Басты бет » Әлеумет » Қысқа қажеттерін қамдады

Қысқа қажеттерін қамдады

Жәрмеңке

Жергілікті табиғи өнімнің артықшылығын бүгінде әр тұтынушы біледі. Мүмкін болса, дүкенге жүгірмей, қажетті азық-түлігін базардан, оның ішінде жәрмеңке күндері сатып алуға ұмтылады. Өткен сенбі күні қалада өткен жәрмеңкеден де біз осыны байқадық. Оның үстіне, бұл жолы  жәрмеңке қаланың қақ ортасындағы «Әлия» сауда орталығының алдында ұйымдастырылған еді.

Қысқы азық-түлігін қамдап қалуды мақсат тұтқан қалалықтар жәрмеңкеге белгіленген уақыттан ерте ағылып келе бастады. Қапшықтап картоп, көкөніс , көбірек ет, сүт өнімдерін алу үшін олардың басым көпшілігі арнайы көліктерімен жетті. Тіпті отбасымен жүргендер де, егде жастағылар мен қариялар да кездесті. Сондағы олардың шаруасы — үлкен жәрмеңкеден өздері қалаған өнімдерін таңдап алу еді. Қалалықтардың осы үмітін ақтау үшін 40-тан астам жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындар өкілдері нарықтағы бағадан арзан өз өнімдерін жәрмеңкенің сөрелеріне жайды. Көп кешікпей-ақ жәрмеңкедегі сауда қыза түсті.

Қаланың Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов жәрмеңкенің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын атап көрсете келіп, қалалықтардың қалаған өнімдерін табуға мүмкіндіктері бар екенін айтты.

— Мұндай жәрмеңке екі жаққа да: тауар өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді. Тұтынушы экологиялық таза, сапалы, жергілікті арзан өнімдерге қол жеткізеді. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері делдалсыз сауда жасауға мүмкіншілік алады, — деп жәрмеңкелік сауданың артықшылықтарын атаған әкім  бұл шараның көпшіліктің көңілінен шығатынына сенімділік танытты.

Олай болатыны, бұл жолғы жәрмеңкеге ауылдың дәмін алып шаруа қожалықтары, қаланың ірі көтерме жеткізушілері «Ақтөбе жылыжай», «ИзетГринхаус», «Болат ЛТД», «Базарларды басқару», «АгроОПТСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қатысты. Содан да болу керек, саудада ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек өте мол болды. Нарықтағыдан бағасы 10-15 пайыз арзан сатылған бұл өнімдерді  тұтынушылар көбірек алуға тырысты. Әсіресе, қапшықтап картоп, қырыққабат, сәбіз сатып алушыларды көптеп ұшырастырдық.

Өзін қала тұрғыны  Нәбия Қыдырбаева деп таныстырған ана:

— Мен жәрмеңкеге таза қаймақ, қымыз, шұбат өнімдерін, үй жұмыртқасын алу үшін келемін. Бұл жолғы да мақсатым сол болатын. Өйткені жақында үйге қонақ шақырмақ едік. Айтқандай, қалаған өнімдерімді таптым. Бұл жолы «Ақ сүт Петропавл» шаруа қожалығының өнімдері бұйырды. Бұл шаруашылықтың  қалада екі жерде дүкені бар екенін бұрын да білетінмін. Ал мұнда бүгін өз өнімдерін мол жеткізіпті, — деді.

Жәрмеңке барысында  аталған шаруа қожалығының басшысы Дәурен Өтегеновпен және «Махамбетов» жеке кәсіпкерлік басшысы Руслан Махамбетовпен тілдесудің орайы келген еді.

«Ақ сүт Петропавл»  шаруа қожалығында  бастапқы да ешкі фермасы болады, одан соң асылтұқымды сиыр сатып алады.  Тауық, қаз ұстайды. Соның арқасында базарларға сүт өнімдерімен бірге, жұмыртқа, тауық, қаз еттерін де шығарады. Дәурен Өтегенов осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылуы — тек тұтынушы емес, өз өнімдерін өткізу үшін шаруа қожалықтарына да тиімді екенін айтады.

Жеке кәсіпкерлік басшысы Руслан Махамбетов тұтынушылардың жәрмеңкелерге басымдық беруін былай түсіндіреді.

— Біздің өнімдеріміз, оның ішінде сарымайымыз  таза, табиғи. Бағасы өз алдына, тұтынушы ондай майдың құрамына да көңіл аударады. Бірқатар тауар өндірушілерде өнімнің сапасы туралы сертификат жоқ.Содан келіп табиғи майдың орнына, маргарин қосып сатады. Әрине, мұны тұтынушы түбі біледі, сосын таза май іздейді.

Бұл күні ауа райы да жақсы болып тұрды. Нағыз алтын күз табиғаты сезіліп, тұтынушы да, сатушы да көңілді жүрді. Жәрмеңке бойы  әсем әуен қалықтап тұрды. Ал соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*