Басты бет » Басты жаңалықтар » Астанада «Дару» республикалық оңалту орталығы салынады

Астанада «Дару» республикалық оңалту орталығы салынады

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді.  Әуежайда Мемлекет басшысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарсы алды.

Елбасы алдымен еліміздің батыс өңірінде тұңғыш рет ашылған  «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысын орталық дәрігерлері мен шетелден келген профессорлар зор ықыласпен қарсы алды.

Көз ауруларын емдейтін бірегей офтальмологиялық орталық өткен жылы іске қосылған болатын. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында ашылған емдеу мекемесі  күніне 500 адамды қабылдайды. Науқастарға 150 маман қызмет көрсетеді. Жергілікті дәрігерлерден құралған мамандар Германия, Австрия секілді шетелдердегі  үздік емханалардан  тәжірибеден өтіп келген. Жүзеге асырылған жобаның жалпы құны —  3,8 миллиард теңге. Елбасы орталықтың емханасын аралап көрді. Диагностикалық кабинеттер мен ересектерге және балаларға арналған палаталарды қарады. Операция жасайтын залды көрді. Сондай-ақ ақтөбелік дәрігерлермен бірге жұмыс жасап, өз тәжірибелерін үйретіп жүрген шетелдік мамандармен тілдесті. Оның ішінде аймаққа жақсы таныс, Ресейдің Орынбор қаласындағы С.Федоров атындағы салааралық көз микрохирургиясы ғылыми-техникалық кешенінің директоры Александр Чупров Елбасыға жаңа орталықтың мүмкіндіктері көп екенін айтты.

—  Ұзақ жылдардан бері ақтөбелік әріптестерімізбен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Көз ауруларын емдеу, сауықтыру бағыты бойынша тәжірибе алмасамыз. Ақтөбедегі жаңадан ашылған офтальмологиялық орталықты көргенде таңғалдым. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Мүмкіндіктері өте көп. Орынбордағы кешеннен еш айырмашылығы жоқ. Расын айту керек, соңғы жылдары біздің орталыққа Ақтөбеден келетін науқастардың саны екі есеге азайды. Бұл — ақтөбелік мамандардың жетістігі. Мен орталықтың әрі қарай жандануына тілекшімін. Біздің әріптестік байланысымыз үзілмейді, — деді Александр Чупров.

Бұған дейін көз ауруына шалдыққан ақтөбелік науқастар Орынбор, Мәскеу, Уфаға  ағылатын. Жылына екі мыңға жуық науқас көрші елде емделетін. Ал «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы ашылған кезде  бұл көрсеткіш азайды. Себебі Америка, Германия және Жапония елдерінен шығарылған заманауи үлгідегі емдеу-диагностикалық құралдармен жабдықталған орталықта алты ота жасайтын зал бар.  Бұрын-соңды жасалмаған күрделі операция түрлері қазір  осы жерде тегін жасалады. Емхана мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайды. Осы жағдайды Елбасыға түсіндірген «Дару» оңалту орталығының бас директоры Ғалымжан Елеуов ресейлік әріптестерімен байланыс жалғаса беретінін айтты.

Жалпы офтальмологиялық орталықта көз ауруына шалдыққан науқастардың барлығына ем жүргізіледі. Орталық ашылғаннан  бері 1500 адамға медициналық қызмет көрсетсе, оның ішінде 800-ге жуық науқасқа операция жасалған. Егер аса күрделі ота болса, шетелден білікті маман шақыртылады. Олар өз тәжірибелерімен бөліседі.

Ақтөбедегі медициналық кластерді қалыптастыруда ғалым, білікті маман ретінде өз үлесін қосып жүрген Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Ли Мемлекет басшысына екі ел арасындағы медициналық  ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ықпал еткені үшін алғысын білдірді. Екі жақты байланыс аясында Ақтөбе облысында бауыр ауыстыру операциялары жүзеге асып жатқанын айтты. Елбасы да профессорға алғысын білдіріп,  Оңтүстік Кореямен арада берік іскерлік қарым-қатынас орнағанын, оның медицинасы мықтап дамыған ел екенін айтты. Мемлекет басшысы Түркияның «Башкент» университетінің президенті Али Хаберал, осы университеттің профессорлары Мехмет Вароглу, Мурат Муратоглу және австриялық «Аскин» компаниясының бас директоры Паул Ральф секілді шетелдік медицина мамандарымен пікірлесіп, осы саладағы екі жақты ынтымақтастық  үшін алғысын білдірді.

«Дару» — еліміздегі бірегей оңалту орталығы. Осыдан екі-үш жыл бұрын  Елбасы Ақтөбеге келген сапарында орталық жұмысымен танысып, оны еліміздің өзге аймақтарында да  дамыту керектігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін осындай орталықты Астана қаласында салу көзделді. Орталықтың бас директоры Ғалымжан Елеуов Елбасыға ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, яғни мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде  елордада республикалық медициналық оңалту орталығын салу жоспарланып отырғанын айтып, жобаның макетін таныстырды. Орталықта  кардиология,  травмотология, ортопедия, яғни төрт-бес бағыт бойынша науқастарға оңалту шаралары жүргізіледі. 350 орынға негізделген кешенде ересектермен қатар балаларға да ем-дом жасалады. Оның ішінде церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға ерекше мән беріледі. Қазір құрылысқа қажетті  жер бөлініп тұр. Түркиялық компания жоба жұмысын аяқтаса, құрылыс келер жылы басталады. Елбасы жобаны мақұлдап, сәттілік тіледі.

Орталықты аралап көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  ақ халаттылардың еңбегіне табыс тілеп, ел медицинасының өркендеуіне үлес қоса берулеріне тілектестігін білдірді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*