Басты бет » Тарих » Ұлағат ізі

Ұлағат ізі

Тағзым

Адам тағдыры деген қызық қой. Кейде өзің ойламаған жерден өмір жолдары алысқа алып кетеді. Қалай болғанда әрбір пенденің маңдайына жазылған бір тағдыр бар.

Есімін ел таныған, білім беру саласында биіктерге көтерілген Байұзақ Ермекбаевтың өмірбаянына үңілсеңіз де, ол кісінің талай қиындықтарды бастан кешіріп, өзінің ілгері талабымен, жасымас жігерімен алға ұмтылғанын байқайсыз.

Әйтпесе, сонау аласапыранды 1908 жылы Ырғыздың Қызылжар деп аталатын ауылында дүниеге келіп, есін білер-білместен әке-шешеден бірдей айырылған жас баланың алдында не тұр деп болжауға болар еді?! Оның үстіне заманның өзі сол тұста әрі-бері құбылып, ақ пен қызылдың арбасуы қара халыққа қорқыныш тудырған кезең емес пе еді?

Сол жылдары Орынбордың жұмысшылар факультетінде оқып жүрген көзі ашық ағасы Күшікбайдың қамқорлығымен Шалқар шаһарындағы балалар үйінде тәрбиеленуі Байұзақ баланы жетімдіктің қармағынан біржолата құтқармағанымен, білім жолында көзін ашты, ол осында киімін бүтіндеп, бастауыш мектеп табалдырығын аттады. Осылайша қала көріп, бар мен жоқтың бағасын біліп, тістеніп өскен ол ендігі тірлік бастауы білімде, өзін-өзі қамшылауда екенін ұқты. Сөйтіп, мектепті үздік бітіріп, Ақтөбедегі педагогикалық техникумда оқуға талаптанады. Мұнда да қатарының алдынан көрініп, ілгеріде жүрді. Қолына мұғалімдік куәлігін алған соң алыста қалған атамекенге қайта оралды. Бірден Ырғыздағы жетіжылдық мектепке меңгеруші әрі мұғалім болып орналасты.

Ол кезде мұғалім елдің айнасы іспеттес. Ұстазды үлкен де, кіші де ерекше құрметтейді. Ақсақалдардың өзі бұрылып келіп сәлемдеседі. Кеше ғана осы ауылдан шыққан жас бала осының бәріне іштей қысылғанымен, жауапкершілік жүгінің одан да жоғары екенін сезініп, өзін қамшылай түсті. Енді ғана еңсесін көтере бастаған елге сәулесін түсіруге, халықты сауаттандыру жолында қызмет етуге аянбай кірісті.

Жас маман Байұзақтың еңбек жолдарында Ырғыз аудандық білім бөлімінің инспекторы, аудандық партия комитетінің іс басқарушысы болып қызмет атқарғаны да ресми баяндалады.

Дегенмен, білім жолы қашанда биікке шақырады. Ол әлі де өзін жетілдіруді, жан-жақты ізденуді қалайды. Сол мақсатта отызыншы жылдардың басында, қазақ жастары енді көтеріліп, заман ағымын түсіне бастаған тұста  оңтүстікке — Алматыға қарай сапар шегеді. Мақсаты — ел астанасында болып, жоғары білім алу. Кешегі күні қиындықта қалып, болашағы бұлыңғыр болып көрінген сәттер артта қалғандай еді. Оның қалың тұманның арасынан жарық сәуле іздеген талабы осылайша оңғарыла берді.

Тағдырдың мына сыйын қараңыз. Оның алдынан Қазақ педагогикалық институтының сол кездегі директоры, жаңа заманның жаршыларының бірі болған Бәймен Алманов шығып, Байұзақты тарих факультетіне оқуға қабылдайды, қамқорлығына алып жатақханадан орын береді. Қазақтың көрнекті азаматы сол кезде қалада бағыт-бағдарсыз жүрген қазақ балаларын өзі іздеп жүріп тауып алып, оқуға тартады екен. Бұл жайды жадында жаттап қалған Байұзақ аға кейінгі естеліктерінде ұмытпай, айналасына айтып отырғанға ұқсайды.

Бұған дейін орта арнаулы білімі бар, оның үстіне мектепте, ресми мекемелерде азды-көпті қызмет істеп, өмір сынын бастан өткерген жас жігітке институт қабырғасында білім алу, ұстаздар оқыған дәрісті игеру аса қиынға түсе қойған жоқ. Ол алғашқы сәттен-ақ біліммен бірге саяси жетілуді көздейді.

Байұзақ Ермекбаевтың бағы осылайша ашылады. Ол 1938 жылы аталған оқу орнын үздік  бітіріп, осы білім ордасына оқытушы болып қалдырылады. Тарих кафедрасының аға оқытушысы атанған жас маман институтты былай қойғанда, Алматы секілді ірі шаһардың қоғамдық өміріне де белсене араласа бастайды. Өндіріс орындарында, құрылыс алаңдарында, оқу орындарында уақыт  талабын ұғындыратын лекциялар оқиды, «Білім» қоғамының белсенді мүшесі ретінде танылады. Оны сол уақытта Коммунистік партия қатарына қабылдайды. Жас коммуниске жүктелетін міндет жүгі жеңіл болмайтынын ол жақсы білетін. Сондықтан да партия мүшесі ретінде қандай да тапсырмаларды тиянақты орындап, өзін сенімді қызметкер ретінде көрсете біледі.

