Басты бет » Басты жаңалықтар » Азаматтық қоғам — халық пен билік арасындағы алтын көпір

Азаматтық қоғам — халық пен билік арасындағы алтын көпір

Форум

Кеше Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының салтанат залында «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдардың VІIІ облыстық форумы өткізілді. Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрінің орынбасары Сергей Коновалов, Қазақстанның Азаматтық Альянсы төрағасының орынбасары Мұсағали Дуанбеков, сондай-ақ өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық департамент, басқарма басшылары, бизнес құрылымдарының және этномәдени бірлестік өкілдері, барлық ауданнан делегаттар қатысты.

Ақтөбеде 610 үкіметтік емес ұйым бар

Екі жыл сайын өткізілетін мұндай форумның мақсаты — өңірдегі азаматтық қоғам институттарын дамыту, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жұмылдыру, олардың қызметі туралы тұрғындарды  ақпараттандыру, қоғамдық ұйымдардың оң имиджін қалыптастыру, әлеуметтік қызметтерді көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін көтеру.

Облыстық деңгейдегі азаматтық форумның атауының өзі айтып тұрғандай, азаматтық қоғамсыз мемлекет болмайды. Сондықтан елімізде азаматтық қоғам институттарын одан әрі қолдауға бағытталған саяси жаңғырту өз жалғасын табуда. Соның бір көрінісі — осыдан екі жыл бұрын құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өз форматын өзгертіп, Қоғамдық даму министрлігі деп аталды. Сол себепті алдағы уақытта да үкіметтік емес  ұйымдардың жұмысын жетілдіру, олардың мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастығын ұлғайту бағытындағы әңгімелер осы форумның негізгі арқауы болмақ, — деді «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айгүл Дүйсенова.

Мавр Абдуллин облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан қатысушыларды осымен сегізінші рет өткізіліп отырған азаматтық форумның ашылуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында қоғамдық ұйымдарды мемлекет пен қоғамның арасындағы алтын көпір ретінде атап өтті. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік мекемелер заң шеңберінде өздеріне тиісті қызметтерді атқарады. Қоғам шет қалмас үшін елімізде арнайы заң шығарылып, мемлекеттік емес ұйымдар құрылды.  Бүгінгі күні облыста 610 мемлекеттік емес ұйым қызмет атқарады. Осындай ұйымдарға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Өткен жылы 340 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылса, биыл бұл мақсатқа 450 миллион қаржы бөлінді. Бұл дегенің, бүгінде облыста мемлекеттік органдар мен қоғамдық ортадағы мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысын арттыру, халық пен билік арасындағы көпірдің нық болуын әрі үкіметтік емес ұйымдардың беделін көтеру, белсенділігін арттыру, — деген ол  қоғамның әр мүшесінің мүддесі үшін мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы атқарылып жатқан жұмыстардың жайына тоқталды. Бұл орайда ол денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, жастар ісі сынды салаларда, сол сияқты  мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бағытында үкіметтік емес ұйымдар арқылы арнайы мемлекеттік тапсырыс ретінде қаржы бөлінетінін де атап өтті. Облыс басшылығы атынан аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың ісіне ризашылығын білдірген М.Абдуллин Елбасы саясатын жүзеге асыру мақсатында облыстың алдына қойылған нақты міндеттер мен тапсырмаларды орындауда мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы байланыстың одан әрі артып, нығая түсетініне сенім білдірді.

«Бізге нағыз қоғамдық кеңес қажет»

