен. Соларға тоқталып өтсеңіз.

— Биылғы жылы агенттік «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасы аясында басқаларға үлгі ретінде жаңа бастаманы қолға алдық. Атап айтсақ, қазіргі таңда әр апта сайын Астанада министрлік қызметкерлерінің қатысуымен қоғам, мәдениет, әдебиет, саясат қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырып жатырмыз. Сол кісілердің айтуымен мемлекеттік қызметші қандай болуы керек, олардың қызметтегі адалдығы жайында түсіндіріп, сондай-ақ қызметшілердің қағазбастылықтан бір уақыт босап, рухани байлық алсын деген мақсатта кештер, кездесулер өткізіп жатқан жайымыз бар. Көргеніміздей, бұл бастама мемлекеттік қызметшілерге өте қатты ұнап жатыр. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлеріне тапсырма берілді. Әрбір облыста осында шаралар өз жалғасын табатын болады. Сондай-ақ биыл желтоқсан айына дейін Астана қаласында агенттіктің бастамасымен сыбайлас жемқорлық тақырыбына арналған елімізде тұңғыш рет республикалық айтыс өтеді. Аталған айтысқа еліміздегі азулы ақындар шақырылады. Онда ақындар параны алған адам ғана емес, берген адам да жазаланатынын халыққа айтыс арқылы жеткізетін болады.

— Қазір агенттік пен бірқатар министрліктерде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс компьютерлері сағат 18.30-да автоматты түрде ажыратылатыны рас па?

  • Иә, рас. Жалпы мемлекеттік қызметте басшылар жұмыс уақыты біткен соң қызметшілерді ұстауға ешбір қақысы жоқ. Себебі қызметшілердің отбасы, жеке өмірі, жоспарлары бар. Сондықтан жұмыс уақыты аяқталған соң қызметшілерді ешкім ұстауға тиісті емес. Біз осы мақсатта өңірлерге барған сапарымызда рейдтер де жүргізіп жатырмыз. Қай мекемеде мемлекеттік қызметшілер 18.30-дан кейін жұмыс жасайды, сол мекеменің басшысынан біз жауап талап етеміз. Себебі қызметшілерге қосымша жұмыс жасағаны үшін ешкім жалақы төлеп жатқан жоқ. Демек жұмыстарын дұрыс жоспарлай алатын адам 18.30-ға дейін де барлық жұмысын тындыра алады. Осы мақсатта біздің агенттіктің қызметкерлері үнемі министрліктерді қарап, тексереді. Қазіргі таңда біздің агенттікте және бірқатар министрліктерде жұмыс компьютерлері автоматты түрде сөнеді. Осы тәжірибе алдағы уақытта барлық өңірлерде жүзеге асырылады. Бұл туралы біз өз ұсыныстарымызды барлық мемлекеттік мекемелерге айтып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл талап барлық органдарға міндеттелетін болады.

— Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өңірлерде қандай жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр?

  • Ел арасында көпшілік жемқорлыққа қарсы заңды күшейту керектігін алға тартады. Бүгінгі күні әлемде жемқорларды атып, асып жатқан мемлекеттер бар. Бірақ біз сөзге тоқтаған, тәрбиеге мән беретін халықпыз. Сондықтан бұл мәселеде жемқорлықтың алдын алу үшін агенттік барлық облыстарда жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр.

Мәселен, осы келген жұмыс сапарымда Ақтөбе қаласында өткен «Адал ұрпақ» атты оқушылар слетіне қатыстым. Бұған дейін біз жемқорлықтың алдын алу мақсатында барлық өңірлердегі мектептерде «Адал ұрпақ» еріктілер клубын ашқан болатынбыз. Кейде сол мектептерге соғып, олардың атқарып жатқан жұмыстарын көремін. Сондай сәттерде кейбір мектептегі клубтардың тек ән мен биден аса алмай жатқанын аңғарамын. Тіпті сол клубтың мүшелері «адал ұрпақ» деген сөздің мағынасын білмейді. Бұдан келіп біздің елімізде әлі де болса ресмиліктің, формальдылықтың барын көреміз. Қазір біз облыстық басқарма, бөлім басшыларына мектептерді алдағы уақытта ескертпей тексеретінімізді айтып, алдын ала хабарлап жатырмыз. Біз «Адал ұрпақ» клубын жемқорлыққа қарсы тәрбие сағаттарын өткізу үшін, оған айтары бар азаматтарды шақырып, балаларға «Ұрлық түбі — қорлық» екенін, жемқорлық жақсылыққа апармайтындығын, адам өз өмірінде адал, қанағатшыл болу керектігін айту үшін аштық. Қазір көпшіліктің арасында «Бесіктен белі шықпаған балаға жемқорлық туралы айтатыны несі?» — дейтіндер аз емес. Бұл дұрыс емес. Себебі бүгінгі күннен бастап парталасының қаламын қалтасына салған бала, ертең қазынаның қаржысына да қымсынбай қол салады. Сол үшін бұл бағыттағы жұмыстарды мектептен бастап жүргізу керек және жүргізген дұрыс. Сол секілді қазынадан бөлінген қаржыны да бақылауымыз керек. Бізде «аз», «көп» деген ұғым жоқ, біз үшін түйе ұрлаған да, түйме ұрлаған да ұры. Қазақта «Бәйге алмаған тұлпардан белі жуан бесті артық, парадан жиған түйеден адалдан жиған ешкі артық» деген сөз бар. Сондықтан біз ата-бабамыздан қалған осы тәрбиені болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бүгіннен бастап, ең алдымен, білім беру мекемелерінде тәрбие жұмыстарын күшейтуіміз керек.

Сөз соңында, оқырмандарға айтарым, біздің агенттік ашық түрде жұмыс жасайды. Сондықтан кез келген ортада, қоғамда осындай жағымсыз дүниелерді көріп жатсаңыздар, бізге хабарласуларыңызды сұраймыз. Сыбайлас жемқорлық мәселесі «менің шаруам емес» —  деп сырттан сынап қарап, тасада отырып, тас ататын дүние емес, бұл — бәрімізге ортақ мәселе. Егер ұрпағымыз жемқорлықсыз қоғамда өмір сүрсін десек, бұған бәріміздің араласуымыз керек.

         Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*