Басты бет » Жаңалықтар » Тұрмысты жақсарту тұғыры

Тұрмысты жақсарту тұғыры

Елбасының халыққа арнаған кезекті Жолдауы ұстаздар қауымы үшін ерекше жағымды жаңалықтарға толы болды. Басты мақсаты — Қазақстан халқының жаһандық бәсекеге қабілетті ел болуын көздеген Жолдаудың әр бағыты ел жүрегінен орын тапқаны сөзсіз.

Депутат ретінде барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмысын жақсарту көзделгені сүйсіндірсе, білім саласының қызметкері ретінде қуантқаны —  Елбасының білім мен ғылымға деген кезекті қамқорлығы. «Педагог мәртебесі туралы» заңның әзірленуі әр педагог үшін ерекше сый болды. Жолдауда педагог мәртебесін көтеруге, оқытудың жеке бағдарын жасауға, оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайтуға мүмкіндік жасалғаны педагогтар қауымы тарапынан өз қолдауын тапты. Еңбекақының көтерілуі, жоғары оқу орындарындағы білім сапасын көтеріп қана қоймай, түлектердің жұмысқа тұруын басты жауапкершіліктердің біріне айналдыру, шетелден тәжірибе алмасу үшін топ менеджерлер тарту сияқты мәселелер оқытушылар санасындағы негізгі мақсаттардың бірі болатын.

Маңызды құжатта білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандартқа негіздей отырып, нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету көзделген. Әсіресе,  мектептің өзінде балаларды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу, кәсіби диагностика жүргізу — кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары үшін айқын бағыт, нақты қадам болмақ.

Ертеңге қадам бүгінгі істен десек, қоғам мен мемлекеттің тұғыры мықты болуы — білімде. Білімді ұрпақ — ел болашағы, ал оқу мен тәрбиенің тұтқасы — білікті педагогтың қолында. Педагог мәртебесі артқан сайын оқу мен тәрбие көкжиегі де кеңейе түспек. Осы орайда Елбасы Жолдауының рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытып, ірі істерге бастау болатыны сөзсіз.

 

 Жеңісгүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА,

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*