Басты бет » Жастар » Бизнеске қадам басқан балалар

Бизнеске қадам басқан балалар

Ілгеріректе мектеп оқушылары жазғы каникулда шөп шауып, көктемде қой төлдетуге қатысатын. Оларды еңбекке баулу осылай жүретін. Бүгінде заман басқаша. Елімізде кәсіпкер болғысы келетін жас көп. Тіпті мектеп оқушылары да жетерлік. Бірақ олар заң бойынша 18 жасқа толмай кәсіпкер атана алмайды. Заң жүзінде кәсіпкер атанбаса да, сабақтан тыс уақытын тиімді пайдаланып, қаражат тауып жүрген оқушылар бар. Біз олардың кейбіреуімен тілдескен едік.

Мейірханның қояндары

Қарғалы ауданына қарасты Петропавловка орта мектебінің 9-сынып оқушысы Мейірхан Меңдіғали — сондай бала-кәсіпкерлердің бірі. Бір жылдан бері қоян шаруашылығына ден қойған. Өткен жылы 2 қоян сатып алып, өз кәсібін бастаған ол, бүгінде алғашқы қояндарын сатып, ақшасын отбасы керегіне жаратқанын айтады.

— Қоян өте өсімтал жануар. Тез көбейеді. Шаруашылықта керегі де осы. Дәл қазір қорамда 10 қоян бар. Бұған дейін бірнешеуін өзіміз сойып жесек, бірнеше қоянды саттым. Алғашында қоян сатып алғанда қандай да бір бизнес бастау ойымда болған емес. Қызыққан соң сатып алған едім. Кейін оның пайдасын көріп-білген соң қызығушылығым тіпті арта түсті. Оның еті  өте дәмді әрі асқазанға жеңіл, — дейді ол.

Мейірханның қорасында бүгінде қоянның екі түрі бар: қоңыр великан және совет шиншилласы. Айтуынша, великан тұқымдағы үй қояндары етті келеді. Салмағы шамамен 5 келіден асады. Кейде тіпті 8-9 келіге дейін ет береді. Ал шиншилла тұқымды қоян великанға қарағанда етті аз береді. Тек кейбірінен ғана ең көп дегенде 7 келі ет алуға болады. Дегенмен ауылда екі қоянның да бағасы шамалас. Шамамен — 3-4 мың теңгені құрайды.

— Мектепте биология сабағын жақсы көремін. Қоянға деген қызығушылығымды  арттырған да сол. Үнемі кітаптан қоян күтімі жөнінде оқып отырамын. Қоянның буаздығы 1 айдай болады. Жылына бірнеше рет көжектейді. Қояндар аса күй талғамайды. Ашық алаңдарда, торда баққан қолайлы. Ал қыстық орнын әзірлеп қойдым, — дейді Мейірхан.

Басқа үй жануарларына қандай азық түрлері берілсе, қояндарға да сондай азықтар беріледі. Мейірхан қояндарын күніне екі рет тамақтандырады. Айтуынша, арпа, бидай, сонымен қатар түрлі тамақ қалдықтарын береді.

Қоян бағу климатқа да тікелей байланысты. Егер климаты жақпаса, қояндардың денсаулығы сыр беріп, өсімталдығына әсер етеді. Бұл олардың етіне, терісіне де әсерін тигізбей қоймайды, — дейді бала-кәсіпкер.

Байқағанымыздай, Мейірхан қоян бағудың қыр-сырын меңгеріп алған. Ол өзінің үй қояндарынан бөлек мектеп жанындағы қоян өсіру шаруашылығына да көмектеседі. Ұстаздарының айтуынша, сабақ үлгерімі де жақсы. Болашақта биология саласына келгісі келетіндігін айтады.

ӘСЕМ — АҚТӨБЕДЕГІ ЕҢ ЖАС ТІГІНШІ

 Мектеп қабырғасында жүріп-ақ табыс тауып жүрген оқушылардың бірі — Әсем Сүйімбаева. Оның тіккен көйлек-жейделері бүгінде туыстары мен құрбыларының арасында сұранысқа ие. Түрлі юбкалар мен сәнді көйлектер тігіп, қаражат тауып жүрген Әсем қаламыздағы №30 орта мектептің 10-сыныбында оқиды.

Он жасынан бастап қалалық оқушылар сарайындағы арнайы үйірмелерге барып, өзінің тігіншілік қабілетін ұштап алған жас дизайнер бүгінде тігіншіліктің арнайы курсын бітіріп алған. Сабақтан қолы қалт етсе, тігін машинасына отырады.

— Ата-анам бұл ісіме ешқашан қарсы келген емес. Олар керісінше мені үнемі қолдап отырады. Бүгінде сабақтан сәл қолым босаған кезде арнайы тапсырыс бойынша түрлі көйлектер тігіп жүрмін. Анам сыйлық ретінде тігін машинасын да сатып әперді. Менің бұл сүйікті ісім сабағыма еш кедергісін келтірмейді, — дейді жас тігінші.

Бүгінде өзі табыс тапқалы Әсем математика, ағылшын тілі секілді арнайы курстарға бару үшін үйінен ақша сұрамайтын болған. Өз тапқаны, өзіне жетеді.

