Басты бет » Әлеумет » Тұрғындар мүддесі — басты назарда

Тұрғындар мүддесі — басты назарда

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша ақпараттық  топ аудандарды аралап жүр. Осы аптада Мұғалжар, Темір аудандарының тұрғындарымен кездесулер өтті.

Жоба бағыттары бойынша топқа бөлінген мамандар бизнес, құқық, дін, әлеуметтік сала бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың проблемасын шешуге ықпал етуде. Мәселен, жобаның бірінші бағытының бірінші тобындағы мамандардың негізгі мақсаты —  жұртшылықты жат ағымдардан сақтандыру. Темір ауданын аралап жүрген ақпараттық топтың  мүшесі, облыстық дін істері басқармасының бас маманы  Нұрпейіс Сәрсенбаев, имамдар мен теологтар көпшілікке  дәстүрлі ислам мен жат ағымдар арасындағы айырмашылықтарды кеңінен түсіндіріп жатқанын айтты.

— Ақтөбе қаласындағы білім ордалары мен мекемелерге, түзету мекемелеріне барып, кездесулер өткіздік. Мұғалжар ауданының Қандыағаш, Ембі қалалары мен Құмжарған селолық округінің ауылдарын араладық. Темір ауданы бойынша Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл, Қопа ауылдарына бардық. Тұрғындарға дәстүрлі ислам мен жат ағымдар жөнінде,  отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі секілді тақырыптар төңірегінде әңгімелер айтылды.  Өз кезегінде ауыл адамдары сұрақтарын қойды. Көпшілігін  «орамал мәселесі» алаңдатады екен. Мамандар бұл туралы жан-жақты түсіндіріп берді, — деді Нұрпейіс Сәрсенбаев.

Ақпараттық топтың құрамындағы дін бағытынан бөлек, бизнес, құқық, әлеуметтік сала қызметкерлері де халыққа кеңес берді. Мәселен, жоба басталған бес күннің ішінде  құқық қорғау бағыты бойынша  95 шара өтіп, 8185 адам шараға қатысқан.  Сондай-ақ 6800-ден астам ақпараттық парақша үлестіріліп, әлеуметтік сауалнама жүргізілген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*