Басты бет » Мәдениет » Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН: «Екі езу» елге қызмет етеді

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН: «Екі езу» елге қызмет етеді

Бұл күндері республика көлеміне танымал «Екі езу» сатира театрының құрылғанына 20 жыл. Бұл шығармашылық ұжым облыс орталығында жұмыс істеп жатқанына қарамастан, Астана, Алматы театрларымен иық тіресе сахнадан көрініп, көпшіліктің көзайымына айналғалы қашан?!

Біз «Шабыт» жастар фестивалінің «Гран При» иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Екі езу» сатира театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқанмен осы мерейлі мереке қарсаңында сұхбаттасқанбыз.

— Қандай да жаңа іс бастағанда адамның алдында белгілі бір мақсаты болады. «Екі езудің» дүниеге келу қадамына тоқталсаңыз.

— Мен ол кезде облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет істеп жүргенмін. Ісапарға шығасың, күн сайын қаншама адаммен кездесесің, оның үстіне ойы жүйрік, қиялы ғажайып журналист ағалармен бірге жүріп, олардың әңгімесін тыңдайсың. Негізінде мен өнер адамымын ғой. Сондықтан болар, қаламгер ағалар ортасында жүріп, басыма тың идеялар келе бастады. Содан «Екі езу» тобын құруды ойластыра бастадым.

«Екі езу» сатира труппасын құрғанда екі мақсатта ойландым. Бірінші «Екі езуге» сатира керек, екінші ән керек. Екеуін бірдей қолға алдық.

Бастапқыда эстрадалық миниатюра театры аталған «Екі езу» 1998 жылы 22 наурызда облыстық «Ақтөбе» газетінің жанынан күлкі клубы ретінде құрылды. Театр құрамына қаладағы талантты жастар тартылды. Театр репертуарында негізінен өзімнің жазған әзіл-сықақ қойылымдарым орындалды.

Ұжымның бастапқы мүшелері қатарында «Тамашаның» тарланы Бақыт Айтова, Нұрдәулет Ақжігітов, Берік Нұрмағанбетов, Талғат Тілеулесов, Гүлсім Қаратаева болды. Жас ұжымның негізгі мақсаты қазақтың әзіл-қалжыңын халыққа кеңінен насихаттау және ауылдық жерлерге мәдени қызмет көрсету еді.

«Екі езудің» Ақтөбе облысының мәдени өміріне елеулі еңбек сіңіріп, халыққа, республика көлеміне кеңінен таныла бастағаны ескеріліп, 2001 жылы 2 сәуірде облыс басшылығының шешімімен театр мемлекеттің құзырына өтті.

Театр Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Тараз, Талдықорған, Алматы, Астана қалаларында гастрольдік сапарларда болып қайтты. Үш рет Астанада Елбасымыз қатысқан мемлекеттік-мерекелік концерттерге қатысты.

Алматы қаласындағы «Гүлдер» ансамбліне және «Тамаша», «Күлкі керуені», «Көпен келе жатыр», «Құдайберген – театр» атты әзіл-сықақ театрларына шақыру алды.

«Екі езу» театры 2001 жылы тұңғыш рет республикалық көлемде Алматы қаласында ұйымдастырылған әзіл-сықақ сайысында жүлделі орынды иеленсе, сол жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. 2012-2014 жылдары «Хабар» арнасы ұйымдастырған «Ду-Думан» телевизиялық шоуға қатысты. 2013 жылы Ұлттық арнаның ұйымдастыруымен өткен «Жұлдызды сәт» сайысында жеңіске жетті.

Театрдың директоры, әрі авторы ретінде маған 2003 жылдың «Жыл адамы» атағы берілді.

Театрдың қазіргі шығармашылық мүшелері қатарында Құралбек Құрманғалиев, Берік Нұрмағанбетов, Бекбол Тәтебаев, Гүлзат Ермағанбетова, Таңшолпан Зейнуллина, Мейрамбек Бекмырза, Әмірхан Қоңыратбаев, Арай Лұқпанова бар.

