Басты бет » Спорт » Сын сәттегі ұтылыс

Сын сәттегі ұтылыс

Премьер-Лига

«Атырау»-«Ақтөбе» — 3:1

32-тур ойындарынан соң биыл Премьер-Лиганы тастап шығатын екі команданың біреуі анық болды — «Ақжайық» (Орал). Ал екінші команда ең соңғы турда белгілі болады. Бұл «мәртебеге» лайық командалар төртеу: 36 ұпай жинап тұрған «Атырау» мен 35 ұпайдан еншілеген «Ертіс», «Қызылжар СК», «Шахтер». Егер жинақтап айтар болсақ, чемпионатты 11,12-орындармен аяқтаған екі команда бірден бірінші топқа түсіп қалады да, 10-орында қалған команда бірінші топта 3-орын алған командамен кездесіп, өз дәрежесінен айырылып қалмау үшін өтпелі кездесу өткізеді.

Көріп отырғанымыздай, өз алаңында «Ақтөбені» жеңгенімен атыраулықтар да қауіпті аймақтан құтылып кете алған жоқ. Ал жеңілгенде қайтер еді?..

Дегенмен ұпай қаншалықты қажет болғанымен «Атырау» футболшылары бұл кездесуде қонақтарды тықсырып кете алған жоқ. Жалпы ойын негізінен орта деңгейлі жылдамдықта өтіп жатты. Аса ерекшелеп айтарлықтай тактикалық тосын әдіс-тәсілдер де кездесіп жарытпады. Сірә, екі команда футболшылары да тым пысықтық көрсеткеннен гөрі қарсыластардың кезігіп қалуға тиіс қателіктерін пайдаланып кетуді көбірек ойластырса керек. Солай болды да. Ең алдымен ақтөбеліктер қателесті. Аңдысумен жүрген сәттердің бірінде, 16-минутта бұрыштамадан келген допты айып алаңында жүрген атыраулық шабуылшы Предраг Сикимич созыла көтеріліп, баспен соқты да, қас пен көздің арасында қақпаның жібек торын желп еткізді, қонақтар тарапынан не қорғаушылар, не қақпашы ешқандай қарсы әрекет ете алмай қалды — 1:0.

Әрине, ақтөбеліктердің ұнжырғасы түсіп кете қойған жоқ. Қарсы шабуылдар ұйымдастыруға кірісті. Дегенмен шеберлік жетіспей жатты. Мысалы, Абат Айымбетов алаң ортасынан тастаған тамаша пасты Силва Рейналдо қарсыластар қақпасының тура айып алаңына дейін жетелеп барғанымен бүйірден қосыла кеткен атыраулық қорғаушыдан айласын асыра алмай, нақ соққы жасар шақта доптан айырылды да қалды. Дегенмен есепті теңестіруге алаң иелерінің өзі «көмектесті». 20-минутта ақтөбеліктер орындаған бұрыштамадан соң доп айып алаңынан асып түсті де, оны оң қанатта жүрген Абат Айымбетов қайтадан айып алаңына әуелете қайтарды. Бұл тұста атыраулық қақпашы Андрей Пасеченко, обалына не керек, шалт қимылдағанмен, қорғаушы оңбай қателесті. Юрий Перцух ебедейсіз қимылдады да, оған тиген  доп кейінге қарай емес, ілгерілей  ұшып, тура қақпаға енді де кетті — 1:1.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда да алаңдағы қозғалыстарға онша өзгеріс ене қойған жоқ. Бұл жолы да аңдыса қимылдау сол күйі өрби берді. Аңдыған алмай қоймайтыны белгілі, 58-минутта атыраулықтар дегеніне жетті. «Ақтөбенің» айып алаңының ішінде қызу тартыс болып жатты да, кері қайтарылған допты Қуаныш Қалмұратов ақтөбеліктер тарапынан бақылаусыз қалған, қақпаның сол жақ қанатына келе қалған Предраг Сикимчтің алдына дәлдеп тастай салды, тәжірибелі ойыншы еш абдырамастан шебер қимылдап, қақпашыны екінші рет алдап соқты — 2:1.

Мақсат еткен ұпай қолдан сусып шығып бара жатқанын шындап сезінген ақтөбеліктер тайлы-таяғымен қарсы шабуылдар ұйымдастыруға кірісті. Әйтсе де бұзып-жарарлықтай ерекше екпін көрсете алмады, не доптан айырылып қалып жатты, не тура пас бере алмай пұшайман болды. Сөйтіп жүріп қақпамызға тағы бір гол енгізіп алдық. 65-минутта Қуаныш Қалмұратов сол жақ қанаттан бұрыштама доп орындады. Ол әуелете тепкен доп доға жасай иіле ұшты да, ешкімнің басына тиместен, қақпаның тура сол жақ бұрышына емін-еркін енді де кетті. Доптың ұшу траекториясын есептей алмай қалған ақтөбелік қақпашы Игорь Трофимец аңырды да қалды, әрине, қорғаушылар да қимылсыз қала берді — 3:1.

Әрине, бұл жағдай қонақтар үшін толық үміт үзерліктей сәт емес еді, ойынның аяқталуына әлі жарты сағатқа жуық уақыт бар болатын. Дегенмен ақтөбеліктер жұмыла қимылдай алмады. Ойыннан соң берген сұхбатында бас бапкер Владимир Муханов Атырауға ұшақ тым кешігіп келгенін, сол себепті футболшылардың ұйықтауға мүмкіндігі болмағаны өз алдына, дұрыс дайындық жасауына да уақыт қалмағанын, оның үстіне, әсіресе, жас футболшылар ойқы-щойқы жасыл алаңда тым шаршап қалғандықтарын айтты.

