Басты бет » Ауыл » Нұрболаттың жаңарған шаруашылығы

Нұрболаттың жаңарған шаруашылығы

Шаруаның түйінін техника шешеді

Өткен қыркүйек айының басында Хромтау ауданында күзгі науқандық жұмыстармен танысып жүріп, «Наурыз» шаруа қожалығының егінжайына соқтық. Сонда бізді  сүйсіндірген — шаруа қожалығының егінжай басында сап түзеп тұрған техникалары болды. Олар шетінен су жаңа, немесе кейінгі бір-екі жылдықта алынған екен. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласа жүріп, өзімізді бұл саланың техникаларынан хабарымыз бар деп есептейтінбіз. Бірақ мына жерде бізге таныс емес жаңа техникалар да ұшырасты. Бір жақсысы, осы сәтте көмекке аталған шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Малсақбаев келе қалды.

— Бүгінде шаруаның түйінін техника шешеді. Ол және атасы техника емес, жаңа технологиямен жұмыс істейтін осы заманғы озық техника болу керек. Кейінгі жылдары біз ең әуелі мемлекеттің қолдауына сүйеніп, сосын өзіміздің азын-аулақ қаржымызды осы мақсатқа бағыттап, осындай бүгінгі талапқа жауап беретін техникаларды ала бастадық — деп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, түсінік берді.

— Астық дақылдарын сеуіп, жинағанда, егістікті өңдегенде жоғары өнімді, озық технологиялық техникалармен әлдеқайда тез жинауға болады. Мәселен, мына «Беларус» тракторына тіркелетін егістікті  өңдейтін бүріккіштің алымы 25 метрді қамтиды. Біз мұны егіске дейін және егістен кейін көктеп шыққан өскінді гербицидпен өңдеуге пайдаланамыз, — деді. Шынын айтсақ, біз бұл жаңа агрегаттың қандай шаруаға жегілетінін білмей тұрғанбыз.

Одан кейінгі егістікке арналған «Агрегатор» кешенінің де көрсететін қызметі көпсалалы болып шықты. Кешен бір өзі культивациялау, тегістеу, жерге тыңайтқыш пен тұқым енгізу жұмыстарын бір мезетте атқарады.  Осындай қадірлі техникалар алыс шетелден әкелінбеген. Алғашқысы өзіміздің Қазақстанда, Петропавл қаласында, екіншісі Ресей Федерациясының Татарстанында  жасалған. Бүріккіш техника шаруашылыққа 4 миллион 200 мың теңгеге, ал егіс кешені 4 миллион 19 мың теңгеге түскен.

Фермер оларды «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы жылдық 14 пайызбен лизингке алған. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды.

— Егер мұндай техникаларды алыс шетелдерден алатын болсақ, оған біздің шашымыз да жетпес еді, — дейді фермер. Расында да, айтып отырса, алыс шетелдің осындай техникалары әлдеқайда қымбат және АҚШ долларымен есептеледі екен.

Шаруа қожалығы мемлекеттің осындай қолдауының арқасында басқа да қуатты техникалармен жарақтанған. Тек кейінгі жылдары шаруашылық үр жаңа үш трактор, «КамАЗ» жүк көлігін және екі  «Вектор» комбайынын алған.

Осы техникалардың сапында пішенді орамалап буатын қондырғы мен тиісті орындарға жеткізетін  ауылшаруашылық тасымалдау құралдары да тұрды. Бір кездегі пішенді тайлап буатын қондырғыға қарағанда, мұның өнімділігі әрі тиімділігі сөз болды. Көктей  орылып, орамалап буылған сабақты судан шөбі тасымалдау көлігіне сықай тиеліпті. Малға жұғымды бұл көкмайса биыл бітік шыққан. Әр гектарға 150 центнерден  айналған. Бұл шаруашылық  азықтық  дақылды екінші рет орып алған.

Фермер өз ісіне сенімді

Техника паркін осындай жаңа технологиялармен жаңартып алған фермер орақ науқанын ұзатпай аяқтайтынын, астықты Простордағы элеваторға өткізіп, ал буылған пішенді «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсыратынын айтып, құлшынып тұрды.

Биыл көктемнің жайсыздау болғанына қарамастан, шаруашылық егіс көлемін жылдағыдан кем салмаған. Жалпы егістің көлемі 1,5 мың гектарға жуықтайды. Оның 900 гектары — бидай, 200 гектары — судан шөбі, 100 гектары — мақсары. Биылғыдай қолайсыз жылдың өзінде дәнді дақылдың әр гектарынан мұнда 9-10 центнер өнім жиналды.

Шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Қилыбайұлының әңгімесіне қарағанда, бұл шаруашылық Әйтеке би ауданының сол кездегі Ярослав ауылында құрылыпты. Кейін 2001 жылы осы Хромтау ауданының Абай ауылдық округіне ауысқан. Негізінен шаруашылық өсімдік шаруашылығымен, оның ішінде дәнді дақыл, мал азығындық және майлы дақылдар өсірумен айналысады. Әсіресе майлы дақыл өсіруде 2001 жылдан әжептәуір тәжірибе жинақтаған. Фермер мұның табысты сала болатынына сенімді. Себебі көп ұзамай осы шаруашылықтың тура іргесінде күнбағыс майын және мал азықтық жымық шығаратын, қуаты жылына 35 мың тонналық,  алып зауыт іске қосылмақ. Ол  майлы дақылдардың барлық  түрлерін қабылдайтын болады.

Аудан әкімі Аманғали Бердалин егін шаруашылығындағы Бауыржан Қондыбаев басқаратын «Ақжар-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  және  Нұрболат Малсақбаевтың «Наурыз» шаруа қожалығының егіншілік саласындағы биылғы табыстарын  жоғары бағалады. Жалпы тек бұл аталған шаруашылықтар  ғана емес, өзге де егіншілікпен айналыстатын шаруа қожалықтарының ісі тыңғылықты болып шықты. Соның нәтижесінде Хромтау өңірінде биыл 46 мың гектар алқапқа дәнді дақыл салынып, одан тәуір өнім жиналса, ол осындай үлгілі шаруашылықтардың арқасы.

Қамқорлыққа сай қайтарым қажет

Әрине, бұған қарап бұл өңірдің егінші қауымы болып-толып отыр деуге болмайды. Алда әлі де көп міндеттер тұр.  Хромтау ауданында болып, шаруашылықтың жай-күйімен танысқан кезде облыс әкімі бұл міндеттерді жан-жақты баяндады. Яғни мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отырған шақта хромтаулық диқандар көп жұмыс жасауы керек. Фермерлерге гербицидтер мен тыңайтқыштар сатып алғаны үшін шығынының 50 пайызын субсидиялайды. Сондай-ақ техника алғанға да көрсетілетін инвестсубсидия бар. Егіс себу мен астық жинау науқандарында аразандатылған жанар-жағармай беріледі. Мемлекет цифрлық технология енгізуге және өндірісті жаңартуға да көмектесуде. Сондықтан, облыс әкімінің атап көрсеткеніндей, осы мемлекеттік қолдаулардың игілігін көре отырып, фермерлер жерді тиімді пайдалануда, оның құнарлылығын сақтауда, егістің агротехнологиялық талаптарын сақтауда, инновациялық жаңалықтарды енгізуде көп жұмыстар жасау керек. Сонда ғана егіншіліктен жоғары өнімге қол жеткізуге болады. Хромтау өңіріндегі тәжірибелі фермерлердің бірі Нұрболат Малсақбаев  бұл міндеттерді жақсы түсінеді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*