Басты бет » Тарих » Өнегесі өшпейтін Өтеген аға

Өнегесі өшпейтін Өтеген аға

Тағзым

Жаңа мыңжылдықтың басы. Конституциялық кеңестің Төрағасы болып Юрий Хитрин тағайындалды. Ол Бас Прокурор лауазымынан келген болатын.

Көп кешікпей Кеңес аппараты қызметкерлерінің әрқайсысымен жеке танысып, тіпті кейбіріне ыңғайын білдірмегені де сөз бола бастады. Түсі де суық. Менің де кезегім жетті. Жаспын. Қорқасоқтап кірдім. Назарын үстелдің үстіндегі маған қатысты құжаттардан алмастан: «Өтеген Сейітовты білесің бе?» деді. Ондай сұрақты күтпеген басым абдырап қалдым. Сәл тоқтап барып: «Әрине. Ол кеңестік кезеңдегі прокурор» дедім. Кенет: «Демек, білмейсің» деп үзілді-кесілді бір кесті. Ізінше «Шалқардансың ба? Бершүгірде тудың ба?» демесі бар ма. Бұл сұрақтар мені одан әрі састырды. «Иә» деп қысқа қайырдым.

Ол: «Шалқардың жігіттері осал болмайды. Ол жердің азаматтарын жақсы білемін. Соның бірі менің ұстазым Өтеген Сейітов» деді сосын. Сәл тоқтап барып: «Жұмысыңды істе. Менің саған басқа сұрағым жоқ», — дегені қысқа қайырып. Бір айдан соң өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. Барынша сенімін ақтауға тырыстым. Себебі, ол мені жай қоя салмады. Үлкен «сенім кредитімен» тағайындады. Ол сенімінің артында Өтеген Сейітовтің да тұрғанын іштей сезіп жүрдім.

Басшымыз Өтеген Сейітов ағамыздың қызметі мен өмірбаянының кейбір тұстары, азаматтығы мен заңгер, республика прокуроры ретіндегі ұстанымы туралы ара-тұра әңгіме қозғайтын. Әрқашан әңгімесін: «Таких людей, как он, мало» деп түйіндейтін.

Сонымен, Өтеген Сейітов кім болған?

Шалқардан шыққан талай асыл ағаларымыздың ішіндегі ірілерінің бірі. Кеңес заманында республикамыздың сот-құқық қорғау саласында өздерінің қажырлы еңбегі мен білімділігінің арқасында биік дәрежеге жеткен екі шалқарлық азамат бар. Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Төрағасы болған Әбидолла Биекенов және осы әңгіменің арқауы болып отырған Өтеген Сейітов.

Боқтыбай тауына жақын жатқан Бершүгір ауылының маңында 1923 жылы дүниеге келген Өтеген Сейітов жастайынан өмірдің барлық тауқыметін тартып өседі. Себебі, оның балалық шағы өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы аштықпен тұспа-тұс келген еді.

Сол зұлмат заман туралы өзінің «Өмір белестері» кітабында Өтеген Сейітұлы былай деп жазады: «Ол кездер жалпы қиын кездер болатын. Балалардың көбі аштықтан ісіп, азып жүретін. Әр жерден қанша жетім бала алып келсе, ертеңіне сонша баланы арбалап апарып көміп қайтатын. Өйткені, титықтап, әбден ісіп кеуіп келген балалар ауыздарына тамақ тисе, соны көтере алмай, өліп кететін».

Өтеген ағамыздың анасы өмірден ерте кеткен, ал әкесі Сейіт атамыз кеңестің мейірімсіз жазалау механизмінің «өткір тістерінен» азап шегіп, ескіше оқыған, Құдайға сенетін адам ретінде абақтыға жабылып, қудалау көрген. Соның салдарынан жүздеген мың басқа да балалар сияқты Өтеген ағамыз інісі Сағидолла екеуі жетімдіктің ауыр жүгін арқалап өседі. Бұғанасы қатпаған бала кезінен еңбекке араласып, шыңдалған Өтеген аға інісі Сағидоллаға қамқор болып, оған жетімдіктің сырын білдірмеуге тырысады.

Сол кездегі ауыр тұрмыс, жетім балалар үйі, тасбауыр кеңес саясаты, ата-анадан ерте айырылу. Адам табиғатының не сыры бар екенін кім білген, бірақ осының бәрін бастан кешкен Өтеген ағамыз – мейірімді, әділ, қамқоршы, әлсізге қорған болып өседі.

Кеңес өкіметінің қолдан жасаған солақай саясатынан көрген азаптары аз болғандай 1941 жылы соғыс басталып, сол кездегі жас буынның мойнына енді Отан қорғау парызы артылады.

Қайыстай қатқан жауынгерлер, ішінде Өтеген ағамыз, енді қолына қару алып сұрапыл соғысқа аттанады.

1942 жылдың тамызынан 1945 жылдың 9 мамырына дейінгі аралықта сұрапыл соғыстың барлық ауыртпалығын бастан кешеді. Бір ғана Сталинградты қорғаушылардың қатарында болғаны не тұрады.

Өтеген аға соғыс кезінде үш рет ауыр жарақат алып, госпитальде емделеді және әр кезде майданға қайта оралып отырады. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Соғыс аяқталған соң елге оралып, ендігі өмірін заң мерейін үстем етуге жұмсайды. Сол мақсатқа жету үшін ол прокуратураға жұмысқа орналасады.

1945 жылдың желтоқсанында Шымкент облысы Келес ауданының прокуратурасына қатардағы тергеуші болып қабылданып, кейін республика прокуроры деңгейіне дейін жетеді. Бұл қызметті үзіліссіз 18 жыл атқарған ол 1984 жылы зейнеткерлікке шыққан.

Кеңес заманында осыншама ұзақ уақыт республикалық заң қадағалау органына бірінші басшы болу, әрине, оңай емес. Өтеген ағамызға да ештеңенің жай берілмегені анық. Ол үшін тек қана табандылық аз. Алдымен өз ісіңнің маманы, еңбекқор, елін-жерін сүйе білген азамат болу керек екені сөзсіз.

Өтеген ағамыз туралы естеліктерде онымен үзеңгілес болған, көзін көрген әріптестері әрі шәкірттері Юрий Хитрин, Степан Шуткин, Оңалсын Жұмабеков, Гүлжан Қарақұлова және басқалары, оның өте жоғары мәдениеттілігіне, ұстамдылығына, кішіпейілдігі мен адамгершілігіне баса назар аударады.

Тағы бір ден қоя кететін жай, Өтеген ағамыздың прокуратураның бірінші басшысы болған уақыт Димаш атамыз Қонаевтың Қазақстанды басқарған кезеңмен қатар келгендігі.

Әрине, кеңес республикасының прокурорын одақтық прокурор тағайындағанымен,  республика басшылығының келісімінсіз болмайтыны анық.

Өтеген ағамыздың табаны күректей 18 жыл бойы ел прокуратурасын басқаруы оған деген Димаш атамыздың үлкен сенімін білдіреді. Ол өзінің естелігінде «Қонаевтай сабырлы, мінезі бірқалыпты, жұмсақ, маңайындағыларға жайлы адамды кездестірген жоқпын», — деп ол кісіні жылы ықыласпен еске алады.

Қазір Ақтөбе қаласында Өтеген ағамыздың ескерткіші бар. Туған жері Шалқарда мектепке аты берілген, құрметіне көше ашылған. Оның бәрі келер ұрпаққа өсиет, болашаққа аманат.

 Мейрамбай КЕМАЛОВ,

Қазақстан Республикасы

Бас прокуратурасының қызметкері,

әділет кеңесшісі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*