Басты бет » Басты жаңалықтар » «Цифрлық Қазақстан»: үйден шықпай қандай қызметтерді пайдалануға болады?

«Цифрлық Қазақстан»: үйден шықпай қандай қызметтерді пайдалануға болады?

«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл — маңызды кешенді міндет.

Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сала дарытты».

 Елбасының Жолдауы жолдарынан.

Жаһандану заманының бір әсері болар, қазіргі таңда бірқатар жұмысты үйден шықпай-ақ, ғаламтор арқылы бітіруге болады. Мәселен, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар адам Қазақстанның электрондық үкіметі (www.egov.kz сайтын айтамыз) арқылы компьютерінің алдында отырып түрлі анықтамаларды алып, ұл-қызын балабақша кезегіне қойып, дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Мұндай қызметтің жалпы саны — 454. Бұл — Елбасының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асырылатын жұмыс. 

Осы орайда біз сала мамандарымен сұхбаттасып, аталған бағдарламаның игіліктері мен электрондық қызмет туралы білген едік.  

Электрондық үкіметті қалай пайдалану керек?

Өткен жылдан бері Үкіметтік деңгейде қолдау тапқан «Цифрлық Қазақстан»  бағдарламасын іске асыру үшін құзырлы органдарға электрондық үкіметті дамыту,

халықты базалық цифрлық дағдыларға оқыту курстарын өткізу, кадрларды қайта даярлау сияқты тапсырмалар берілді. Әу баста электрондық үкімет жобасы мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын, т.б. алуды жеңілдетуге һәм жылдамдату үшін қолға алынғанын ескерсек, «Цифрлық Қазақстан» бұнымен үндес екенін байқауға болады.

— «Электрондық үкімет» порталын насихаттау мақсатында біздің корпорация өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында оқыту, сондай-ақ  мобильдік топты ұйымдарға жіберу арқылы компьютерлік сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл сол мақсатта 500 мың тұрғынның компьютерлік сауаттылығын арттыру жоспарланған.

Бүгінге дейін мобильді тобымыз 20 мыңнан астам адамды қамтып, оларға электрондық үкіметті қалай пайдалану керектігі жөнінде түсінік берді. Яғни оларға ғаламтор арқылы кез келген уақытта анықтама алуға, балабақша кезегін көруге, мекенжай анықтамасын ұялы телефонға алдыртуға болатынын айтамыз, — дейді  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалының қызметкері Әсел Сағынғалиқызы.

Оның сөзінше, қазіргі таңда өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының 17 бөлімінде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы жұмыс істейді. Биылдыққа сондағы келушілерге 614 мың кеңес беріліпті, оның 319 мыңы қалалықтардың үлесінде екен.

Сала маманы өз сөзінде электрондық үкіметтің «тілін» білмейтіндер халыққа қызмет көрсету орталықтарына жолығуына, болмаса www.egov.kz сайтындағы нұсқаулықтар арқылы оның жай-жапсарымен танысуға болатынын атап өтті.

Смартфонмен де көп шаруаны бітіруге болады!

Мобильдік үкімет —  халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша ашылған қосымша тетіктердің бірі. Бұл мемлекеттік қызметтерді смартфондар, планшеттер арқылы алуға болады деген сөз. Ол үшін «Мобильдік үкіметке» тіркеліп, қызметті қолданушының телефонына түсетін бір реттік құпиясөзді пайдалану арқылы бәрін іске асыруға болады. Яғни енді 44 қызмет алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның қажеті шамалы, тек телефоныңыз арқылы ғаламторды пайдалана алсаңыз жеткілікті.

— Осы жылдың қаңтар айынан бастап «Paperfree» сервисі — СМС түрінде келісім алу арқылы үшінші тұлғалардың электрондық қызметтерді алу сервисі іске асырылды. Келісім болған жағдайда анықтама тиісті құжатты сұраған адамның «Жеке кабинетіне» түседі. Бұл қызмет жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да жұмыс істейді.

Сонымен қатар, биыл бала тууды тіркеу, баланы мектепке дейінгі мекемелерге қою, сондай-ақ бала тууға және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау бойынша пилоттық жоба жарыққа шықты. Бұл сервистің жұмыс істеу принципі қарапайым өтінішке балама ретінде электрондық үкімет порталының серверіне СМС хабарламалар жіберу арқылы жүзеге асырылады. Қысқасы, нәрестені тұрғылықты жері бойынша СМС арқылы тіркеуге болады. Нәтижесінде балалы болған ата-аналар «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офистеріне бармай-ақ, телефон көмегімен туу туралы куәлік пен тиесілі жәрдемақыларды рәсімдеу, балабақшаға кезекке қою сияқты мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие болды. Енді осы проактивті принциппен көрсетілетін қызметтер қатарына сәбиді тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеу қызметі де енгізілді. Бұл үшін алдымен мобильді азаматтар базасына тіркелу, яғни азаматтың жеке сәйкестендіру нөміріне телефон нөмірін байланыстырып қою қажет. Бұны электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте немесе кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында жасауға болады, — дейді жоғарыда аталған корпорацияның өңірдегі өкілі Әсел Сағынғалиқызы.

Жүргізуші куәлігі — онлайн тәртіпте

Тағы бір жаңашылдық — жүргізуші куәлігін ғаламтор арқылы ауыстыруға болады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңбасы бар интернет қолданушы еgov.kz порталынан тіркеуден өтіп, артынша электрондық өтінішті толтыруы тиіс. Өтінішпен қоса фотосурет пен қойған қолының сканерленген нұсқасын жолдап, сондай-ақ, мемлекеттік баж салығын төлеу керек.

Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы — 3007 теңге.

Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен  толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек.

Дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына немесе жол полициясының бөлімшесіне бару керек. Ескере кетерлігі, адамның өзімен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чегі, ауыстыратын жүргізуші куәлігі, жеке басын куәландыратын құжат, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтама болу қажет.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Үкіметтің 2017 жылдың 12 желтоқсанындағы №827 қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

Бағдарламаның басты мақсаты — цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыру. 

Жыл басынан 50 мың адам цифрлық қолтаңбаны алған

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе қалалық халыққа қызмет көрсету бойынша №3 бөлімінің басшысы Еркінбай Жүсіпұлы жыл өткен сайын электрондық цифрлық қолтаңбаға сұраныстың артып келе жатқанын баян етті. Оның айтуынша, өзі жұмыс істейтін шаһардағы Алматы ауданына қарасты бөлімшеден жыл басынан бері 50 мыңға жуық адам цифрлық қолтаңбаны алған.

— Алматы ауданында 220 мыңға жуық халық бар екенін қаперге алсақ, биылдыққа осындағы 30-40 пайыз тұрғын электрондық цифрлық қолтаңбаны иемденді. Яғни мемлекеттік қызметті үйінде немесе жұмыста отырып пайдаланатындар қазірдің өзінде аз емес. Әрі соңғы уақытта электрондық цифрлық қолтаңбаның үш жылға берілетінін назарға алсақ, электрондық қызметке жүгінетіндер біршама екенін аңғаруға болады. «Цифрлық Қазақстанның» басты мақсаты да сол.

Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша 700-ден аса қызмет көрсету көзделген. Ал мемлекеттік корпорация арқылы соның 598-і көрсетіледі. Электрондық форматта берілетін қызметтің саны – 454. Осының бәрі қазақстандықтарды қағазбастылықтан арылту үшін жасалып отыр, — дейді ол.

Айта кетейік, электрондық цифрлық қолтаңбаның қызметін жеке куәлік алған кез келген Қазақстан азаматы қолдана алады.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*