Басты бет » Білім » Білім — маңызды бағыттардың бірі

Білім — маңызды бағыттардың бірі

 Шығармашылық академиясында Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның қатысуымен өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы талқыланды. Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева және мектептердің, колледждердің директорлары, балабақша меңгерушілері қосымша білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Алдымен сөз алған Эльмира Суханбердиева Мемлекет басшысының Жолдауының маңыздылығына тоқталып, аталған құжатта білім беру саласына басымдық берілгенін айтты.

  • Елбасы Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып белгіленді. Жалпы Мемлекет басшысының барлық Жолдауларында білім саласына, жастарға арнайы назар аударылып, үлкен қамқорлық көрсетіледі. Соның арқасында көптеген маңызды мәселелер шешімін табуда, — деді вице-министр.

Бұл жолғы Жолдауда Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңды қабылдауды  тапсырды. Эльмира Амангелдіқызының айтуынша, жаңа Заңда педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін азайту, керек емес тексеру комиссияларынан қорғау және тиісті емес жұмыстарға мұғалімдерді жұмсауды тоқтату, және де басқа да шаралар ескерілетін болады.

  • Екі-үш айдың ішінде заң жобасы дайындалып, қоғамдық талқылаудан өтеді. Осы жұмысқа мұғалімдерді, ата-аналарды белсене қатысуға шақырамыз, — деді Эльмира Суханбердиева.

Ол өз сөзінде  Елбасының Жолдауында бірнеше мәселелер көтерілгенін айтып, оларға жеке-жеке тоқталды.

Біріншіден, мектепке дейінгі білім беру саласының мәселелерін шешу.  Бұл саладағы ең өзекті мәселелер: балабақшалармен қамту, бірыңғай бағдарлама енгізу және тәрбиешілердің сапасын көтеру. 1-сыныпқа қабылданатын балалардың дайындығы жақсы болуы тиіс.

  • Балдырғандарды балабақшалармен қамту мәселелері туралы айтсақ, бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында көптеген мектепке дейінгі білім беру мекемелері бой көтерді. Нәтижесінде, жекеменшік балабақшалардың үлесі 30 пайыздан асты. Бұл жалпы әлемдік көрсеткішке сай келеді. Күні кеше Қырғызстанның астанасы Бішкекте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің білім беру саласының қызметкерлеріне арналған съезд өтті. Шарада сөз алған Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков: «Балабақшамен қамтуды 31 пайызға жеткізсек, жақсы болар еді» деп айтты. Ал біздің елімізде бұл бағыттағы жұмыстар мақтануға тұрарлық. Елбасы 2020 жылы 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамту мәселесін толықтай шешуді тапсырды. Қазірдің өзінде 95 пайызға жеткіздік. Ақтөбе облысы бойынша көрсеткіш — 98,1 пайыз. Бұл ретте Ақтөбедегі соңғы жылдардағы қарқынды ерекше айтып өткім келеді. Астана қаласының білім басқармасының басшысы болып қызмет еткен кезімде балабақшалармен қамту бойынша Астана мен Ақтөбе ең соңғы орындарда болған-ды. Астанада тәулігіне 70-80 бала дүниеге келеді. Оның үстіне көшіп келушілер тағы бар. Балаларды балабақшаға орналастыру үлкен мәселе болған-ды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жекеменшік балабақшаларды ашу ісі қолға алынғанның арқасында елімізде бұл мәселе шешімін тауып жатыр, — деді Эльмира Суханбердиева.

Елбасы мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі қызметкерлердің білім сапасын жақсарту керектігін тапсырды. Вице-министрдің айтуынша, жүктелген міндеттерді орындау үшін бірінші кезекте біліктілік курстарының санын көбейту керек.

  • Курстар жалпы дайын. Дегенмен бізде жыл сайын тек мың ғана тәрбиеші-маман курстардан өтеді. Енді олардың санын бір мыңнан он бес мыңға дейін көбейту қажет. Сонда екі жылдың ішінде бұл саладағы мамандардың барлығы бірдей жаңаша мазмұндағы білім берумен қамтылады.

