Басты бет » Білім » Инклюзивті білім берудің мүмкіндіктері қандай?

Инклюзивті білім берудің мүмкіндіктері қандай?

Елбасының дәстүрлі әр жылғы Жолдауында маңызды мәселелердің бірі даму мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірін лайықты қамтамасыз ету, оларға сапалы білім беруді қалыптастыру екені айқын көрсетіледі.

Биыл «Бақытты бала» жобасы аясында алғаш рет Ақтөбе қаласындағы мектептерден инклюзивті білім беру бағытында арнайы ресурстық орталықтар ашылды. Жаңа оқу жылынан бастап аудан орталықтарында да өз жұмысын бастады. 

«Бақытты бала» жобасы сәтті жүзеге асырылуда

Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарынан қалмай, білім алып, тәрбиеленуіне жол ашады. Енді олар сабақтан тыс уақытта арнайы инклюзивті кабинетке бара алады. Мұнда логопед, педагог-психологтар жұмыс істейді.

— Бүгінгі күні облыста 5600-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленеді. Оның ішінде арнайы және инклюзивті білім беру бағытында барлығы 4851 бала қамтылды. Қалған балалар мектепке дейінгі жаста балабақша кезегінде тұр.

Биыл «Бақытты бала» жобасы аясында білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы түзетім балабақшасы, №2 Ақтөбе қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығы ашылды.  Сондай-ақ «Күншуақ» балалар сауықтыру лагерінде 3 ауысымда 98 мүмкіндігі шектеулі бала демалды.

«Дара» корпоративтік қорының қолдауымен Ақтөбе қаласындағы №1,3,19 орта мектептерде инклюзивтік білім беруді дамыту бойынша ресурстық орталықтар ашылды. Мұндай орталық жыл соңына дейін қаладағы №16 орта мектепте де ашылатын болады, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Талғат Сүлейменов.

Т.Сүлейменовтың айтуынша, өткен оқу жылында білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 2 979,0 мың теңге көлеміндегі қаражатқа 2185 кітап сатып алынды. Соңғы 3 жылда 257 педагог инклюзивтік білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

 №1 орта мектептегі ресурстық орталық

 Биыл мамыр айында Ақтөбе қаласындағы №1 орта мектепте инклюзивті білім беру бағытында ресурстық орталық ашылып, өз жұмысын бастады. Қазір мұнда 18 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, ата-аналардың кеңес алуына арналған орындар, балаларға арналған ойын алаңдары, ой-өрісін дамыту үшін арнайы компьютерлер де орнатылған. Сондай-ақ орталықта логопед кабинеті де бөлек орналасқан.

Орталықтың педагог-психологы, логопед Марина Пузаренко 18 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан білікті маман. «Баланың ой-өрісінің шыңдалуы үшін уақыт қажет», — дейді ол. 

— Өкінішке қарай, жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балалар саны көбейіп барады. Бұл бүгінгі қоғамда толғандыратын басты мәселелердің бірі. 2016 жылдары мектепте 8 бала болса, қазіргі таңда 1-7 сынып аралығындағы 18 бала инклюзивті білім алады. Баланың зейінін арттыру, қабілетін ашу үшін оны тұлға ретінде қалыптастыру бағытында жан-жақты жұмыс істейміз.

Олардың көпшілігінің негізгі диагнозы — ақыл-ой дамуының кешігуі. Сондай-ақ сөйлеу, есту, көру қабілеттерінің бұзылуы.

Әрине, көрсетіліп жатқан қызметтің нәтижесі де жоқ емес. Балалар өз қатарластарымен бірге бір сыныптан келесі сыныпқа көшіп, арнайы қысқа бағдарламалары бойынша білім алады, — дейді Марина Пузаренко.

Инклюзивті білім беру бағытындағы бұл ресурстық орталық «Дара» қоры мен «SAMRUK-KASYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ашылды.

— Мүмкіндігі шектеулі балаларға жылы сезім мен кішіпейілділік керек  болса, білім беру үшін ұстазға, мектеп психологтарына көп еңбек пен төзімділік қажет.  Оларға әрқайсысына жеке жол тауып, оның психологиялық ерекшелікеріне күнделікті бейімделе отырып, оқу бағдарламасына сай білім беру  керек.

Инклюзивті білім берудің өзіндік ерекшелігі бар. Осы тұрғыда білім беру ұйымдарында штаттық кесте құрылса деймін. Себебі бұл орталықта бөлек  логопед, психолог, тағы басқа мамандар болуы керек, — дейді №1 орта мектептің директоры Жездігүл Мұханова.

Ырғызда арнайы түзету кабинеті ашылды

Биыл қыркүйек айынан бастап Ырғыз ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Алмагүл Амандыққызының айтуынша, бүгінгі күні ауданда даму мүмкіндігі шектеулі 94 оқушы  бар.

— Өркениетті елдердің  бәрінде мұндай мәселе бар.  Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамнан оқшауламау керек. Оларды дені сау оқушылардың арасына қосып, өмірге бейімдеу — мектептердегі негізгі мәселенің бірі.

Ерекше балаларға педгогикалық-психологиялық кеңес беру арқылы түзетім жұмыстарын жүргізу үшін арнайы кабинет ашу қажеттілігі туындаған еді. Себебі ата-аналарға кез келген уақытта облыс орталығына барып, кеңес алу қиындық туғызады. Сондықтан аудан орталығынан педагогикалық-психологиялық түзетім кабинетін ашу мақсатында облыстық білім басқармасына сұраныс жасалды. Бұл мәселе биыл оң шешімін тауып, аудан орталығында арнайы ресурстық кабинет ашылды. Инклюзивті білім жүйесі баланы қоғаммен жақындастырады, тәртіпке бағындырады. Қоғам да барлық адамға тең қарауды үйренеді, — дейді А.Амандыққызы.

Қазіргі таңда Ырғыз ауданында облыстық педагогикалық-психологиялық- медициналық түзетім кабинеті арқылы тексерістен өткен  22 бала тіркеліп, құжаттарын тапсырды. Түзетім кабинетінде логопед, дефектолог, сурдопедагог сынды барлығы 7 маман жұмыс істейді.  Алдағы уақытта білім беру ұйымдарындағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету мақсатында кеңес беру, педагогикалық, психологиялық тұрғыда түзетім жұмыстарын жүргізу үшін жекелеген сабақтар мен оқу жаттығуларын үйрету, ата-аналарына кеңес беру жұмыстары жүргізілетін болады.

Алдағы уақытта осындай инклюзивтік білім беруді дамыту бойынша ресурстық кабинеттерді облыстың барлық аудандарында ашу жоспарланып отыр.

Біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім  беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді. Содан бері бағдарлама төңірегінде инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылуда.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*