Басты бет » Әлеумет » Жігіттің саудадағы жақсысы еді…

Жігіттің саудадағы жақсысы еді…

Қардарлық жайлаған тұста

Елімізде молшылық орнағалы жиырма жылдан асып барады. Дүкендердің сөрелері тауарлардан қайысып тұр. Жанға керектің бәрі бар. Тек қалтада ақша болсын. Жоқшылықтың, қардарлықтың не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Оларға кешегі кеңестік замандағы сауда жүйесінің тәртібін түсіндіріп, айтып берудің өзі қиын. Ол кезде дүкен көп болғанмен, сөрелері бос тұратын. Өйткені  тауар тапшы еді. Қалтасында ақшасы бола тұрып, тұтынушы қалаған дүниесін таба алмайтын. Сондай қардарлық жайлағандықтан, азық-түлік болсын, күнделікті тұрмыстық, өнеркәсіптік тауарлар болсын, тұтынушылар одағының ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық буындары арқылы есепке алынып, бөлініп берілетін.  Ақтөбе облыстық тұтынушылар одағының басшылығына Жандәулет Қапаров  1989 жылы кеңестік сауданың сондай бір қиын тұсында келді. Бұл елде демократия, баламалы сайлау талаптары бой көтере бастаған кез еді. Сондықтан жаңа төраға өзінің алдындағылардай, бірден тағайындалмай, тұтынушылар қоғамы ұсынған үш кандидатураның ішінен облыс пайщиктерінің дауыс беруімен сайланды.

Көпшіліктің таңдауының  Жандәулет Қапарұлына түсуі тегін емес еді. Ырғыз ауданының бір кездегі Қырыққұдық аталған елді  мекенінде 1946 жылы дүниеге келген жергілікті кадр бұл шақта кеңес саудасының қыр-сырын толық меңгерген еді. Теориялық білімі де, іс-тәжірибесі де жеткілікті болатын.  1967 жылы Алматының кооператив техникумын, 1973 жылы Мәскеудің кооператив институтын бітірген, білікті маман облыстық тұтынушылар одағында қызмет істеген жетпісінші жылдардың өзінде сауда жүйесінің баспалдақтарында тез өрледі. Тіпті облыстық сауда базасын 6 жыл басқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен айрықша көзге түсіп, өзінің ұшқан ұясы — облыстық тұтынушылар одағына  төрағаның орынбасары болып оралған-ды. Сондай алтын кадрдың баламалы сайлауда жеңіп шығарына тұтынушылар қауымы сенімді болатын.

Төрағадан қалған із

Бүкіл бір аймақтың халқы  қолына қараған жауапты орында жаңа төраға сол сенімге сай жұмыс жасады. Қаланың 41-бекетіндегі облыстық сауда базасында өзіне дейін қисайған баспаналар мен қарабайыр қоймалардың орнына әсем ғимараттар тұрғызып, қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын жақсартып, жүк көтеретін крандар алып, жүкшілердің жұмысын жеңілдетіп, жұмысты механикаландыруды дамытып,  алты жылда соншалықты із қалдырса, мұнда да сол мақсатты ұстанды. Аудан орталықтарында әмбебап дүкендер салдырды. Аудандық  тұтынушылар одағы жандарынан қосалқы шаруашылықтар ашты. Сөйтіп мал өсіруге, оны бордақылап, кооперация арқылы  ет, сүт, көкөніс түрлерімен тұтынушыларды қамтамасыз  етуге тырысты. Кондитер, шұжық цехтары, тігін тігу шеберханасы халыққа қызмет жасады. Осы тұста, шын мәнінде кооперация қуатты күшке айналғандай еді. Жандәулет Қапаров басқарған облыстық тұтынушылар одағы республикада алдыңғы орында болды. Бұл жөнінде кезінде тұтынушылар одағының облыстық конференциялары мен республикалық съездерінде айтылып, басшының еңбегі дәріптелді де.

Дегенмен, Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы қалыптасқан жүйе бұзылып, нарықтың жаңа тәртіптері әлі беки қоймаған өліара кезеңде кеңес саудасының тар өрістілігі анық көрінді. Ақша топанға айналып, онсыз да тапшы тауардың өзі көзден бұлбұл ұшты. Қолға түскен азғантай тауарды тұтынушылар одағы жан басына шағып тізімдеп, халыққа қасықтап бөлуге көшті. Барлық жерде ханталапай, балық үлестіріп жатқандай заман туды.

