Басты бет » Басты жаңалықтар » Еріктілер қызметі — ерекше қайырымдылық

Еріктілер қызметі — ерекше қайырымдылық

Жер бетiнде жыл өткен сайын адам саны көбейгенімен, адамгершiлiк кеміп барады… Ең бірінші кезекте мейірімге мұқтаж уақытта үлкен-кішінің бір-біріне ізет көрсетіп, сәлемдесуінің өзін игі іске балайтындар аз емес. Өйткені қазіргі таңда адами сезімдердің арзандағанын, пейілі тар жандардың артқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл — нарық заманының көлеңкелі тұстарының бірі…

Осы тұста «Ақтөбе» газеті үлкен жүректі адамдар — еріктілер туралы аз жазып жүрген жоқ. Өткен жылы сауап жинайтын ересектер, соның ішінде «Д.А.Р.» еріктілер клубының белсенділерімен сөйлессек, енді өңірдегі жоғары оқу орындарының жанынан құрылған қайырымдылық ұйымдарына кеңінен тоқталмақпыз. Әуелі олардың саны мен сапасын білу үшін сала маманын әңгімеге тартқан едік…

Мыңнан астам жас бар

Ұлттық волонтерлік желінің мәліметінше, Ақтөбенің өзінде игі іс жасауға ұмтылған 20-дан астам ұйым бар. «Д.А.Р.» еріктілер клубынан бөлек, қайырымдылыққа ден қойған Қызыл Ай қоғамының облыстық филиалының жанынан құрылған еріктілер тобы, «Жүректен — жүрекке» және «Мейірім» клубтарының мақсаты бір — қиналғандарға демеу болу. Білгеніміздей, ондағылардың басым бөлігін жасы 29-ға толмаған қыз-жігіттер құрайды екен.

— Соңғы дерекке сай, Ақтөбеде 21 еріктілер клубы бар. Мұндай топтар мыңнан астам белсенді жастың басын біріктіріп отыр. Бұл волонтерлік ұйымдардың негізгі бағыты — қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, түрлі әлеуметтік жобаларға  атсалысу. Еріктілер ұйымдары негізінен аудандарда көп.

Қазіргі таңда облыстық жастар саясаты басқармасының бастамасымен өңірлік волонтерлік ұйымдардың қауымдастығын құру мәселесі қолға алынды. Жуырда Алматы қаласында ТМД елдерінің белсенді жастарының форумы аясында ақтөбелік  делегация «Ұлттық волонтерлік жүйе» қоғамдық ұйымдар ассоциациясының төрайымы Татьяна Миронюкпен кездесіп, алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасау жөнінде келісімге келді. Іле-шала аталмыш ұйым тарапынан II республикалық еріктілер форумын Ақтөбеде өткізу туралы ұсыныс келіп түсті. Біздің жоспарымыз бойынша 5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күнінде Ақтөбеде үлкен жиын өтпек. Бірақ ол республикалық, болмаса облыстық деңгейде өте ме, ол жағы әзірге белгісіз. Бүгінде келіссөз жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Бекниязова.

Оның айтуынша, еріктілердің басқосуы жер-жерде жыл сайын өтіп тұрады. Соның бір көрінісі — біздің облыстан 4 жас қатысуға мүмкіндік алған, қазан айында Алматыда ұйымдастырылған еріктілердің республикалық слеті. Жас ақтөбеліктер сондағы замандастарымен кездесіп, өзара еріктілер қызметінің мәселелерін талқыға салып қайтыпты. Енді көрген-білгенімен бөлісіп, содан қорытынды шығару — басты мұрат.

«Жастар ресурстық орталығы өткізетін түрлі жобалар да көбіне-көп еріктілердің қолдауымен жүзеге асады. Бізде ақысыз негізде жұмыс істеп, кез келген шараға қолұшын созатын 23 адам бар. Олар көбінесе сол ұйымдастырушылық жұмыстарға тартылады», — деп атап өтті әңгімелесушіміз.

«Ақтөбенің» анықтамасы

«Ерікті», яки «волонтёр» сөзінің өзі бізге латын тілінен енген. Қазақ тіліне тәржімалағанда, мағынасы «өзі тіленіп жұмыс істеуші» дегенге саяды.

«Үмітің үзілмесін», «Шын жүректен» және «Мейірім»… 

Өңірдегі жоғары оқу орындарында да еріктілер клубы жұмыс істейді. Негізінен, жалғызбасты қариялардың ауласын күл-қоқыстан тазартып, мәдени-сауықтық кештерді ұйымдастыратын олар «жастарға ізеттілік жарасатынын» жақсы біледі. Мәселен, 19 жастағы Мейрамбек Жолдыбаев төрағалық ететін «Үмітің үзілмесін» еріктілер клубында жоғарыда айтылған мақсатқа берік 150 студент бар.

