Басты бет » Әлеумет » Электронды төлем оңтайлы тәсіл ме?

Электронды төлем оңтайлы тәсіл ме?

Ақтөбеліктер қоғамдық көліктердегі электронды төлем жүйесін пайдалануға қаншалықты дайын? Электронды жүйенің алғашқы кезеңі қашан іске қосылады? Алдымен қаладағы қай автобустар жаңа жүйе бойынша  жұмыс істейді?

Осы және өзге де сұрақтар тұрғысында Ақтөбе қаласының  жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы директорының орынбасары Әнуар Саматовпен тілдескен едік. Сонымен…

Цифрлық технология — экономикалық серпілістің ең тиімді тетігі. Ал оны қолдау арқылы дамудың жаңа кезеңіне қадам басу — халқымыз үшін басты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еліміздің дамуы үшін өндіріске озық технологиялар мен инновациялар енгізу қажет екендігі айтылды. Ал елімізде жаңа технологияларды жетік меңгеру мақсатында қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының екінші бағытында көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда экономикасы салаларына цифрлы технологияны ендіру турасында айтылған.

Бүгінгі таңда еліміздің ірі қалалары Астана мен Алматыдағы қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол төлеуге тыйым салынды. Сондай-ақ көрші Батыс Қазақстан облысында да электронды билет жүйесі енгізілген.

Еліміздің санаулы ғана қалаларында жұмыс жасап жатқан бұл жүйе бүгінде әлемнің біраз елінде жүзеге асқан. Көп ұзамай көптің көңілінен шыққан жаңа жүйе Ақтөбедегі автобустарда да орнайтын болады.

— Жаңа жүйенің жауапкершілігі өте жоғары. Дегенмен үстіміздегі жылдың қазан айына дейін сынақты режимде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні арнайы аппараттары әкелінді. Жасыратыны жоқ, олардың құны өте қымбат. Қауіпсіздігін қадағалап отыру үшін алдымен пилоттық режимде бейнекамералар орнатылған маршруттарға орнататын боламыз. Алдымен орталықта жүретін, бейнекамерасы орнатылған №46 маршрутқа қондыруды көздеп отырмыз, — дейді «Ақтөбе қаласының жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС  директорының орынбасары Әнуар Саматов.

Жүйе іске қосылғаннан кейін электронды картаны жол бойындағы дүңгіршектерден сатып алуға болады. Ал картаның есепшотын толтыру терминалдар арқылы жүзеге асырылады.

— Қазіргі уақытта карточкадағы есепшоттарды толтыру бойынша Киви кошелек, Касса 24 секілді электронды төлем жасау жүйелерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жүйе толықтай іске қосылған соң тағы да халықты құлақтандыратын боламыз. Жүре бара әр адамның картасын есімдік (именные) ету ойымызда бар. Бұл өте ыңғайлы әрі қауіпсіз, —  дейді Әнуар Саматов.

Ал қала қонақтары үшін бір реттік төлем жасайтын арнайы карталар болады. Егер оны сатып алуды құп көрмесе, жолаушы жол ақысын екі есе жоғары бағада төлейтін болады. Бұл — өзге қалаларда да қолданылып келе жатқан әдіс.

Көлеңкелі бизнестің жолын кесу, қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында енгізілгелі отырған жүйені Ақтөбе қаласының жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС алдағы жылдары толық қолданысқа енгіземіз деп отыр. Бүгінгі таңда аталған мекеме электронды аппараттардың 10-ын алдырған.

Айтуыларынша, сынақты режимде кондукторлар бұрынғысынша жұмыстарын жалғастыра береді.

— Жүйе толықтай қолданысқа енгенше кондукторлар жұмыстарын жалғастыра береді. Жаңа жүйенің жаңалығы көп. Өйткені болашақта кондуктор болатын адам қалмайтын тәрізді. Қазірдің өзінде бұл жұмысқа сұранушылар күн санап азайып барады, — дейді «Ақтөбе қаласының жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС  директорының орынбасары Әнуар Саматов.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Жолаушыларды тасымалдаушы мекемелер сынақты режимде жұмыс жасап көргеннен соң тұрғындар толығымен жаңа жүйеге үйренеді деп болжап отыр.

Ал әзірге қала тұрғындарының электронды төлем туралы пікірлері сан алуан. Қала аялдамаларында автобус күткен ақтөбеліктердің жаңа төлем жүйесі туралы пікірлерін білген едік.

Райымжан, қала тұрғыны:

— Қоғамдық көлікпен жүретіндердің бірімін. Маған қазіргі жүйе ұнайды. Қолыңдағы ақшаңды беріп, түсіп кете бересің. Ал карточкаға көшкен жағдайда көптеген түсініспеушіліктер болатын секілді. Алдымен оны сатып алуың қажет. Кейін үнемі толтырып отыруың керек. Оның өзі үлкен жұмысты талап ететін секілді.

 

 

Досым, қала тұрғыны:  

— Менің өзімнің жеке көлігім бар. Сондықтан маған бәрібір. Ал біздің аналарымызға қолайсыздау болатын сияқты. Ол кісілерге қазіргі жүйе ыңғайлы ғой. Электронды төлем жүйесіне көшпес бұрын, автобустардағы мәдениетті қалыптастырып, жүргізушілерді тәртіпке келтіру керек тәрізді.

 

 

Базаргүл, қала тұрғыны:

— Электронды төлем қай жерде де өте ыңғайлы ғой. Менің еш қарсылығым жоқ. Керісінше қуанар едім. Бұның өзі еліміздің дамып келе жатқандығын көрсетеді.

 

Аружан, студент:

— Ақтөбенің қоғамдық көліктері дайын болса, аталған жүйеге біз дайынбыз. Алматы қаласына барғанда көргенмін. Өте ыңғайлы. Адамдарды өзіндік тәртіпке шақырады. Кез келген жолаушы өзі жолақысын төлеп, діттеген жерінен түсіп қалады. Дамыған елдердің барлығында бар жүйе ғой. Сондықтан тек оң бағамды беремін.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*