Басты бет » Жаңалықтар » Әлеуметтік сала қызметкерлері алғысқа бөленді

Әлеуметтік сала қызметкерлері алғысқа бөленді

Атаулы күн

Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күніне орай бір топ қызметкерлер марапатталды.

Аталған шараға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ұшқын Мыңбаев қатысып, әлеуметтік сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.

— Бұл айтулы мереке — қарттар мен мүгедектерге, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға аянбай қызмет етіп жүрген жандарға деген зор құрметтің белгісі. Олар кәсіби маман ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын мейірбан жандар. Халықты әлеуметтік тұрғыда жан-жақты қорғау — Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесі бойынша  қоғамның барлық әлеуметтік топтарына лайықты қамқорлық көрсетілуде.

Ақтөбе қаласы бойынша осы салада еңбек етіп жүрген 276 әлеуметтік қызметкер бар. Әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, — деді қала әкімінің орынбасары.

Бұдан соң ол еңбек жолында өз міндеттерін абыроймен атқарып, әлеуметтік салаға қосқан үлестері үшін 9 қызметкерге Алғыс хаттар мен ықылас гүлдерін табыс етті. Солардың бірі Несібелі Есебаева 11 жылдан бері өз қызметін адал атқарып келеді. Мереке қарсаңында алғысқа бөленгеніне дән риза.

— Әлеуметтік қызметкер болу үшін ең бастысы мейірімділік пен шыдамдылық керек. Біз алдымен өзімізге бекітілген адамдарға қандай көмек керек екенін анықтап, қарттардың дәрі-дәрмегін, дүкеннен керекті заттарын әкеліп береміз. Әр адамның көңілін тауып, тіл табысуға тырысамыз.

Бүгінгі мерекеде марапатқа ие болып отырмыз. Осы орайда қала әкімдігіне ризашылығымды білдіремін, — дейді Н.Есебаева.

Сондай-ақ шара барысында «БиДжиПи» ЖШС өкілдері  мүмкіндігі шектеулі 7азаматқа қаржылай қайырымдылық көмек көрсетті.

— Жыл сайын біздің қаламызда осы мереке кең көлемде аталып өтіледі. Өйткені олар зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі балаларға, әлеуеті төмен, көпбалалы отбасы және мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде көмек беруге барынша күш жұмсап отыр.

Ақтөбе қаласында әлеуметтік қызмет көрсетілетін арнайы орталық бар. Онда 120 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Әрқайсысының қамқорлығына 8-10 адамнан бекітілген. Күніне 8 сағаттан жұмыс істеп, тәжірибесіне, қызметіне сай жалақы алады.

Жалпы жыл сайын әлеуметттік салаға бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді, — дейді Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Нұрия Әбіләкімова.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.   

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*