Басты бет » Жаңалықтар » 500 мың теңге бастапқы жарнаңыз болса, пәтер ала аласыз

500 мың теңге бастапқы жарнаңыз болса, пәтер ала аласыз

Анық-қанық

Қараша айының 6-9 аралығында кезекте тұрған азаматтардан несиеге арзан пайызбен баспана алуға өтініштер қабылданады.

Бұл туралы тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова хабарлады. Оның айтуынша, кезекте тұрған азаматтарға бұл жолы бір бөлмелі пәтерлер ұсынылады. Ол үшін қалтаңызда кем дегенде 500 мың теңгедей қаражатыңыз болса, жеткілікті.

—  Тұрғын үй «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан. Барлығы 500 пәтер бар. Әр пәтердің ауданы  32 және 54 шаршы метр аралығында. Іші таза әрленген, қоныстануға әзір. Пәтерлердің бір шаршы метрінің құны 100 000-120 000 теңге аралағында, — дейді Ж.Дүйсекенова.

Бір жақсысы — енді сізде үй құнының 20 пайызы емес, 10 пайызы болса, жеткілікті. Қалған 20 пайызын мемлекет сізге еш пайызсыз қарызға бере тұрады, оны бес жыл ішінде төлеп құтыласыз.

— Мысалы, ауданы 45 шаршы метр болатын пәтер құны 4 950 000 теңге болса, оны сатып алушыға мемлекеттік бюджеттен 495 мың теңге бөлінетін болады. Қарыз алушы бұл ақшаны 5 жыл ішінде ай сайын 8 250 теңгеден төлеп қайтарады. Ол үшін ешқандай пайыз төленбейді. Атап өтетін жайт, бұл несиелі баспана, сол себепті бағдарламаға тек жұмыс жасайтын тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтар қатыса алады, — дейді Ж.Дүйсекенова.

6-9 қараша аралығында кезекте тұрған азаматтар Халықтық кеңсеге барып, арыздарын бере алады. Ол үшін жеке куәлігі, меншік құқығына тиесілі үй-жайдың бар-жоқтығы туралы анықтама және соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары туралы құжаттары керек.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*