Соғыс басталар қарсаңда ол Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының бастауыш және орта мектеп басқармасының бастығы болып қызмет атқарып жүр еді. Күрделі уақыт талабына сай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы болып тағайындалуы оны ел-халықпен бұрынғыдан да гөрі жақындата түсті. Ер-азаматтары майданға аттанып, жетімсіреп қалған қарттар мен әйелдерді, бала-шағаны жақсы күндердің болатынына сендіру, еңбекпен жеңісті жақындатуға үлес қосу қажеттігін түсіндіру оңай жұмыс емес-ті. Сол кезде отыздың үстіне енді шыққан Байұзақ Ермекбаев өмірдің ыстық-суығын көрген, сөзімен де, ісімен де елге тұтқа болу дәрежесіне көтерілген азамат еді.

Сондықтан да оны партия басшылығы сол кездегі қажетті деп саналатын жауапты жұмысқа жіберуді жөн деп тапты. Соғыс жылдарындағы стратегиялық маңызы бар учаске — Гурьев қаласындағы Қазақ мұнай комбинатының партия комитетінің хатшысы қызметіне бекітілуі осындай сенімнің айғағы болса керек. Комбинаттың алдында тұрған негізгі міндет — майданды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету болатын. Бұл қызметте ол өзін саптағы жауынгердей сезінеді. Күні-түні жұмысшылар арасында болып, оларды жігерлендіре біледі. Соның нәтижесінде комбинат ұжымы жеңісті жақындатуға өзінің лайықты үлесін қосады. Оның болашағынан үлкен үміт күткен жоғары басшылық оны нақ осы тұста Мәскеу жоғары партия мектебіне оқуға жібереді.

Қызылорда облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған жылдар да оның кең ауқымдағы мүмкіндігін ашып, көпшілікті жұмылдыра жұмыс істеуіне мүмкін берді. Жалпы, сол бір тұстарда идеологиялық жұмыстарға аса көңіл бөлінетін. Өйткені адамдардың санасын түзеу, оларды бір идеяға бейімдеу басты міндет болып табылды.

Оңтүстік өңірдегі белді де танымал жоғары оқу орны — Шымкент педагогика институтын басқарған жиырма жылдық кезеңі Байұзақ Ермекбаевтың өмір жолындағы ерекше бір тұс болды деп айтуға болады. Ол 1952 жылы осы мұғалімдер институтының директоры болып тағайындалды. Осы жылдар ішінде бұл оқу ордасы облысты былай қойғанда, республика көлемінде педагог кадрларын даярлаудың ғылыми-білім беру орталығына айналды.

Байұзақ Ермекбайұлы ең алдымен институттың материалдық-техникалық базасын жақсартуға күш салды. Жаңадан оқу корпустары бой көтерді. Оқытушылар мен студенттердің тұруы үшін жатақханалар салынды. Ол оқу орнының ректоры және СОКП тарихы кафедрасының доценті ретінде болашақ ұстаздардың жан-жақты жетілуіне, азамат және тұлға ретінде қалыптасуына күш салады.

Кейінгі талдау көрсеткеніндей, Шымкент педагогика институты еліміз үшін көптеген білікті кадрлар даярлағаны белгілі болды. Жоғары оқу орнын бітіріп, алғашқы еңбек жолдарын ұстаздықтан бастаған көптеген мамандар кейін комсомол, партия-кеңес қызметтеріне тартылып, еліміздің жауапты буындарында еңбек етті. Олардың арасында танымал тұлға деңгейіне көтерілгендері де аз емес.

Құрметті еңбек демалысына шыққан соң да ол тыным тауып, бос отырмаған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының оқу-консультативтік пунктінің басшысы болып қызмет атқарып, елімізге қажетті мамандар даярлауға үлесін қосады.

Есімі үлкен әріппен жазылатын ұлағатты ұстаздың еңбегі әрқашан лайықты бағаланып отырды. Ол республикамызда мұғалім кадрларын даярлаудағы, ғылым мен білім саласын дамытудағы ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», басқа да мерекелік медальдары оның еңбегінің көрсеткіші іспетті еді.

Халық ағарту ісінің үздігі атанды. Сол кездегі республикадағы жоғары награда — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алды. Қызмет еткен жылдарында бірнеше мәрте облыстық және қалалық партия комитеттерінің мүшесі болып сайланды. Жергілікті кеңестердің депутаты ретінде халықпен жиі кездесіп тұрды.

