Басты бет » Жаңалықтар » Мақсат — отбасы татулығын сақтау

Мақсат — отбасы татулығын сақтау

Өңірдің қоғамдық шараларына белсене атсалысып, медиация рәсімін жүргізуде өз үлесін қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың бірі — Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер процесі орталығы. 2013 жылы құрылған ұйым осы жылдар аралығында түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді.

Орталық ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе «Отбасы академиясы» жобасы аясында жұмыс жасап жатыр.

— «Отбасы академиясы» жобасын біз өткен жылы қолға алған болатынбыз. 2016 жылдан бастап бақылағанымызда, қалада отбасылық жанжалдар кесірінен әрбір үшінші отбасы ажырасып жатты. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіштің  тіпті көбейіп кеткенін байқаған біз бейжай қарап отыра алмадық. Сол кезден бастап жаңадан отбасын көтерген жас жұбайлармен өз жұмысымызды бастадық. Кейін қала әкімінің қолдауымен қалалық АХАТ бөлімінен біздің мамандарға арнайы орындар алып, сол жерде түрлі кездесулер мен сөйлесулер ұйымдастырдық. Оның қаншалықты қоғамға пайдасы барын біз өткен жылдың соңында байқаған болатынбыз, — дейді орталық басшысы Әлия Куртаева.

Ал 2018 жылдан бастап қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе жұмысын бастаған «Отбасы академиясының» атқарған істері қыруар. Мәселен, қыркүйек айында Отбасы күніне орай Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында өткен «Отбасы — қоғамның негізі» тақырыбындағы форум кез келген жас отбасы үшін үлкен тәжірибе сабағы болды. 350-ден астам адамды қамтыған форумда отбасы құндылықтары тұрғысында театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, психолог-медиаторлармен жеке кездесулер ұйымдастырылды.

— Бұл жоба аясында жас отбасылардың бұзылуын азайтуға тырысамыз. Біздің басты мақсатымыз да осы. Тек қана ажырасу туралы шешімге келген отбасылармен ғана емес, жаңадан үй болған жас жұбайлармен де түрлі ақпараттық кездесулер ұйымдастырып, тәжірибелі психологтардың қатысуымен түрлі семинарлар ұйымдастырдық. Бұл біз атқарған шаралардың бір бөлігі ғана, — дейді орталық басшысы.

Айтуынша, сәуір айынан бері атқарған шаралардың нәтижесінде жастар арасындағы ажырасу 12 пайызға азайған. Бұның орталық мамандары үшін үлкен көрсеткіш екендігін айтқан Әлия Куртаева алдағы уақытта да аталған бағытта өз жұмыстарын жалғастыра беретіндігін айтты.

— Жаңа жылдан кейін жоспар бойынша қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе бастаған жобамыз аяқталады. Дегенмен, бұл, біздің орталық өз жұмысын тоқтатты деген сөз емес. Біз әрі қарай қоғам игілігі үшін өз жұмыстарымызды атқара беретін боламыз,  — дейді Әлия Куртаева.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*