Басты бет » Тарих » Атансауған құлазып тұр…

Атансауған құлазып тұр…

Қайран Атансауған…

Түйені, нарды сауса бірсәрі! Атанды қалай сауады? Мұның сыры әріде жатыр…

…Суы мол құдық басында бес-алты үйден құралған төрт түлігі әуелден көбеймеген кедей ауылдың күнкөрісі жалғыз атан болыпты. Бір жақсысы жолдың бойында. Сонау теңіз жақтан, Үстірт асып, жылына екі рет сәдегерлер атақты Көкжар жәрмеңкесіне келетін. Немесе Орынбор асатын. Керуеннің көш бастаушысының көзі  жусанды далада жарбиып әр жерде шашылып жатқан үйлерге түсетін еді. Түсетін еді де, бел суыту үшін бұрылатын.  Іліп алары жоқ, жұпыны ауылдан керуенбасыларды бұратын тек сары атан еді. Ауылдың іргесінде жайылып жүрген атан жолды қысқартушы боп көрінетін. Айшылық жерлерден арып-ашып келе жатқан керуен лау алмастырып, сол атанды жексе, жүрісі өніп 25 шақырымдай жердегі Мақпалкөлдің өткеліне құлайтын. Одан әрі көлді жердің табанымен жүріп отырып бірер қыр асса, Көкжар тиіп тұр. Жәрмеңкеден қайтарда жаңағы атанды иесіне тапсырып, оған дейін оңалып қалған өз түйелерін жегіп батысқа қарай тартатын. Жылда солай. Атанның еңбегі сол кезде бір ауылды асырауға жететін. Сөйтіп  табысы — атанды жалдап күн көрген ауыл «Атансауған» атанған.

Одан бері сол Атансауған өткен-кеткен жолаушылардың аузында ғана айтылып, атына да көп мән берілмей, жергілікті мал баққан жұрттың өрісіне айналған. Орталықтан қашықтығына қарап көбіне жайлау ретінде пайдаланылды.

Қазір Атансауғанда ұшқан құс пен жүгірген аңнан өзге тіршілік белгісі жоқ. Күл боп кеткен үйінділердің көптігіне, сайдағы құдықтың аңғарына қарап,  бір кезде мыңғырған малдың отаны болғанын аңғаруға болады. Бір кезде осы жерде, төбенің ар жағынан қойын қаптатып кеудесінде медалі жарқырап, атын сипай қамшылап Бекіш келе жатты-ау… Сол жылдары осында талай басшының табаны тиген. Ал қазір онда осы жерден Қазақстанның Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан шыққанын айғақтайтын бір белгі де қалмапты.

Осы бұйығы жатқан Атансауған өткен ғасырдың екінші жартысында күллі одаққа мәлім болды. Атансауғаннан егіздеп, үшемдеп қозы өрді. Әкелі-балалы Ғалым мен Бекіш үшін құтты жер еді ол.

Обалы кәне, еңбек өз жемісін беріп, шаруа жандардың жұлдызын жағып берді. Бірнеше мәрте рекорд қайталанды. Әке таяғын жалғаған Бекіштің аты елдің аузынан түспеді. Жаратылысынан сабырлы, қарапайым, озат шопан сонда бір мінезінен танбап еді, жарықтық! Атақты көтере білді. Еңбектің құлы болды. Өзге шопандардан оза шауып шыққан ерді бәрі мойындады. Бірақ асқақтамады. Еңбек өз алдына, Айсұлу екеуі тоғыз баланы тәрбиелеп өсіріп, немере-шөберелерінің қызығын көрді. Табиғаттың таза  ауасы, құнарлы тағамы оны сексен жастан асырды. Өмірі бейнетпен өрілген адамға бұл аз жас па?

Енді, міне, сол Бекіш те өтті өмірден… Бекішпен бірге шопандықтың биік мәртебесі де бірге кеткендей. Себебі, оның ізін ешкім қайталаған жоқ. Әйтпесе сол дүркіреген Атансауған үйі әлі де алыстан ағарып, қора-жайлары ұзынан-ұзақ созылып айдалаға жан бітіріп жатпас па? Үйдің жанында қойшының еңбегіне берілген қызыл көлікпен қатар,баяғыдай  аудан, облыс басшыларының көліктері керіліп  тұрмас па?

Бекіш жасы келгесін Қарасуға келіп тұрақтады. Бұдан аз күн бұрын еңбектің батыры бар ауыл бақытты еді. Аудан сол шопанымен мақтанатын. Ал облыс болса, соңғы Социалистік Еңбек Ерінің барына шүкіршілік ететін…

Өткен аптаның соңында Ойыл жұрты облыстың көзі тірі «соңғы батырын» ақтық сапарға құрметпен шығарып салды. Бір кездері қойшының көзін көріп, жетістіктеріне куә болған аудан басшылары Сапар Сағынтаев, Өтеміс Әкімовтер арнайы келді. Бекіштей асыл ерден айырылып жатқанда қарттықтың ыңқыл-сыңқылы, жолдың шалғайлығы сөз болып па? Мұндай бақытын еңбекпен тапқан жандар туа бере ме? Қаралы жиында тебіреніп, өткен күннен естеліктер айтып Өтеміс Әкімов сөйлеп жатқанда, еңбек майданындағы досын қимаған Сапар аға бар салмағын балдағына сала көзіне ерік берді. Екеуі талай сапарға бірге шығып еді-ау! Бірі басшы, бірі қойшы арасында ешқандай алшақтық болмапты. Одақтың талай астанасын шарлады. Құрметті бірдей көрді.

Қайран Бекіш… Ойыл жұртшылығы еңбектің биігіне шыққан азаматынан айырылды. Бірақ оның артында қайталанбас рекордтар қалды.

Атансауған қазір құлазып тұр… Бір кездері қыстаудың қорасын қозыға толтырып, әр күнін мерекеге айналдырған жайлаудың сарғайған шилі сайы, шағырлы жусанды төбелері де Бекішті сағынып жоқтап күңіреніп тұрғандай…

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*