Міне, осы кезде облыстық  тұтынушылар одағы төрағасының алды бір босамаушы еді. Елдің сұрамайтыны жоқ болатын. Өйткені сауда саласында «бар» дейтін сөздің өзі қолданыстан шығып қалуға жақындаған-ды. Егер бар нәрсе болса, жабықтың астынан, қоймадан сауда басшыларының тілдей қағазымен берілетін. Осы бір мұқтаждық тұс барлық жердегі сауда саласында істейтін қызметкерлердің  қандай адам екенін көрсетіп, бетпердесін ашып берді. Қазақта: «Аттың жақсысын арбада көр, жігіттің жақсысын саудада көр» деген де сөз бар. Жандәулет сияқты саудадағы жақсылар екшеліп шықты. Жақсының шапағаты тимеген жан жоқ. Тұтынушының мұқтаждық қысып шарасыздан келері белгілі. Біреу қызын ұзататын, біреу ұлын үйлендіретін болады. Мұндай шаруабасты, қолы қысқа адамдардың сұрамайтындары жоқ. Төраға алдына келген сондай жандардың тауын қайтармай, барды беріп, ризалап шығарып салатын. Бір кездері Байғанин ауданының бір ауылындағы пайщиктердің жиналысында заңсыз кооперация қызметкерлері орындарынан босап қалғанда, Жәкеңнің жақсылығы, қамқорлығы арқасында оларды қайтадан орналастырғанын ауылдастары жыр қылып айтып, ризашылықтарын білдіріп, редакцияға хат жолдаған болатын. Бұлай болатыны, басшы оларды жанымен түсінеді. Себебі, өзі де соғыстан кейінгі жылдарда дүниеге келіп, барды да, жоқты да көріп өскен-ді. Екі бөлмелі үйде тоғыз жан тұрғанын да есінен шығармаған. Отбасындағы бес баладан тірі қалған жалғыз екенін де ойлайтын.

Өмірінің жалғасы

Жандәулет қызмет басына кадр таңдағанда да барынша әділ болуға ұмтылды. Кеңестік заманда сауда саласын майлы жілік көріп, кооператив техникумын, институтын бітіргендер де көбейіп кеткен еді. Солардың ішінен жұмысқа қабілеттісін таңдады. Жазықсыз зәбір көріп жүргендерді қызғыштай қорғады.

Мәселен, кейін қоғамдық қайраткер дәрежесіне көтерілген Кенжеғали Толықбаевты Шалқар, Ырғыз  аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қойып, жолын ашқан да осы басшы болатын. Ал сауда саласының байырғы қызметкері  Шмит Қырқымбаев ұзақ жылдар сырт аудандардағы сауда саласын басқарып, жасы ұлғайғанда туған ауданы Темірге сұранғанда, құп алды. Бір кездегі автокөлік жүргізушісі, автодүкен меңгерушісі  Наурызбай Көшекбаев та оның  қамқорлығымен сауда саласының ірі маманына айналды.  Ақтөбе қалалық тұтынушылар одағын басқарды, одан Қарабұтақ аудандық тұтынушылар одағына жіберілді.

Ол алдына келген қай адамға да жақсылық жасағысы келіп тұратын, қызық мінездің адамы еді. Және онысын бұлдамайтын, біреулер сияқты жақсылығы сатулы емес-ті.  Жолдастыққа, достыққа адалдығы бүгінге дейін  қатарларының арасында аңыздай айтылады.

Жандәулет Ақтөбе облыстық тұтынушылар одағы басқармасына қызметке келген кезде  тәрбиесін көрген, іс-тәжірибелерін үйреніп, үлгі тұтқан басшы ағалары Ғалихан Әлмәмбетов, Арқалық Рамазанов әлдеқашан бұл өмірден өтіп кетті.  Солардың ішінен бүгінде тоқсанның төріне шыққан сыйлас ағасы Тасқали Хайдаров қана бар.

— Оның алдына мұқтаж болып барғандар риза болып шығатын-ды. Өзгенің мұқтажын жеңілдету оның бойына тән қасиет еді, — дейді марқұм інісі туралы бүгінде сауда қызметінің ардагері.

Осындай асыл азаматтың 1995 жылы өзінің мүшел жасы 49-ға тола бергенде өмірден өтуі төбеден түскендей оқиға болды. Асыл азаматтың қазасына Ақтөбе жұртшылығы қайғырды.

Уақыт жүйрік, содан бері арада 23 жыл өте шыққан екен. Бұрнағы жылы Жандәулеттің құрдастары жетпіс жасын тойлады. Сол кезде марқұмның жары Балжан, ұлдары Қанат, Мақсат аяулы тұлғаны  еске алды. Отбасылық ортаны әкенің жоқтығы ғана толтырмады. Болмаса, қазақтың «Орны бар оңалар» деген даналығы аумай келіп, әкеден жастай қалған екі ұл да жетіліп, оқып-тоқып, үй болып, қызмет баспалдақтарында өрлеп, лауазымды орындарға отырып, бүгінде теңелген еді.  Қанаты — Кеңестер Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе жоғарғы әуе қорғаныс күштері әскери институтын бітіріп, өзі оқыған оқу орнында шәкірттерге дәріс беріп жүр. Мақсаты — әке жолын қуып, әуелі кооператив  колледжін бітірді.  Алматының экономика және статистика институтын тамамдады. Ақтөбе қаласы бойынша  мемлекеттік кірістер департаменті басшысының  орынбасары болып қызмет істейді.  Басты қуаныш —  белгілі әулеттің жалғасы болып, өрімдей немерелер өсіп келеді. Олар аталарының бейнесін суреттен көріп елжірейді…

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*