Басты бет » Білім » Бағдарламаның жаңа бағыттары

Бағдарламаның жаңа бағыттары

Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринованың қатысуымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын  арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау отырысы өтті.

Шығармашылық академиясында өткен отырысқа облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Ақтөбе қалалық, аудандық білім бөлімдерінің, жалпы және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен мектеп директорлары қатысты.

— Бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі Жолдауда айқын көрсетілген мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту мақсатында берілген тапсырмалар бойынша нақты жұмыстарға кірісті. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы мектепке дейінгі білім беру саласын жеке бөліп айтты. Мектепке дейінгі білім — мектептегі негізгі білімнің алды және ең негізгісі десек артық болмас. Оның жеке-дара орны бар екенін Елбасы да атап көрсетті. Ал орта білім беру саласына тоқталсақ, барлық мектептерге Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасын енгізіп, сол жұмысты аяқтау тапсырылды. Бұл жұмыс елімізде 2016 жылы басталған болатын. Қазір де жалғасып жатыр. Биыл 3,6,8-сыныптар жаңартылған білім жүйесіне өтті. Ал келесі жылы 4,9,10-сыныптар өтетін болады. Оған дайындық жұмыстары да басталды. Бұл ретте мұғалімдерді даярлау да үлкен жұмыс. Елімізде 285 мыңнан астам мұғалім бар болса, биыл соның 75 пайызы жаңартылған білім мазмұны бойынша қайта даярлау курстарынан өтіп, жұмыс істеп жатыр, — деді Шолпан Каринова.

Сондай-ақ ол отырыс барысында шағын жинақты мектептердегі оқыту, мектеп алды даярлық сыныбы мұғалімдерінің жүктемесі, жаңа буын оқулықтары, мұғалімдердің апталық жүктемесі тұрғысынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ал отырыс барысында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева Жолдауда басымдық берілген өзекті мәселелер — білім беру сапасы, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі, мұғалімнің оқу жүктемесін азайту, балалар қауіпсіздігі, балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету, апатты жағдайдағы мектептерді жою бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндап, жоспарларымен бөлісті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*