Қалай болғанда да, Маркос Пиззелли, Саша Марьянович, Руслан Валиуллин тәрізді шебер футболшыларсыз ойнаған «Ақтөбе» Еуропа кубоктары аймағында ойнауға мүмкіндік беруі тиіс төртінші орыннан айырылып оралды. Ал келесі ойынды өз алаңында өткізетін «Ордабасы» бұл орынды бізге қайтып бере қояр ма екен?.. Сондай-ақ сол соңғы турда сол «Ордбасымен» ойнауға Шымкентке баратын «Атырау» футболшылары да бұл жеңістен соң аса шаттана алған жоқ.

«Атырау»-«Ақтөбе» — 3:1

Гол авторлары: Предраг Сикимичи, 16-минут (1:0); Юрий Перцух, автогол, 20-минут (1:1); Предраг Сикимич, 58-минут (2:1); Қуаныш Қалмұратов, 65-минут (3:1).

Ескерту қағазын алғандар: Ризван Аблитаров, 53-минут («Атырау»)  — Бағдат Қайыров, 47-минут; Антон Шурыгин, 57-минут; Саят Жұмағали, 79-минут («Ақтөбе»).

«Атырау»: Андрей Пасеченко (қақпашы)​, Ризван Аблитаров, Франтишек Кубик, Томислав Барбавич, Эльдар Абдрахманов, Қуаныш Қалмұратов (Дидар Жалмұқан, 87-минут), Джозеф Нейн, Юрий Перцух, Ринат Джуматов (Алтынбек Сапаров, 90-минут), Эдуард Сергиенко, Предраг Сикимич, капитан (Алексей Родионов, 86-минут), Бабатунде Аденидже.

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец (қақпашы), Бағдат Қайыров, Александр Симчевич (капитан), Виталий Волков, Саят Жұмағали, Антон Шурыгин, Милан Радин (Асланбек Кәкімов, 46-минут), Ардақ Сәулет (Рустам Темірхан, 62-минут), Хрвое Милишевич, Силва Рейналдо (Ұлан Қонысбаев, 87-минут), Абат Айымбетов.

3 қараша 2018 жыл. Атырау, «Мұнайшы» стадионы, 3000 адам.

* * *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Қызылжар СК»-«Ордабасы» — 1:2

«Астана»-«Қайрат» — 3:2

«Шахтер»-«Тобыл» — 2:1

«Ертіс»-«Ақжайық» — 2:0

«Қайсар»-«Жетісу» — 1:0

31 қазан күні өткен 23-тур ойындары:

«Шахтер»-«Астана» — 3:1

«Қызылжар СК»-«Қайрат» — 2:1

* * *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 16 кездесу өткізіп, 9 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 33:17 (+16). Ұпай — 28. Сырт алаңда 15 ойын өткізіп, 4 кездесуде жеңіске жетті, 5 ойынды тең аяқтады, 7 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 18:28 (-10). Ұпай — 17.

Маркос Пиззелли 18 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Эсеола («Қайрат») — 17 гол, Исаэль («Қайрат») — 12 гол.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 Команда                  О         Ж        Т         Ұт        Д         Ұп

1.Астана                  32       23       5          4          62-22             74

2.Қайрат                  32       19       4          9          60-33  61          

3.Тобыл                  32       14       8          10       33-30  50

4.Ордабасы             32       12       7          13       37-44  43

5.Ақтөбе                   32       13       9          10       51-45  42

6.Қайсар                   32       10       12       10       33-31  42

7.Жетісу                   32       10       10       12       33-39  40

8.Атырау                  32       9          9          14       33-46  36

9.Ертіс                      32       10       5          17       28-41  35

10.Қызылжар СК    35       10       5          17       27-45  35

11.Шахтер                32       8          11       13       29-36  35

12.Ақжайық             32       7          9          16       30-45  30

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

* * *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 18 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Силва Рейналдо — 7;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 3;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Абат Айымбетов — 2;

Хрвое Милишевич — 2 (1);

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1;

Саят Жұмағали — 1.

3 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»), Юрий Перцух («Атырау»).

* * *

Биылғы чемпионаттың соңғы кездесулері — 33-тур ойындары 11 қараша, жексенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдайды.

Қызылордалық команданы бұған дейінгі екі кездесуде де ұтқан болатынбыз. Қызылордада 11 наурызда өткен кездесуде «Ақтөбе» тек ылғи жастардан құралған құраммен ойнауға мәжбүр болса да 1:0 есебімен басым түсіп, Ақтөбеде 11 тамызда болған кездесуде 3:1 есебі тіркелген.

Басқа кездесулер:

«Астана» (Астана) — «Ертіс» (Павлодар)
«Қайрат» (Алматы) — «Шахтер» (Қарағанды)
«Тобыл» (Қостанай) — «Қызылжар СК» (Петропавл)
«Ордабасы» (Шымкент) — «Атырау» (Атырау)

«Жетісу» (Талдықорған) — «Ақжайық» (Орал)

 P.S.

Биыл Премьер-Лигаға бірінші топтан көкшетаулық «Оқжетпес» пен «Тараз» қайтып оралатын болды. Ал 3-орын алған шымкенттік «Қыран» Премьер-Лигада 10-орын алған команданы 16 қараша күні өз алаңында қабылдап, 20 қарашада сырт алаңда күш сынасады.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*