Басты бет » Жаңалықтар » Шығармашылық үйі сенімгерлік басқаруға берілмейді

Шығармашылық үйі сенімгерлік басқаруға берілмейді

Ақтөбедегі балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйі сенімгерлік басқаруға беріледі дегенді естіген ата-аналар бұл ұсынысқа қарсылығын білдірді. Кеше қалалық әкімдікте қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова, қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова және қалалық мәслихат депутаттары ата-аналармен кездесіп, істің мән-жайын түсіндірді.  

Мәселенің мәні мынада: аталған шығармашылық үйіне балаларын апарып жүрген ата-аналар «орталық сенімгерлік басқаруға беріледі» дегенді естіген. Қазір 1023 бала орталықтағы түрлі үйірмелерге барады екен. Балалардың көпшілігі тегін, енді бірі жеңілдікпен тәлім-тәрбие алып жүр. С.Шынтасованың айтуынша,

«Қосымша білім берудің перспективасы және жай-күйі туралы» мәселе жақында мәслихаттың кезектен тыс отырысында қаралған. «Ата-аналар Алтынсарин көшесіндегі оқушылар үйі ғимаратын сенімгерлік басқаруға беріледі деп қате түсінген» дейді ол.

Қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, қаладағы білім саласына қатысты мекемелерді жекеге беру мәселесі көтерілген жоқ.

— Ақтөбе қаласында қазіргі күні 15 қосымша білім беру мекемесі бар, бұл мекемелерде 15 мыңнан астам бала тәлім алады. Қалалық әкімдікте оларды жекеге беру мәселесі көтерілген жоқ. Керісінше қаладағы 40 мыңнан астам бала білім алып жүрген 100-ден астам жеке репетиторлық орталықтарға мемлекеттік тапсырыс беру мәселесін талқылаған болатынбыз. Қорықпаңыздар, сіздердің балаларыңыз барып жүрген шығармашылық үйі ешқандай да жекеге берілмейді, мұны мен қала әкімінің атынан айтып отырмын, — деді К.Айдарханова.

Жиынға келген ата-аналар билік өкілінен мұндай сөзді естіп, қуанып қалды. Бірінің баласы, енді бірінің немересі осы орталықта оқиды екен: бірі ағылшын тілін тереңдетіп оқыса, енді бірі домбыра тартуды үйреніп жүр, үшіншісі шахматтың шебері.

— Менің балам Нұрпейіс Ислам осы шығармашылық үйіндегі терме үйірмесіне барады. Бағасы да қолжетімді. Алматы, Астана қалаларында өткен байқауларға қатысып, бас жүлде алып келді. Біраз нәрсе үйренді, ұстазы да тамаша адам. Енді осы орталықтың жекеге берілетіні туралы қауесетті естіп, қапаланып қалып едік. Бүгін жергілікті атқарушы билік өкілдерінен шығармашылық үйінің жекеге берілмейтінін естіп, қуанып отырмыз, — дейді ата-аналардың бірі Орынгүл Мәмбетова.

Бүгінде Ақтөбде қалалық білім басқармасының басшылығымен жұмыс істейтін  15 қосымша білім беру мекемесінде 15 824 оқушы оқиды, оның ішінде 540 бала мемлекет тарапынан берілген жеңілдікпен тәлім алып жүр.

Кешегі жиын ата-аналардың күдігін сейілтіп, көңілдерін орнына түсірді.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*