Байұзақ аға өзінің өмірлік серігі Сәбира апамен бірге үлгілі отбасы ретінде танылды. Олар жарасты сыйластықта жүріп, жеті перзент тәрбиелеп өсірді. Балаларының үлкені Светлана болса, әке жолын қуып ұстаз болды, математика пәнінің мұғалімі атанды. Екінші қызы Роза Алматы политехникалық институтында доцент болды, техника ғылымдарының кандидаттығын қорғады. Камил болса, ол сол институтта кафедра меңгерушісі болып, ғылым кандидаты атанды. Лора да ғылым кандидаты, ол Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтында аға оқытушы болды. Раясы — балалар дәрігері, ғалым. Серігі дипломатиялық қызмет атқарса, Нұрланы да бүгінде мемлекеттік қызметте, жоғары басшылықта жүрген азамат, Қорғаныс министрі.

Біздің білуімізде, Байұзақ аға құрметті зейнет демалысы жылдарын да мағыналы өткізген. Көбінесе өз ауласындағы бау-бақшамен айналысқан. Өмір бойы жас буынды жайқалтып өсіріп, оларға рухани нәр берген ол табиғаттың тылсым сырларымен де тіл табыса білген. Оның қолынан өсірген тал-теректері бүгінге дейін жайқалып өсуде.

Осы мақаланы жазу барысында қолымызға Ырғыз ауданының Құрылыс селосының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Керіш Ешімовтің естелігі түскен болатын. Онда кезінде Байұзақ ағаның аузынан айтылған «Еңбек демалысым кезінде Әбубәкір Байсалбаев екеуміз туған ауылға барып, көптен көрмеген ағайын-туыстың қуанышына ортақтасып, қайғысын бөлісіп, үлкендерге сәлем беріп тұратын едік» деген сөз келтірілген екен. (Түсінік үшін айта кетсек, Әбубәкір аға да осы өңірдің перзенті, кезінде шаруашылық басшысы, аудандық деңгейдегі жетекші қызметіне дейін көтерілген, сөзі өтімді, ұйымдастыру қабілеті мол жандардың бірі болған).

Ауылдан арман қуып барған жасөспірім жігітке: «Қарағым, туған ауылдан маңдай тіреп келген екенсің, қолдан келген жәрдемімді беремін, институтқа емтихан тапсырып, қабылданғанша, осы үйде боласың, институтқа түскеннен кейін оқу басталған кезде жатақханаға орналасатын боласың, мақта теру маусымы басталғанда көппен бірге мақта теруге қатысасың» деуі де жақсы ағаның жанашырлығын танытады емес пе?! Осының бәрін құрмет, алғыс сезімімен баяндаған Керіш Ешімов естелігін:

«Аға-жеңгемнің ұшан-теңіз жомарт жүректері жылуының арқасында тәрбиелі, білімді азамат болып, білім беру саласында қырық жылдай қазақ балаларына ұстаздық еттім. Осындай дәрежеге жеткізген сол кісілердің жандарының жайсаңдығы деп білемін» деп аяқтапты.

Ең басты қасиеті, Байұзақ аға жастарды еліміздің болашағы, келер күндердің тізгінін ұстаушы деп біліп, олардың жан-жақты жетілуіне, жігерлі болып өсуіне, биіктерге ұмтылуына ұдайы қамқорлық жасап және басқа оқытушыларға да осылайша жол көрсетіп отырған.

Осы көріністердің өзі Байұзақ Ермекбаев сынды сүйегі асыл азаматтың адамгершілік абзал қасиеттерін ашып көрсетпей ме?! Ал ол кісіге алғысын арнаған, ізгі ниеттерін білдірген жандар қаншама екенін есептеу де қиын болар.

Кезінде облыстың Хромтау, Мәртөк аудандарында басшылық қызметтерде болған, кейінгі бір тұстарда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы тізгінін ұстаған Амантай Әліпов аға да өзі қатты құрметтеген әрі ағайындығы бар Байұзақ Ермекбаев туралы жылы лебіздерін ерекше сүйіспеншілік сезімімен айтып отыратын. Айта кететін болсақ, Амантай ағаның өзі де жас кезінде қиындықтарды көре жүріп, күреспен жетілген, Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған ілгері буынның көрнекті өкілі еді. «Біз жас жігіт болып ілгері ұмтылған кезімізде Байұзақ ағамыздың есімі елге біраз танымал еді. Оның білімділігі, қай істе болмасын қайраттылығы бізге үлгі етіп айтылатын. Сондықтан да біздің қатарымыз жақсы ағаға ұқсауға талаптанды», — дейтін Амантай аға.

…Байұзақ Ермекбаев ұзақ жыл жемісті қызмет еткен, әлеуметтік-рухани саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан Шымкент қаласындағы «Самал-2» деп аталатын шағын аудандағы көрікті көшелердің бірі қазір оның есімімен аталады. Осы өңірдің ғылым-білім саласында жемісті еңбек еткен, ұстаздардың ұстазы болған аяулы да абзал жанның жақсы атын бүгінгі ұрпақ осылайша біледі.

Бауыржан ӨТЕУЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*