— Біліміңді арттыру үшін сабақтан тыс уақытта баратын арнайы курстардың маңызы зор. Ал мен бұл мақсатта математика мен ағылшын тілі сабақтарына барамын. Олар ақылы. Бұрын керек ақшаны үйден сұрайтын едім. Қазір отбасыма  салмақ салмауға тырысамын. Дегенмен менің тапқан табыс көзімді анам үнемі бақылап, ақшаны қайда жұмсап жатқанымды сұрап отырады, — дейді Әсем.

Кейіпкеріміздің негізгі ісі — әйелдер киімін тігу. Дегенмен, дизайнерлік өнерден кенде емес Әсем түрлі тастардан әшекей бұйымдарын да әзірлей алады. Он саусағынан өнер тамған Әсемнің тіл үйренуге деген құлшынысы да жоғары.

Болашақта мықты педагог болуды армандаймын. Сөзіне ісі сай маман болу үшін — үнемі ізденіс қажет. Мен барымша оқып, оқығанымды көңіліме тоқып жүрмін. Ал тігіншілік — менің қосымша табыс көзім. Былайша айтқанда, хоббиім деуге болады. Дегенмен болашақта қаламызда «Әсем» дизайнерлік киімдер салоны ашылып жатса, еш таңғалмаңыз, — дейді Әсем.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ…

Еуропаның кейбір елдерінде жастарға 18-ге толмай тұрып-ақ кәсіпкерлікпен шұғылдана беруіне мүмкіндік жасалған. Мәселен, Чехияның азаматтық кодексі 16 жасқа толған баланың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне, жылжымайтын мүлік сатып алуына, банкпен келісім жасасуына 2014 жылдан бастап рұқсат еткен.

ЗЕРЕНІҢ ЗЕРЛІ ӘЛЕМІ

Зере Тыныштықбаева да өзге замандастары секілді қаршадайынан сұлулық сыры әлеміне кіріп, аз да болса табыс тауып жүрген балалардың бірі. Қаламыздағы №33 орта мектепте оқитын Зеренің жасы — 14-те. Сабақтан қолы қалт етсе, асүйде түрлі тәттілер пісіретін Зере қыз — тырнақ бояудың шебері.

Заман талабына сай, бүгінде маникюр жасайтын өнім түрлері көп. Сондай-ақ тырнақ сәндеудің жаңа технологиялары да күн санап көбейіп келеді. Соңғы кездері тырнақты гельді лакпен бояу сәнге айналды. Бұл лактың ерекшелігі, ұзақ уақыт тұрады. Үнемі үй тірлігімен айналысатын нәзік жандыларға керегі де осы еді.

Кішкентай Зере осы әдісті меңгеріп алған. Ал іске қажетті лактар мен құралдарды анасы сатып әперіпті.

— Тырнақ бояп, оны түрлі дизайнда сәндеп жүргеніме бір жылдай уақыт болды. Анам сән салонында жұмыс жасайды. Сонымен бірге барып жүргенде салонда жұмыс жасайтын апайларға қызыға қарайтынмын. Кейін анамнан маған да тырнақ бояуды үйретуін сұрадым, — дейді Зере.

Айтуынша, алғашқы клиенті де өз анасы болған. Қазір сән әлемінің қыр-сырымен танысып жүрген Зере қыз болашақта актриса болуды армандайды. Ал қыркүйек айы басталғалы кәсібін уақытша тоқтатып, тек сабаққа ден қойыпты.

— Каникул кезінде анаммен бірге салонға барып, қосымша табыс тауып жүрдім. Алғашқы ақшамды да, кейінгілерін де анама беремін. Барлығын ол кісі өзі жаратады. Оқу жылы басталғалы тек сабақ оқудамын. Өйткені жаңа сынып, жаңа сабақтар қосылды. Барлығын игеріп алған соң, қосымша сүйікті ісіммен де айналыса беретін боламын, — дейді Зере.

Психолог пікірі

Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде балалар заң бойынша 18 жасқа толмай кәсіпкер атана алмайды. Дегенмен мектепте оқып жүріп, өз кәсібімен айналысып жүрген оқушыларға қатысты психолог пікірін білген едік.

Бірнеше жылдан бері балалар психологиясымен айналысып жүрген психолог Анар Нұрмағанбетова оның еш жамандығы жоғын айтты.

— Бұл ретте байқағаныңыздай, балалардың барлығы біреудің күшімен емес, өз еріктерімен сүйікті ісімен айналысып жүр. Оның еш сөкеттігі жоқ. Жалпы бизнес  тек алып сату дегенді ғана білдірмейді. Ол — тұнып тұрған идея. Жастайынан өз идеясын қалыптастырып, оны шын мәнінде жүзеге асырған бала өмірде ұтылмайтын болады. Кәсіпкерлік ойлау дағдысы ерте қалыптасқан бала ол ережелерді өмірде пайдалану арқылы жетістікке жетеді, — дейді психолог.

Р.S. Кейіпкерлерімізбен сөйлесе отырып ұққанымыз, олардың барлығы білімді, ойлары терең, идеялары мықты балалар. Мектепте оқып жүріп-ақ азғантай болса да кәсіппен шұғылданып жүр. Еңбекке ерте араласқан балалардың қай-қайсысы да барлық табыстың кілті білімде екендігін жасырмады. Ал балалар үшін ең алдымен керегі де осы…

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*