Басты бет » Басты жаңалықтар » Атпен серуендеу сал ауруынан айықтырады

Атпен серуендеу сал ауруынан айықтырады

Ауруға шалдыққан адамды  оңалтудың түрлі әдістері бар. Соның бірі — иппотерапия, яғни жылқы малы арқылы ем жүргізу. Бұндай ем түрі біздің елде енді-енді ғана дамып келеді. Ал Ақтөбеде иппотерпия облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолға алуымен 2016 жылы  басталды.  Осы уақыттан бастап мүмкіндігі шектеулі балалар тегін ем алып жүр. Жалпы иппотерапия қандай ем? Биыл қанша бала ем алып жатыр? Нәтижесі бар ма? Бұл туралы мамандардан сұрап, білдік. 

 Иппотерапия — тарихы терең ем

Ежелден ат үстінде өскен қазақ үшін атқа мініп  серуендеу  таңсық емес. Бірақ жылқыны емдік мақсатта қолданатынын көпшілік біле бермейді. Деректерге сүйенсек, әлемдік медицинада жылқы малымен емдеу туралы тұжырымдама Гиппократ еңбектерінде кездеседі. XVIII ғасырдың ортасында энциклопедияшы Дени Дидро «Атпен жүрудің денсаулықты сақ­­таудағы маңызы» атты тракта­тында атқа мініп жүрудің көптеген ауруларға ем болатынын жазады. Ал иппотерапияның денсаулыққа пайдасы ХІХ ға­сырдың соңында ғана зерттеле бастады. 1960- жылдарға дейін Германия, Австрия, Щвейцария секілді Еуропа мемлекеттерінде атқа міну қосымша физикалық ем ретінде ғана  қолданылған. Иппотерапияның алғашқы стандартталған бағдарламасын 1980-жылдардың соңында канадалық және американдық терапевттер жасады. Олар  Германияда осы ілімді үйреніп, Солтүстік Америка қоғамына енгізеді. Нәтижесінде 1992 жылы АҚШ-та алғашқы иппотерапевтер  қауымдастығы құрылды. Кейін бұл ем түрі өзге мемлекеттерге таралды. Ресейде иппотерапия қосымша медициналық ем ретінде 1991-жылы енгізілді. Ал Қазақстанда 2000-жылдардан кейін ғана емдік мақсатта қолға алына бастады.

Ақтөбеде бұл ем түрін алғаш болып «Тарлан» медициналық орталығы бастады. Орталық директоры Салтанат Ерімбетованың айтуынша, иппотерапияны ат спортымен шатастыруға мүлде болмайды. Бұл —  медицина саласы жүргізетін баламалы ем түрі, яғни медициналық қызметкерлерге арналған арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асатын сауықтыру әдісі. Салтанаттың өзі бірнеше маманмен бірге Өскемендегі  «Ақтай» қоғамдық бірлестігінің оқу базасында иппотерапия әдісін меңгеріп келіпті. Олар  он бес күн бойы білікті мамандардан дәріс алған. Еліміз бойынша бұндай ем түрі Өскемендегі осы бірлестікте ғана  оқытылады екен.

Салтанат Ерімбетованың айтуынша, ат үстінде отыру — денсаулықты нығайтады, бұлшық етті қозғалысқа түсіреді. Әсіресе атпен баяу жүргенде және желігенде адам денесінде минутына жүзден астам шайқау импульсі пайда болады. Себебі жануар шапшаң жүрген сайын бұлшық етінің қозғалысы мінген адамға беріледі екен. Бұл дегеніміз — массаж, яғни барлық бұлшық ет қимылдайды.

—  Атқа мінген адам денесін тік ұстап, тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Өзінің дене қимылын игеруге тырысады. Атқа отырғанда тақымнан берілетін қызу қан айналымын жақсартады, денені қыздырады. Әсіресе бұл сал ауруына шалдыққан балаларға өте пайдалы. Тірек-қимыл жүйесіне тигізер әсері көп. Баланың барлық бұлшық еттері қозғалады, дене белсенділігі артады. Ойлау қабілеті жоғарылап, бойындағы қорқыныш пен үрейден арылады.  Әсіресе, аяғын тік баса  алмайтын, денесін тік көтере алмайтын балаларға тиімді. Қазір бір орында тұрмайтын, үздіксіз қозғалыста жүретін гипербелсенді балалар көп. Ондай балаларды атқа мінгізу керек. Ат үстінде бала өзін жинақы ұстайды, жануарды сипағанда жүйкесі тынышталады. Аутизм, Даун синдромына шалдыққан балаларға да пайдасы зор. Олар жануарды көріп қуанады, сөйлеуге тырысады. Жалпы иппотерапия — көптеген ауруға шипа.  Жұлынға, миға зақым келгенде, жүрек ауруына шалдыққанда, естуі қабілеті бұзылғанда  және өзге де ауруларды  оңалтуға иппотерапияның тиімділігі көп. Алғашқы жылы — 115, одан кейін 120 балаға оңалту шарасын жүргіздік.  Биыл жоспар бойынша 150 баланы қамту көзделіп отыр. Ата-аналар емнің тиімділігін түсінді. Иппотерапияның  басталғанын күтіп жүреді, — дейді Салтанат Ерімбетова.

Қазір ем алу үшін Ақтөбе қаласынан бөлек, аудандардан ата-аналар келеді. Өткен жылдары Қобда, Шалқар, Алға аудандарынан балалар көп келсе, биыл Хромтау, Қарғалы аудандарынан келіп ем алып жүргендер бар.

