Басты бет » Спорт » Халықаралық турнир Хромтауда өтті

Халықаралық турнир Хромтауда өтті

Дөң тау-кен байыту комбинатының дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде волейболдан қыздар арасында халықаралық турнир өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Бақытты бала» жобасы аясында Дөң тау-кен байыту комбинатының 80 жылдық мерейтойына арналған доп додасына 2005-2006 жылдары туған қыз балалар бақ сынасты. Байрақты бәсекеге еліміздің Орал, Ақтөбе өңірлерінің командаларымен қатар, Ресей Федерациясынан «Соль-Илецк», «Новокуйбышесвк», «Оренбург», «Екатеринбург» сынды командалары қатысты.

Салтанатты шарада Хромтау аудандық мәслихатының хатшысы Дәурен Молдашев қыздар арасындағы волейбол елімізде қарқынды дамып келе жатқанын айтып, мұндай турнирдің жыл сайын өткізілетінін атап өтті.

Екі ел арасындағы өзара достық пен ынтымақтастықты нығайтып, жас спортшылардың тәжірбие алмасуына зор мүмкіндік беретін турнирге қатысатын спортшылардың қатары жыл санап артуда. Мұндай шара жас спортшылардың қарым-қатынасын қалыптастырып, достықтарын арттыратыны сөзсіз, — деді ол.

Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында ҚР волейбол федерациясының Ақтөбе облысындағы бас маманы Асхат Елеусізов пен Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ ұйымының еңбекті қорғау жөніндегі инспекторы Тимур Ильжасов спортшыларға сәттілік тіледі.

Турнирдің бас төрешісі Ринад Ерғазиннің айтуы бойынша, жарыстың өту тәртібі бойынша командалар екі топта айналма жүйе бойынша өнер көрсетуі шарт.

Ақтөбе өңірінің волейболдан қыздар командасы Хромтау қаласында жасақталған. Облыста қыздар арасындағы волейбол ойыны қарқынды даму үстінде. Оған осы 2004 жылдан бері дәстүрлі өтіп келе жатқан халықаралық турнир дәлел. Ақтөбеден шыққан көптеген қыздарымыз еліміздің құрама командасында және басқа қалалар мен клубтар атынан өнер көрсетіп жүр. Біз сол үшін мақтанамыз, — деді Асхат Елеусізов.

Үш күнге созылған жарыс нәтижесінде Ресейдің Новокуйбышевск қаласынан келген қыздар командасы жеңімпаз атанса, жүлделі екінші орынды «Хромтау-2005» командасы еншіледі. Үшінші орын ресейліктерге бұйырды.

Жеңімпаз командаларға Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин арнайы Алғыс хаттар мен медальдар және сыйлықтар табыстады.

Нұрсұлтан ҚАЗИХАНҰЛЫ,

Хромтау ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*