Форум жұмысында мемлекеттік тілде сөйлеген ҚР Қоғамдық даму министрінің орынбасары Сергей Коновалов: «Бүгінгі конференция республика деңгейінде өтетін сегізінші Азаматтық форумға дайындық жөнінде болмақ. Биылғы жылғы форум мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды дамытуда кейбір басымдықтарды белгілейді деп болжануда. Сондықтан осы жерден тікелей ұсыныстар мен ұсынымдар алу маңызды. Биыл 4 қазанда үкіметтік емес ұйымдар мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілген болатын. Өкінішке қарай, бұл отырысқа Ақтөбе облысынан өкілдер шақырып үлгермедік. Өткен үйлестіру кеңесінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан назар аударуды талап ететін бірқатар мәселелер анықталды. Біріншіден, қоғамдық кеңестердің рөлі. Бүгінгі таңда олар көбінесе қосымша қызмет атқарады. Бізге кәсіби ұсынымдар жасайтын, оларға сеніп тапсырылған қызметтер үшін жауапкершілікті өзіне жүктей алатын, нақты жұмыстар жасайтын кеңестер қажет. Яғни нағыз қоғамдық кеңестер керек. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне қалай сай келу керектігі жөнінде өз пайымдаулары мен ұсыныстары бар Қазақстанның Азаматтық Альянсы және үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық кеңестің екінші тетігі болуы тиіс. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі  мемлекеттік органдардың уәкілетті өкілдері институттың тиімді жұмыс жасауын қамтамасыз етуі керек. Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйым мүшелері өз өкілдігін білмейді. Яғни журналистер сияқты болуы керек. Олар әкімнің баспасөз хатшысы арқылы жұмыс жасайды. Сол сияқты, үкіметтік емес ұйымдарда да жауапты тұлғаларға кіруге мүмкіндігі бар өз уәкілі болуы тиіс», — деген ол қоғамда үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін көтеру үшін бұдан өзге де бірқатар басымдықтарды  алға тартты.

Форумда министрлік өкілі елімізде үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасында өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспарды Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының, сондай-ақ сегізінші Азаматтық форум ережелерін ескере отырып, жандандыру керектігін де айтты.

Сергей Коновалов өз сөзінде биыл Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы сәтті жүзеге асырылғанын да атап өтті. «Осы жоба аясында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Менің ойымша, Ақтөбеде жарияланған балалар жылы мен Алматыда жүзеге асырылған жастар жылы бастамалары Елбасының келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауына себеп болғандай. Тағы бір айта кететін жайт, Ақтөбе облысы жергілікті жерлердегі халықпен өзара тығыз іс-қимыл арқылы азаматтық қоғаммен арадағы жұмысты жандандыруда тағы бір маңызды үрдісті көрсетуде. Яғни, өңірде бірлескен даму бағдарламасының нәтижесінде жергілікті қоғамдастықтардың тұрақтылығын арттыру арқылы зорлық-зомбылық, экстремизмнің алдын алуын қамтамасыз ету жөніндегі жобалар да жүзеге асырылуда. Бұл жобаның негізгі мәні — жастардың өзіне деген сенімділігін арттыру», — деген С.Коновалов облыста жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге тағзым» жобасының да сәтті қадам екенін тілге тиек етті.

 Түрлі бағыт, тұрақты топ

Қазіргі кезде облыстық әділет департаментінде 610 коммерциялық емес ұйым тіркелген, оның ішінде қоғамдық бірлестіктер саны  —  336,  қоғамдық қорлар —  208, заңды тұлғалар бірлестігі — 30, жекеменшік мекемелер — 36. Бүгінгі күні оның 413-і жүйелі қызмет етсе, 90-ы қызметін тоқтатқан. Үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігі, яғни 497-і (81,4 пайыз) Ақтөбе қаласында тіркелсе, 113-і (18,6 пайыз ) аудандарда тіркелген.

Бүгінгі күні облыста түрлі бағытта жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты топтары қалыптасқан. Атап айтсақ,  балаларды, жастарды, әйелдерді қолдау, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар адам құқықтарын қорғау, білім беруді дамыту, отансүйгіштікті, рухани-мәдени мұраны, салауатты өмір салтын насихаттау және денсаулық сақтау саласы бағытында жұмыс жасайтын ұйымдар қызмет етуде.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 25 консультативтік-кеңесші органдардың, жергілікті атқарушы органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, маңызды мәселелердің шешілуіне белсенді араласуда, — деді форум жұмысы кезінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл сайын үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қолдау көрсету үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаржы бөлінеді. Бүгінгі күні аймақта  52 үкіметтік емес ұйым жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын орындайды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты салалық принцип бойынша 10 облыстық басқарма, сонымен қатар Ақтөбе қаласы мен аудандық әкімдіктер қаржыландыруда.