Сонымен бірге, тәрбиешілердің білімін сынақтан өткізу үшін оларға арналған ұлттық тестілеу жүйесі жасалады, — деді Эльмира Амангелдіқызы.

Жолдауда жүктелген екінші міндет — балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында мектептер мен балабақшаларды бейнекамерлармен қамту. Бұл — мектепке дейінгі ұйымның және мектептердің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Қазір еліміз бойынша жалпы мектептердің 80 пайызы,  балабақшалардың 60 пайызы  бейнекамерамен қамтамасыз етілген. Біздің облыста бейнекамерамен қамтылған мектептердің үлесі —  61 пайыз, ал балабақшалардың 52 пайызында бейнебақылау бар. Мемлекет басшысы екі жылдың ішінде бұл мәселені толықтай шешуді нықтап тапсырды.

Үшіншісі,  Елбасы Жолдауда мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді тапсырды. Бұл бағытта министрлік шетелдік мамандарды тарта отырып, бірыңғай мемлекеттік бағдарламаны дайындайды. Сондай-ақ, ұлттық тестілеу енгізіп, барлық облыстарда психолог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарын өткізетін болады.

  • Педагог-психологтарды жаңа тестілеу жүйесі арқылы категорияларын өзгертіп, категория бойынша қосымша айлықтарын көтеріп, жаңа жүйе құратын боламыз. Осы жылдың аяғына дейін жаңа жүйе толығымен талқыланып, дайындалып, Үкіметке енгізілетін болады, — деді вице-министр.

Мектептердегі психологтар саны нормативке сай келмейді. Мысалы, Алматыда әр 900 балаға 1 психологтан келсе, Астана қаласында әр 1000 оқушыға 1 психологтан келеді екен. Вице-министр өз сөзінде педагогтарды балаларға психологиялық қысым жасамауға, оқушылармен әдепті сөйлеуге шақырды.

  • Біз — педагогпыз. Ұлт болашағын тәрбиелейміз. Дегенмен педагогтер тарапынан да кететін кемшіліктер бар. Сыныптағы топ баланың көзінше оқушының фамилиясын атап: «Әй, сен тезірек асханаға барып тамақтанып кел. Аз қамтылған отбасы балаларының тізімінде сен де барсың», — деп оқушының намысына тиіп сөйлейтін мұғалімдер жоқ емес. Бала психологиясына, бала психикасына кері әсер ететін мұндай мазмұндағы ауыр сөздерді айтып, баланың жанын өзіміз де ауыртамыз. Сол себепті, сыпайы сөйлей білейік, — деді Эльмира Амангелдіқызы.

Ол мектеп оқушыларының мінез-құлқындағы өзгерістерді анықтап, психологиялық қызмет жұмысына тек қана мектеп директорлары мен психологтар ғана емес, сынып жеткшілері де белсене араласуы керектігін нықтап айтты.

Төртінші мәселе — Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында мектептерде оқушы орнының тапшылығын азайту бойынша жұмыстар жалғасады.

Үш ауысымды мектептер болуының басты себептері — демография және миграция.

  • Мысалы, 2000 жылы елімізде 222 мың бала дүниеге келсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 400 мыңға жуық болды. Әрине, бұл өте қуанышты жағдай. Мектептердегі орын тапшылығы осыған байланысты болып отыр, — деді вице-министр.

Біздің  облыста 5 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Облыс бойынша 26 мектептің (9 490 орын) құрылысын жүргізу үшін бюджеттен 11,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 750 орынға арналған  9 мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін 14 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде 2 апатты, 2 ескі, 14 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі.
Жиында педагогтар енді әзірленетін «Педагог мәртебесі туралы» Заңға байланысты өздерінің ұсыныстарын жеткізді.

  • Педагогтарды тиісті емес жұмыстарға тартуды тоқтатуды, сенбі, жексенбі күндері қосымша жұмыстарды жүктемеуді ұсынамыз. Сондай-ақ, сынып жетекшілерінің еңбекақысы көбейтілсе, жақсы болар еді, — деді Ақтөбе қалалық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Лида Оралбаева.

Шарада педагогтар Жолдаудың көңілдерінен шыққанын қуана, жарыса айтып, өз ойларын ортаға салды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*