Манеж салынып жатыр

Мүмкіндігі шектеулі балаларды  аттың көмегімен оңалту әдісі қала сыртындағы №10 ат спорты мектебінде жүргізіледі. «Тарлан» медициналық орталығындағы дәрігер-иппотерапевт, иппотерапия бойынша нұсқаушы, атшы, яғни үш адам баланың иппотерапия кезіндегі қауіпсіздігі мен денсаулығына жауап береді. Бұндай ем түрін дәрігер-иппотерапевттің қадағалауынсыз, рұқсатынсыз жүргізуге болмайды.

— Орталыққа келетін балалардың барлығы медициналық тексеруден өтеді. Себебі аурудың түріне байланысты оңалту әдісінің қарсы көрсетілімі болуы мүмкін. Мәселен, кейбір сырқат түрлері бойынша  балаларды атқа мінгізуге болмайды. Сондықтан балалар алдымен дәрігердің қарауынан өтеді. Дәрігер-иппотерапевт  аурудың тарихымен танысып, тірек-қозғалыс жүйесін түсірген рентген қағазын қарайды. Осыдан кейін барып  оңалтуға жіберіледі. Иппотерапия жүргізетін нұсқаушы әр баланың нақты диагнозын білуі керек. Оның отадан қай уақытта шыққанын, сіреспе ауруы бар ма, жоқ па, барлығынан хабардар болуы тиіс. Жалпы кез келген адам иппотерапиямен айналысып кете алмайды.  Себебі бұл — спорт емес, оңалту жаттығуы, — дейді Салтанат Ерімбетова. Салтанаттың да отбасында осындай емге мұқтаж бала бар.  Алғаш осы істі бастауына сол себеп болыпты.

Әр адам қиыншылықты өз басына өткергенде ғана өзгенің жан жарасын жақсы түсінеді. Иппотерапияның мүмкіндігі шектеулі балалар үшін пайдасы өте зор екенін  білгеннен кейін, өзге балаларға да көмектескім келді. Туыс апамыз екеуіміз осы істі қолға алмақ болдық. Бірақ алғашқы жылдары ойымыз жүзеге аспады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірге басшы болып келгеннен кейін ғана жобамыз қолдау тапты. Оңалту шараларын жүргізетін жер де, манеж бен ат та табылды. Қаражат бөлініп, ісіміз бірден басталып кетті. Осы ретте қаншама ата-анаға үміт отын сыйлаған облыс әкіміне алғысымыз шексіз, — дейді Салтанат Ерімбетова.

Ақтөбеде осындай ем түрін жыл бойы жүргізу үшін манеж керек. Қазір ат спорты мектебінің жанынан арнайы манеж салынып жатыр. Құрылыс аяқталған кезде иппотерапияны алаңсыз жүргізуге болады.

Атқа міну жарымжан бала үшін қуаныш

Хромтау ауданынан келіп, иппотерапия емін тегін алып жүрген ата-ананың бірі —Айнұр. Айнұрдың 12 жасар ұлы Айдархан арбада отырады. Өздігінен жүріп тұра алмайтын бала үнемі медициналық көмекке мұқтаж. Айнұр иппотерапияның сал ауруына оң әсері бар екенін биыл естіпті.

— Шынымды айтсам, жылқы арқылы ем жүргізу дегенді бұрын-соңды естімеппін. Осы орталыққа келіп ем алып жүрген ата-аналар айтқанда мен де баламды әкелмек болдым, әрі тегін екенін естігенде тіпті қуандым. Бізді Хромтаудан арнайы көлік күтіп алып, ипподромға алып барады, әкеліп тастайды. Ұлым алғаш атты көргенде көзі жайнап кетті. «Атқа қашан мінеміз» деп маған ымдап көрсетеді. Алғашқы күндері ат үстінде аяқ-қолын жазбайтын болса, соңғы екі-үш күнде кәдімгідей аяғының арасы ашылды. Егер емді үзбей бір ай алатын болсам, нәтижесі тіпті күшті болар еді. Бірақ бізден кейін кезек күтіп тұрған балалар болған соң он күннен артық ала алмадық. Менің тілегім, осы ем жыл бойы жалғасса екен. Күн жылы кезде алсақ, тіпті жақсы болар еді, — дейді Айнұр.

Ал иппотерапия ашылған жылдан бастап ұлы Даниярды әкеліп жүрген Салтанат Махамбетова бұндай оңалту шарасы балалар үшін өте қажет екенін айтады. Салтанаттың ұлы спастикалық диплигияға, яғни бас ми қыртысының зақымдануы, негізгі қозғалыс жолдарының бұзылуы ауруына шалдыққан.

Баласының сауығып кетуі үшін әр ата-ана қолынан келген бар мүмкіндікті жасайды. Оңалту шараларының барлығынан қалдырмайды. Қиындықтарға да төзеді. Жылқымен емдеу әдісін естіп, алғаш баламды ипподромға әкелгенде бұл емнің қажет екенін түсіндім. Тек қана  тірек-қимылында ақауы бар балаларға емес, өзге де сырқатқа шалдыққандарға да тиімді екеніне көз жеткіздім. Әсіресе баланың бұлшық етінің босауына, нерв жүйесінің тынышталуына жақсы әсер етеді. Ат үстінде денесін басқаруға үйренеді. Ұлым атты сипап, жалынан ұстап мәз болады. Қуанып, бойында бір ерекше құлшыныс пайда болады. Ал баланың әрбір қуаныш —  ата-ана үшін бақыт. Бізге осындай емді тегін алуға мүмкіндік жасаған облыс басшысына алғыс айтамын, — дейді Салтанат.

Даниярдың иппотерапия емін алғанына биыл үш жыл болады. Алғашқыдай  емес, қазір бала ат үстінде еркін отырады. Жалпы иппотерапия емін алатын балаларды арнайы көлік тегін тасымалдайды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*