Басты бет » Жаңалықтар » Үкіметтік емес ұйымдар үлесі

Үкіметтік емес ұйымдар үлесі

Ақтөбе қаласы бойынша 2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бюджеттен 13 440 000 теңге бөлінген. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиевтың айтуынша, бұл қаржы қаладағы ең белсенді үкіметтік емес ұйымдардан түскен 7 жобаны қолдауға жұмсалып жатыр.

Бөлім басшысымен Ақтөбеде өтетін үкіметтік емес ұйымдардың VІІІ облыстық азаматтық форумы алдында тілдескен едік. Әңгіме қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі мен олардың қызметіне көрсетілетін мемлекеттік қолдауға байланысты өрбіді.

Бөлім басшысы атап өткендей, қазір Ақтөбеде 497 үкіметтік емес ұйым болса, олардың бірнешеуі ғана әлеуметтік салалар бойынша белсенді жұмыс жасайды.

— Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Ақтөбе қаласы бойынша 10 жоба, оның ішінде қалалық ішкі саясат бөлімі арқылы 7 жоба қолға алынды. Қазіргі таңда 7 жобаның үшеуі аяқталды. Ал қалған 4 жоба мерзіміне сәйкес жүзеге асырылуда.  Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Ата Заңын және мемлекеттік рәміздерін насихаттауға бағытталған жоба аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, 1000-нан астам адам қамтылды. Жоба барысында Рәміздер күніне арналған патриоттық шеру, дебаттық турнир, жыр-мүшәйраларымен қатар, түрлі семинарлар ұйымдастырылды. Сондай-ақ қала бойынша рәміздердің дұрыс орналасуын қадағалау мақсатында қоғамдық мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 34 мекемеден кемшілік анықталып, қалпына келтірілді, — дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиев.

Аталған жоба  «Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі арқылы жүзеге асырылған.

Ал жастар арасында мәдени және әскери патриоттық тәрбиені қалыптастыруға арналған жобаны  «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық қоры өз мойнына алып, өткізіпті.

— Бұл жобаны «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербеспен бірге өз мәресіне жеткіздік. Ғалымжан ағай Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігін насихаттауға өлшеусіз үлесін қосып келеді. Әсіресе, оның бұл бағытта жастарға патриоттық тәрбие беруде атқарып жүрген еңбегі тіпті бөлек. Қос шынардың ерлігін жеткілікті түрде насихаттап жүрген ол бұл жоба аясында да біраз шаруа тындырды, — дейді Е.Нұрғалиев.

Аталған бағытта ұйымдастырылған іс-шаралар бойынша 500-ден астам оқушы қамтылып, патриоттық тәрбиеге қатысты түрлі кездесулер өткізілген. Сондай-ақ батырлар мекені — Қобда ауданына экскурсия ұйымдастырылып, 50 бала Әлия ауылында болып, Абат Байтақ кесенесіне барған.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып өз мәресіне жеткізген жобаларының бірі — тәуекел топтағы және дивианттық жүріс-тұрыстағы 14 жасқа толған оқушыларға арналған патриоттық тәрбиеге бағытталған жазғы лагерьлер ұйымдастыру болатын.

Бұл жобаны облыстық ауған соғысы жауынгер-интернационалистері қоғамдық бірлестігі  Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізді.

Қала мектептеріндегі тәуекел топтағы және дивианттық жүріс-тұрыстағы 14 жасқа толған оқушылар әр ауысымда 40 баладан, екі ауысым бойынша 80 бала «Достық» лагерінде демалып, жеке тұлғаны қалыптастыру тұрғысында өткізілген  семинар тренингтерге қатысты.

Боған қоса қазіргі күні қала аумағында 4 жоба жүзеге асырылып жатыр.

— Қазіргі таңда «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру» жобасы «Нұрлы» ақпараттық-кеңес беру орталығының ұйымдастырылуымен жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін жоба аясында республикалық деңгейдегі 3 теолог келіп, қаладағы теріс діни бағытта жүрген азаматтармен кездесіп, мешіт жамағаттарымен, сондай-ақ арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерімен жеке және топтық кездесулер өткізді, — дейді бөлімінің басшысы.

Өз сөзінде облыстық іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық қорының атқарып жатқан жобаларын баса айтқан Елеусіз Нұрғалиев аталған қоғамдық қордың қолға алуымен қалада үлкен екі жоба жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды.

— Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау жобасы аясында аталған қоғамдық қор түрлі семинар-тренингтер өткізді. Сондай-ақ қазақы отбасындағы құндылықтарды кеңінен көрсетіп, отбасылық татулықты паш ете алатын, қоғамда ерекше орны бар отбасылардың қатысуымен «Мерейлі отбасы» байқауын өткізді. Бұл бір десек, аталмыш қордың ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау аясында Ақтөбеде «Жас жерлестер форумын» өткізу жоспарланып отыр. Келешектегі Жастар жылы аясында қолға алынғалы тұрған форумға республикалық деңгейде түрлі қызметтер атқарып жүрген жастарды шақыратын боламыз, — дейді бөлім басшысы.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы атап өткен, аяқталуға жақын жобалардың бірі — «Отбасы академиясы» жобасы. Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер процесі орталығымен бірлесе қолға алынған жоба аясында, қала бойынша жастар арасындағы ажырасу 12 пайызға азайған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*