Басты бет » Жастар » Жастар жылы — жастарға артылған сенім

Жастар жылы — жастарға артылған сенім

Асхат Бегарыстанов,

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өндірістік-техникалық басқармасының инженер-технологі:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауын мұқият тыңдап, ұжымда талқылау, біз үшін, дәстүрге айналған. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі — даму жолындағы мақсат-міндеттердің барлық сала бойынша нақты  айқындалуы. Қазір әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Осыған байланысты Елбасы жаңа технологиялар, роботтандыру және автоматтандырудың еңбек ресурстары мен адам капиталы сапасына қатысты талаптарды күрделендіріп отырғанын атап айтты. Сондықтан әр маман өз саласындағы жетістіктерді саралап, өзін-өзі қамшылап, заман талабына сай жаңаны үйренуге тырысып жүруі керек. Бұл әсіресе, біз секілді жас мамандарға екі есе жауапкершілік жүктейді деп ойлаймын.

Біздің ұжымда жас мамандарды қолдау, соның ішінде баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Зауытта бүгінгі күні 635 жас маман еңбек етіп жүр. «Қазхром» ТҰК» АҚ-ына қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң тау-кен байыту комбинатында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында еңбеккерлерді тұрғын үймен қамту бағдарламасы 2006 жылдан бастап қолға алынған. Сол уақыттан бері 12 үй пайдалануға беріліп, 750 адам баспаналы болды. Мен де солардың бірімін. Жас маман ретінде осыдан 2 жыл бұрын Ақтөбенің Батыс-2 ауданынан екі бөлмелі пәтерге ие болдым. Біздің жас отбасымыз үшін бұл үлкен қуаныш болды. Пәтер дайын күйінде және сатып алу құқығы сақтала отырып, 20 жыл мерзімге берілді. Ай сайынғы төлемі — 30 мың теңгенің шамасында. Бұл қиынға соқпайды.

Елбасы Жолдауында жастарды қолдау — мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналатыны атап көрсетілді. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жастарды қолдау мақсатындағы бастамаға барлық ұжымдар үн қосса деп тілеймін. Өз кезегінде жастар да ел үмітін ақтауға барын салулары керек.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*