— Сіз өнер адамы ретінде көптеген көңілді жобаларды өмірге әкелдіңіз. Ақтөбе жұртшылығы солардың қай-қайсысын да жоғары бағалады. Енді сол атқарылған істеріңізге тоқтала кетсеңіз.

— 1996 жылы «Қожанасыр шоу» жобасын сахнаға шығардық. Бұл Ақтөбеге келгендегі ең алғашқы жұмысым еді. Бұл бағдарламаға Шалқардан талантты Бауыржан Ордин інімді пойызбен әкеліп қатыстырып, қайтадан апарып тастайтын едім. Ол кезде Бауыржан мектепте оқиды. Өнерге берілгендігі сондай, шаршамайтын. Сол Бауыржан қазір Алматыда үлкен өнер ортасын бастап жүр.

«Екі езу» күлкі клубы — ғұмыры ұзақ жобамның бірі. Негізі барлық жобаларымды көктем айында бастаймын. Ырым ғой, дән секілді өсіп, халыққа өнім берсін деймін. Жобадан Кенжебек Шайқақов, Есет Сәдуақасов, Азамат Бекбергенов ұшып шықты. Бәрі Алматының үлкен сахналарында өнер көрсетеді. Бүгінде театрда ҚР Мәдениет саласының үздігі Берік Нұрмағамбетов, Бекбол Тәтебаев, Құралбек Құрманғалиев, Гүлзат Ермағамбетова секілді дарынды әртістер қызмет етеді.

1999-2000 жылдары «Екі езу» деп аталатын сатира газетін айына бір рет шығарып тұрдым. Таралымы 3000 данаға дейін жетті. Сол кезде мен облыстық «Ақтөбе» газетінде тілші болдым.

Қазір «Ақтөбе» газетінде кезінде сатирик ағамыз Әлімбай Ізбай негізін қалаған «Күлкі базары» сатиралық бетін дайындап жүрмін. Оған еліміздің белгілі сықақшы-жазушылардың шығармалары және өзім жазған туындылар жарияланып тұрады.

«Айтқыштар Ақтөбеде» республикалық әзіл-сықақ байқауының тұсауын 2002 жылы кесіп, екі жылда бір рет Ақтөбе қаласында үздіксіз өткізіліп келді. Соңғы рет 2014 жылы өтті. Бұл жобаның ең алғашқы жеңімпазы тағы да сол Бауыржан Ордин. Қазақ өнеріне зор үлес қосып жүрген «Өнер қырандары» театры осы байқауда бас жүлдені қанжығаларына байлады. Байқау талай талантты жастың тұсауын кесті. Қазақ қаламгерлері Сейіт Кенжеахметов, Көпен Әмірбек, Мұхтар Шерім, Қайнар Олжай, Төрежан Мәндібай ағаларымыз байқауға төрешілік етті.

2006 жылы жергілікті әнші-сазгерлердің мәртебесін көтеру мақсатында «Ән сарайы» жобасын қолға алдық. Бұл байқауда Шалқар ауданынан келген жас әнші Асхат Тарғынов қатысып, жүлделі орынға ие болды. Қазір Асхаттың да қазақ эстардасында өзіндік ойып алған орны бар.

2009 жылдың көктем айында «Қазақтың қалжың әндері-ай» атты жоба дүниеге келді. Ұмытылып бара жатқан қазақтың қалжың әндері жарыққа шықты. Көрші облыстар мен аудандардан келген өнерпаздар көрермендерді таңғалдырды. Бұл жобаға атақты әнші Сәкен Қалымов төрағалық етті.

«Екі езу» театры жанынан «Ақтөбетей» балаларға арналған қуыршақ отауын құрдық. Ең алғашқы ертегі қойылымдары «Тапқыр Тышқан» мен «Қайсар Қоян» әлі күнге репертуардан түскен емес. Қазір жаңа ертегі әзірлеп жатырмыз.

«Күлкі сыйлаңдар әйелге» жобасы әлі күнге дейін әйелдер мерекесінде қойылып келеді

«Балауса» жобасы жастар мен студентердің арасында республикалық деңгейде екі рет өткізілді.

«Құтты болсын!», «Біз білмейтін таланттар» жобалары соңғы уақытта дүниеге келді, жалғасын табады деген ойдамыз.

