Басты бет » Экономика » Енді ветеринария орталығы жұмыс істейді

Енді ветеринария орталығы жұмыс істейді

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында асылтұқымды мал шаруашылығын субсидиялауды дамытудың жаңа Ережесі және Ақтөбе облысында пилоттық негізде CALL орталықтың жұмысы басталуына байланысты семинар өтті.

Облыстың мал шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлері шақырылған бұл шараға облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Куйшинов, «Атамекен» ҚР Ұлттық  кәсіпкерлер палатасы азық-түлік өнеркәсібі департаментінің  сарапшысы Қуандық Чункунов және осы ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы CALL орталықтың үйлестірушісі Олжас Аусабаев қатысты.

— Ақтөбе облысына келгендегі мақсатымыз — асылтұқымды мал шаруашылығы жөніндегі Ережені көпшілікке жеткізу,түсіндіру, ондағы енгізілген өзгерістерді хабарлау болды.  Біріншіден, мал бордақылағанға бұрынғы ережеде әр басына төленді. Ал биылғы 4 қыркүйекте шыққан жаңа Ережеде бордақылауға малын беретін болса, әр килограммына 200 теңге төленеді, ал арнаулы бордақылау ұжымы  200 теңге салмағына алады. Тағы бір өзгеріс сүт бағытында болып отыр.  Бүгінгі күнде жаңа Ережеде бір килограмм сүт 35 теңгеге дейін көтерілді, бұрынғы ережеде 25 теңге болатын, — деп түсінік берді Қуандық Чункунов кәсіпкерлерге.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы CALL орталықтың үйлестірушісі Олжас Аусабаев Ақтөбе облысында басталғалы отырған пилоттық негіздегі орталықтың жұмысы туралы әңгімеледі.

— Қазіргі  таңда Ақтөбе облысында пилоттық негізде CALL орталықтың жұмысы басталмақ. Оның бағыты неде? Қазіргі таңда Ақтөбе облысында мал шаруашылығымен айналысатын 5 мыңға жуық кәсіпкердің ветеринария саласында әрқайсысы әр шаруашылықта ветеринар маман ұстауға мүмкіндігі жоқ. Осымен байланысты бұл салада бірсыпыра мәселелер туындап отыр.

Бұл сауалдарға нақты, тиянақты жауап беру үшін осындай орталық өз жұмысын бастамақ. Оның  жұмысына 20-25 жыл тәжірибесі бар, еліміздің білікті мамандары шақырылады.  Орталыққа телефонмен хабарласу Ақтөбе облысы тұрғындары үшін тегін.

Біздің ойымызша, бұл жоба өзінің тиімділігін көрсететін болса, бұл тәжірибе жалпы республикалық деңгейде таралатын болады. Мұнда  ветеринария саласындағы кез келген сауалдарға жауап берілмек. Өйткені ветеринария қызметінің неше түрлі ұйымдары көбейіп кетті. Оның қандай жұмыс атақаратынын қарапайым халық біле бермейді. Сол үшін аталған орталықтың басты мақсаты ветеринария саласындағы кәсіпкерлердің білімін арттыру, олардың көкейтесті сауалдарына жауап беру болмақ, — деді үйлестіруші.

Семинар барысында астаналық мамандар жергілікті кәсіпкерлердің қойған сауалдарына жауап берді. Шара пікірталасы деңгейінде қызықты өтті.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*