Басты бет » Жаңалықтар » Үкіметтік емес ұйым: қызмет және сапа

Үкіметтік емес ұйым: қызмет және сапа

Қазіргі таңда еліміздегі  маңызды әлеуметтік салалардың жұмысын үкіметтік емес ұйымдар атқарады. Ақтөбе облысында 700-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Оның ішінде  жүзден астам ұйым әлеуметтік салалар бойынша белсенді жұмыс жасайды.

«Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласындағы үкіметтік емес ұйым басшыларының қатысуымен жиын өтті. Жиынға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  басшысы Қайрат Отаров қатысты.

Облыстағы әлеуметтік салалар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, иппотерапия, ем-дом шаралары секілді түрлі бағыттар үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Қайрат Отаровтың айтуынша, 2017-2018 жылдары  республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 218 миллион теңге қаржы үкіметтік емес ұйымдар арқылы игерілген. Биылғы жылы құны 122 миллион теңге болатын жеті жоба қолға алынған.

— Халықпен тығыз жұмыс жасауда үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі өте жоғары. Мемлекеттік тапсырыстар уақытында орындалады. Халықтан түсетін шағым жоқ.  Әлеуметтік салалар бойынша тығыз жұмыс жасаймыз. Соңғы жылдары бұл бағытқа бөлінетін қаржы көлемі екі есе артты. Нәтижесінде әлеуметтік қызмет түрлері көбейді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін иппотерапия жұмысы жақсы жүріп жатыр. Осы жұмысты қолға алған ұйым сал ауруына шалдыққан 150 балаға қызмет көрсетеді. Осындай жұмыстар аудандарда да жалғасын тапса, артық болмасы анық, — деді басқарма басшысы.

Жиында «Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенова үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бұндай басқосулар ұйым жұмысының тиімді жүруі үшін пайдалы. Бұған дейін денсаулық сақтау, спорт басқармаларының басшыларымен кездесіп, түрлі мәселелерді ортаға салған. Ал бұл жолы әлеуметтік бағыт бойынша проблемалар айтылды. Жиынға қатысқан үкіметтік емес ұйым басшылары өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*