Басты бет » Әлеумет » Ошағыңның оты өшпесін

Ошағыңның оты өшпесін

Жарықтық Ізім Қарасайұлының отбасын бала күнімнен бері білемін.

Талай тар жол, тайғақ кешуден аман өткен Ізім ақсақал мен Айғанаш анамыз шиеттей бала-шағасын адалдыққа, кішіпейілділікке тәрбиеледі. Олар азамат деген биік атаққа кір жұқтырмастан келеді. Тек әке-шеше көрсеткен ақ жолмен жүріп, нәпақасын адалынан тапты. Бұл әулеттің ұлдары адам баласының ала жібін аттапты дегенді естігенім де, көргенім де жоқ. Сонау бір артта қалған қиыншылыққа толы кезеңде әкенің ақылын басшылыққа алып, өз күштеріне арқа сүйеп, тырбанып еңбек етті. Ешкімге алақан жайып, күнін ешкімге салмады. Ел жасаған сауданың дәмін бұлар да татты.

Міне, бейнетке суарылған осы жылдардың ішінде Ізім ақсақалдың ұлдары құрған компанияда бүгіндері жүздеген адам еңбек етіп, бала-шағаның нәпақасын айырып отыр. Айтсақ, адал еңбек етіп, елдің алғысын алған атпал азаматтардың оң істерін, жұртқа жасаған жақсылығын айтайық.

Анамыз Айғанаш бала күнінен жетімдіктің зардабын көбірек татты.

Әкесі Қияқбайдан жеті жасында, анасы Оразгүлден он үш жасында жетім қалыпты. Иә, ол кез бала біткен алдындағы көжесін жылап ішетін қиындау бір заман еді-ау. Үйдің үлкені болғасын соңынан ерген бауырлары Кеңес, Бәкір, жалғыз сіңлісі Ұштапты арқалап жүріп өсіргені өз алдына, әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білді.

Соғыс басталатын жылы Жайсаңдағы бел немере ағайыны Хангерей әке-шешесіз боздап қалған бұларды жанашырлық танытып, үйіне көшіріп алады. Заман қиын екен деп, іштарлық көрсетпей, өзіне қараған он шақты жанға бар мейірімімен қараған сол бір асыл жандардың жанашырлығын Айғанаш анамыз күні бүгінге дейін айтып келген болатын.

Он төрт жасында Жайсаңдағы тракторшылар даярлайтын мектепті бітірген қаршадай қыз Айғанаш колхоздың бар жұмысына жегілді. Шөп те шапты, сақманға да шықты. Колхоздың озат сауыншысы атанып, аудандық кеңеске депутат болып сайланған. Бесіктен белі шықпай жатып, жетімдіктің зардабын ертерек татқан бауырларына ол осылайша қамқор бола білді. Сұм соғыс Айғанаш апаны тек мігір таппастан еңбек етуге емес, айналасына мейіріммен қарауға да үйретіпті.

Мейірім дегеннен шығады, қай бір жылы осы әулеттің сүт кенжесі Әділ досымның бастамасымен Ізім ақсақалдың аруағына бағыштап естелік кітап даярлағанбыз. Сол кезде Айғанаш апа: «Отағасым соғыстан қандай қиындық көрсе де аман келді. Сол шайқаста бірге туған бауыры Ізмағамбет ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Отағасым өмір бойы жалғыз бауырын іздеумен өтті. Ендігі ойым өзім көре алмаған қайнымның бір дерегін естісем», — деп мұңайыңқырап еді.

Аса әділ Құдайдың шексіз құдіретін қараңызшы? Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің Тула облысының қиян түкпіріндегі Зайцево деревнясындағы бауырластар зиратына жерленген сарбаздардың арасынан Ізмағамбет Қарасайұлының аты-жөні табылған болатын. Кейіннен әулеттің бірнеше адамы әлгі елді мекенге барып, қыршынынан қиылып, сүйегі жат жерде қалған қайсар сарбаз Ізмағамбет Қожаевтың рухына тағзым жасады. Бауырластар зиратынан бір уыс топырақ әкеліп, Мәртөк ауданының Жаңатаң ауылындағы Ізім атаның бейітінің қасына қойып, арнайы мәрмәр тақта орнатылды. «Отағасым ести алмай кеткен қуанышты хабарды естідім. Енді арманым жоқ», — деп толқып еді Айғанаш анамыз сол жолы.

Сөйткен анамыздың әулиедей сыйлап өткен отағасы Ізім атаның жанына барып, мәңгілікке тыныс тапқанына да қырық күндей уақыт зырылдап өте шығыпты. Тоқсаннан асып, шөберенің қолынан ақ ішіп, көрген қуанышы мен қасіретінің барлығын бір Алланың ісі деп қабылдаған, айналасына мейіріммен қарап өткен Айғанаш ана сынды кейуаналардың өз қолымен жаққан ошағының оты өшпесе екен дейсің.

Уақыты құрғыр өңмеңдеп алға озған сайын ақ жаулығы желбіреген аяулы жанға деген жүрегіңнің бір түкпіріндегі сағыныш атты пәк сезімнің тыпырши түсетіні неліктен екен…

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*