Осы жобалардың барлығы да біздің «Екі езу» театры аясында, соның ұжымының қолдауымен қанат қақты. Сондықтан да оларды «Екі езу» театрынан бөлектеп қарай алмаймыз.

— Сіздің сатиралық шығармаларыңызды көпшілік баспасөз бетінен жиі көреді. Кітаптарыңыз да бар. Алдағы жоспарыңыз қандай?

— Бұған дейін «Ауылдағы айтқыштар», «Қатираның құрт зауыты» атты кітаптарым жарық көрген. Таяу күнде оқырмандарымның қолына «Түйреуіш» атты жаңа жинағым тиіп қалар деп отырмын. Бұл кітабымның басты идеясы — қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды әшкерелеу, адамдардың бойындағы бойкүйездік, ынсапсыздық, тойымсыздық дерттерін аяусыз мінеу.

Осы кітаптағы интермедиялардың көпшілігі «Екі езу» сахнасында жұртшылық талғамына ұсынылады. Республиканың басқа да театрлары тарапынан менің туындыларыма сұраныстар түсіп тұрады.

— «Сатирик болған соң, елге езу тартқызуың керек, ой тастап, той бастап, тіпті болмағанда кемшіліктерді әшкерелейтін 220 ваттық қауқарың болуы керек.  Тісі тас сындыра алмайтын, әзілді әрең көтеріп, күлкінің көлеңкесінде жүретін сатириктер де бар екені жасырын емес. Біз әңгіме еткелі отырған жігіт ағасы — сатирик Нұрлыбек Жұбатқан ініміз ондайлардың қатарында қалғып тұрған жоқ, «сатирашылар, сапқа тұр!» деген дауысты ести сала, қарғып тұратын, қабілеті қар ерітетін сатирик.

Нұрлыбек Жұбатқан сатира сарбазы, сатираның иісін алыстан сезетін, шығармалары жылы жымитатын, ұйымдастырушылық қабілеті зор әзілкеш».

Бұл — Шона Смаханұлы атындағы республикалық әдеби байқаудың бас жүлдегері, белгілі сатирик Мұхтар Шерімнің бағасы.

Жалпы сатириктермен, өнер адамдарымен қарым-қатынасыңыз қалай?

— Біздің «Екі езу» сатиралық театры тұйық өмір кешіп келе жатқан жоқ. Жалпы республика көлеміндегі түрлі конкурстарға қатысамыз, белгілі сатириктермен байланысып отырамыз. Сондай ретпен Мұхтар Шеріммен арамызда жылы ынтымақтастық орнағалы көп жыл болды. Белгілі сықақшының интермедияларын да сахналап жүрміз. Ол өз алдына, сатирик ағамызды Ақтөбеге шақырып, оның арнайы шығармашылық кешін де өткіздік.

Танымал сықақшы Көпен Әмірбек те біздің «Екі езуді» жақсы көріп, қолдап отыратын ағаларымыздың бірі. Ақтөбедегі біздің кезекті қойылымымызға арнайы келіп, өзінің әзіл-сықақтарын оқып, көпшіліктің құрметіне бөленгені жерлестеріміздің жадында шығар.

Осындай байланыстардың бәрі біздің шығармашылық күшімізді еселейді, жігерлендіреді, ілгері ұмтылдырады.

— Жалпы сізді көпшілік жақсы біледі деп ойлаймыз. Дегенмен, оқырмандарымыз үшін өз өмірбаяныңызды айтып берсеңіз…

— Мен 1968 жылы Шалқар ауданы, Жылтыр селосында өмірге келгенмін. Сол ауылда орта мектепті бітірдім. 1987-89 жылдары әскери борышымді өтедім. Ал 1990-1995 жылдары Шымкент қаласындағы мәдениет институтында оқыдым.

Жоғары оқу орнын бітіргелі осы өңірде мәдениет саласында қызмет етіп келемін. Кейінгі жылдары Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры болып қызмет атқардым. Негізгі жұмысым осы «Екі езу» театры төңірегінде өрбіп келе жатыр.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*