— Біздің клуб Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанынан 2015 жылы құрылған. Осы аралықта көбінесе қарттар үйі мен балалар үйіне барып, сондағылардың көңілін аулауға, сәл де болса көмегімізді тигізуге тырысамыз.

Сондай-ақ, құзырлы орган өкілдерінен жалғызбасты қариялардың тізімін алып, солардың үйінің ауласын тазалап береміз. Азық-түлікпен де көмектесеміз.

Өз арамыздағы тұрмысы төмен қатарластарымызды да ұмытпай, өткен жылы арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырып, билеттен түскен қаражатты 12 адамға бөліп бердік. Қаржылай қолдауымыз 30-50 мың теңгенің аралығында болды. Менің ойымша, бұл да біле білгенге үлкен демеу, — дейді ол.

Ал Қазақ-орыс халықаралық университеті жанынан құрылған «Шын жүректен» еріктілер клубының төрағасы Азамат Алламбаевтың айтуынша, олар түрлі мерекелік шаралар, жәрмеңкелер, кино кешін өткізіп, одан түскен ақшаны қайырымдылыққа жұмсауды әдетке айналдырған. Белсенді жастар, жәрдем көрсетерде, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі, жұмыс істеуге жарамсыз жандарға ерекше маңыз береді екен. «Қайырымдылық тобымыз жүзге жуық жастың басын құрайды. Біз өз үзеңгілестерімізге қымбат киімдеріміз бен телефонымызбен емес, игі істерімізбен үлгі болғымыз келеді. Уақыт өте жұртшылықтың жақсылық жасау арқылы жарысқа түскенін қалаймыз. Және соның түбінде алға озатынына сеніміміз зор», — дейді атына заты сай Азамат.

Болашақ дәрігерлер даярлайтын жоғары оқу орнында да «Мейірім» деген клуб бар. Атауының өзі жылы естілетін топтың мақсат-міндеттері, алдыңғы екеуіне қарағанда, өзгеше.

— Біздің клуб Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде 2011 жылы құрылған. Құрамында жүзден астам студент тіркелген. Біз негізінен медициналық тұрғыда көмектесуге мүдделіміз.

«Мейірімнің» жұмыс жоспары бір жыл бұрын бекітіліп қояды. Мысалы, Донор күні, диабетке шалдыққандар күні, дәрумендер күні, басқа да белгіленген атаулы күндеріміз бар. Сол күндері біз кезіккен адамдарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қолында темекісін байқасақ, оның орнына жеміс-жидек ұстатамыз. Қан қысымын өлшейміз. Сөйтіп, салауатты өмір салтын насихаттаймыз.

Ең бастысы, біз үшін сабақтың бірінші орында тұратынын, қайырымдылық, басқа да сүйікті ісіміз одан кейін екенін ешқашан ұмытпаймыз. Өйткені негізгі міндетіміз — ата-анамыздың үмітін ақтап, жақсы оқу, — деп ағынан жарылды «Мейірім» еріктілер клубының мүшесі Алмат Исмағұлов.

Сауап һәм V

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күні деп белгіленгені белгілі. Ол 1985 жылдан бері атап өтіледі. Ресми деректерге сәйкес, БҰҰ жыл сайын 8 мыңға жуық кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды әлемнің дамушы 140 мемлекетіне жіберіп отырады. Әлемде еріктілердің 60-70 пайызы — дамушы елдердің, 33 пайызы дамыған елдердің азаматтары. Бүгінде Қазақстанның еріктілері өзге елдерге барып жатса, шетелден де Қазақстанға келушілер біршама.

Елімізде еріктілер өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары, үкіметтік емес ұйымдар еңсесін енді тіктеп келе жатқан уақытта пайда бола бастады. Сол уақыттан бері олардың қызмет көрсету ауқымы да айтарлықтай өзгерді: әлеуметтік-экономикалық қана емес, экологиялық бағытта да жәрдемдесетіндер кездеседі. Сондай-ақ, соңғы 10-15 жылда маңызды мемлекеттік іс-шараларды да еріктілерсіз елестету қиынға соғатындай. Дүниежүзілік деңгейдегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті, Ислам конференциясы, VII қысқы Азия ойындары, «ЭКСПО-2017» көрмесі, т.б. айтулы шараларға аталған топтағылар белсенді атсалысты. Олардың арасында өзіміздің ақтөбеліктер де баршылық… Осыдан барып еріктілердің сан алуан бағытта көмек көрсететінін байқауға болатындай.

 P.S. Қолы қысқа демейтін, қолтығынан демейтін адамдар арамызда аз емес. Солардың арасында қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға дәйім қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны ерек. Өкінішке қарай, осы топтағы азаматтардың басын қосып, мүддесін қорғайтын тарап облыста әзірге жоқ. «Жақсылық жасап жарысайық» дейтін оларға да көңіл бөлетін кез жетті…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*