Басты бет » Басты жаңалықтар » Теннис орталығына барды

Теннис орталығына барды

Елбасы Батыс-2 ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған «Асе» теннис орталығына барды.

Мемлекет басшысын орталықтың жаттықтырушылары мен жас спортшылары жабық кортта күтіп алды. Орталықтың тәрбиеленушілері Демид Горбачев пен Зара Дәркен жас теннисшілер атынан Елбасына шынайы ризашылықтарын білдірді.

Елбасы жас спортшылар ұсынған теннис добына өз қолтаңбасын қойып, алаңда символикалық соққы жасады.

  • Бүгінгі күні еліміздің барлық өңірінде теннис орталығы бар. Бұрын мұндай орталықтар болған жоқ. Толағай табыстар осы жерден басталады. Ешкім чемпион болып тумайды, — деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас теннисшілермен әңгімелесу барысында әрдайым жеңіске деген сенімдерінің берік болуына, батылдық пен спорттық шеберлік арқылы алға қойған мақсаттарына жетулеріне тілектестік білдірді.

Бұдан кейін Елбасы жас спортшылармен естелік суретке түсті.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған «Асе» теннис орталығы балаларды 6 жастан бастап қабылдайды. Алдағы уақытта орталықта 500 бала теннисті тегін үйреніп, әртүрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

Жаңа спорт ғимаратын салған инвестор, кәсіпкер Аркадий Нидің айтуынша, жалпы көлемі 7 мың шаршы метр болатын теннис орталығында «хард» қатты жабындысы төселген 4 жабық және 4 ашық корт бар. Сондай-ақ ғимаратта жаттығу залы, мәжіліс залы, фитнес залы, киім ауыстыратын бөлмелер орналасқан. Жоба құны — 1,5 млрд теңге.

  • Бүгінге дейін қаладағы жас спортшылар, балалар Кірпішті ауданындағы теннис орталығына барып келді. Міне, биыл қаланың Батыс-2 ауданында жаңа орталық ашылғалы отыр. Бұл жерде 500 бала теннис үйреніп, спорттың осы түрімен айналыса алады. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы 8 мектепте теннистен секциялар ашылып, оларда 150 оқушы дәріс алуда. Сондықтан бұл орталық балалардың қолайлы жағдайда спортпен айналысуына мүмкіндік береді. Ғимарат халықаралық стандартқа сай салынды, — дейді кәсіпкер А.Ни.

Айта кету керек, барлық корт халықаралық талаптарға сай келетін жарық беру жүйесімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ орталықта екі адамға арналған 30-дан астам бөлмеден тұратын қонақүй бар. Қазіргі таңда орталықта 50 адам жұмыс жасайды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*