Қазақстанның Азаматтық Альянсы төрағасының орынбасары Мұсағали Дуанбеков өз сөзінде облыстағы азаматтық альянс қоғамдық ұйымының жұмысын күшейту  үшін жергілікті билік тарапынан көңіл бөлінсе деген  өтінішін айта келе, үкіметтік емес ұйымдардың одан әрі даму перспективалары мен проблемаларына тоқталды. Форум жұмысы кезінде қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен өзара қарым-қатынас мәселелері де  талқыланды.

Форумның пленарлық мәжілісінде «Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер орталығы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Әлия Құртаева, «Ақниет» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Айқын Ұнбаева, «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіпкерлік орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, әлеуметтік кәсіпкер Болат Кәлікбаев, «Шаңырақ» қоғамдық қорының директоры Еділ Аймағамбетовтер өз саласы бойынша атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Форум жұмысы кезінде Астана қаласында өтетін VIII Азаматтық форумға қатысатын делегаттар құрамы бекітіліп, облыстық форумға қатысушылардың Үндеуі оқылды.

Форум соңында Мавр Абдуллин  Ақтөбедегі бірқатар қоғамдық ұйым жетекшісін  азаматтық қоғам институттарын дамытуға қосқан үлесі және маңызды әлеуметтік проблемаларды шешуге, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасын нығайтуға белсене атсалысқаны үшін облыс әкімінің атынан Алғыс хаттармен марапаттады.

Бұдан кейін форум жұмысы Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында өз жалғасын тапты. Бұл жерде Сергей Коновалов пен Мұсағали Дуанбеков аймақтағы үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесіп, көкейдегі кейбір мәселелерді талқылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 «Азаматтық қоғам және мемлекет:

ДИАЛОГ. ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ. ЖАУАПКЕРШІЛІК»

Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдарының

VІIІ облыстық форумына қатысушылардың

ҮНДЕУІ

Біз, Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдарының VІIІ облыстық форумына қатысушылар,Ақтөбе облысындағыазаматтық қоғамның дамуы мен жағдайының өзекті мәселелерін талқылай келе, келесідей Үндеужолдаймыз:

  1. Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің ықпалдастығының серпінді дамуына жаңа күш беретін, азаматтық қоғаммен бірлескен ынтымақтастықтың маңызын мойындау.
  2. 2. Азаматтардың әл-ауқатын және өмірлік сапасын жақсарту мақсатында азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға және ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік бастамаларды іске асыруда қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесу үшін:
  • ынтымақтастықтың инновациялық механизмдерін енгізу арқылы үкіметтік емес ұйымдар, мемлекет пен бизнестің серіктестігі жүйесін дамыту;
  • қоғамда әлеуметтік жауаптылық, қоғам өміріне ортақтық сезімін өзекті ету мақсатында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінкеңінен тарту құралдары мен механизмдерін жетілдіру;
  • Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруда қосымша интеллектуалды және ұйымдастырушылық ресурстарды тарту мақсатында қоғамдық ұйымдардың, сарапшылардың, бастамашыл азаматтардың әлеуетін пайдалануды жандандыру;
  • үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес пен мемлекеттің сұхбат алаңдарда жыл сайын үшжақты ынтымақтастық мәселелерін қарауды мемлекеттік органдарға ұсыну;
  1. Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдарына ұсынылады:

1) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларының нәтижелілігін мониторингілеу және бағалау жүйесін іске асыруда нақты мақсатты топтар үшін практикалық нәтиже мен әлеуметтік әсерді ескеруді қарастыру;

2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тақырыбын қалыптастыру кезінде тұрғындардың қажеттіліктері мен талаптарын бағалау мәселелерін ескеру;

3) жергiлiктi мемлекеттiк органдар басшыларының азаматтық сектордың өкiлдерiмен тұрақты кездесулерiн ұйымдастыруды одан әрі жалғастыру;

4) Ақтөбе қаласы мен аудандардың үкіметтік емес ұйымдары мен азаматтық қоғамға қолдау көрсететін азаматтық бастамаларды қолдау ресурстық орталығын құру туралы мәселені қарастыру;

  1. Азаматтық қоғамды дамыту туралы азаматтардың хабардар болуын арттыру мақсатында осы қаулыны баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға ұсыну.

«Азаматтық қоғам және мемлекет:

ДИАЛОГ. ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ. ЖАУАПКЕРШІЛІК»

Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдарының

VІIІ облыстық форумына қатысушыларының атынан бірауыздан қабылданды.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*