Басты бет » Басты жаңалықтар » Астық жинау аяқталып, жиын-терін жалғасуда

Астық жинау аяқталып, жиын-терін жалғасуда

Күзгі шаруа

Биылғы күз  өңірдің диқаншы қауымына қарасты. Қыркүйек айы негізінен жауын-шашынсыз,  ашық болды. Қазан айы да жайлы өтуде. Басы қатты басталғанмен, жаздың соңы қалыпты жалғасып, мизамның шуағына ұласты. Мұны өңіріміздің егінші қауымы тиімді  пайдалана білді. Аймақта астық жинау науқанының белгіленген уақытта толық аяқталуы, жалпы күзгі жиын-терін шаруаларының бірыңғайлануы осының дәлелі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік бөлімінің басшысы Диас Ерғалиевпен әңгімелескенімізде бұған тағы бір көз жеткіздік.

— Күзгі далалық жұмыстардың нәтижесі туралы не айтар едіңіз?

— Науқандық жұмыс дәнді дақылдар бойынша толық аяқталды. Майлы дақылдар, көкөніс, оның ішінде картоп жинау жалғасуда. Биыл облыс бойынша дәнді дақыл егісінің әр гектарынан орташа есеппен 11,7 центнерден өнім жиналды немесе 514 мың тонна астық алынды. Аудандар бойынша да дәнді дақыл егісінің орташа көрсеткіштері облыстық деңгейге жақын.

— Биылғы астықтың түсімін қалай бағалайсыз?

— Орташа өнімділік  өткен жылғыға қарағанда төмендеу, бірақ жалпы түсім шамалас, тіпті сәл асады. Олай болатыны, орақ жұмысы уақытында аяқталды. Оған барлық жағдай жасалды. Ең бастысы, егін жинау, күзгі далалық  жұмыстарға бөлінген дизель отыны тұрақты бағада болды. Әлі де сүдігер жыртатын немесе күздік дақылдар егетін, болмаса ертең қар тоқтатамыз дейтін шаруашылық құрылымдарға дизель отындарын алуларына болады. Бағасы — литрі 162,6 теңге. Ал нарықтық бағаның  200 теңгеге дейін жақындағаны белгілі.  Егін орағы науқанына алдын ала көзделген техникалар толықтай қатысты. Науқандық жұмыстарда 1200 комбайн, 1500 автокөлік  жүрді.

Егін орағымен қатар, мал азығын дайындау науқаны да жалғасты. Өйткені биыл облыс бойынша 2,4 миллион тонна пішен дайындау қажет болатын. Бұл — мал азығының біржарым жылдық қоры. Бүгінгі күнге облыстың ауылшаруашылық құрылымдары осы белгіленген межені сәл артығымен немесе берілген тапсырманы 104 пайызға орындады.

Бұл жерде де атап өтетін жағдайлар бар. Биылғы көктем мезгілінің салқын болуына байланысты шөп баяу көтерілді. Әйтсе де аймақта шабындық, жайылымдық жерлер жеткілікті. Сол жерлерден ауылшаруашылық құрылымдарына мал азығын дайындап алуға рұқсат етіліп, олар өздеріне қажетті мал азығын дайындап алды. Сонымен бірге шарбағында жеке мал ұстайтын халықты  да қамтамасыз етті.

— Әңгімеңіздің басында дәнді дақыл егісінің облыста толық аяқталғанын, майлы дақылдар мен көкөніс, картоп жинаудың жалғасып жатқанын айттыңыз. Әлі де жиналатын қандай дақылдар бар?

— Ол негізінен майлы дақылдар. Дақылдың бұл түрлерінің алғашқы қырау түскен кезден бастап жиналатынын көпшілік біледі. Жалпы бізде майлы дақылдар алқабы 50 мың гектардың үстінде. Оның басым көпшілігі алғашқы қырау түскеннен бастап жиналатын — күнбағыс. Бүгінгі күні  мақсары майлы дақылы алқабының 2-3 мың гектардайы жиналды. Орта есеппен гектарына 7,5 центнерден 2 мың тоннадай өнім алынды.

Бұдан тыс картоп, көкөніс, бақша дақылдары туралы айтсақ, бақша дақылдары толық жиналып алынды. Бақша дақылының түсімі гектарына 179 центнерден айналды. Облыс бойынша барлығы 18 мың тонна бақша өнімі жиналды. Оның нәтижесі барлық аудандарда дерлік тәуір. Айталық, Темір ауданы осы жылы бақша дақылының әр гектарынан 380 центнерден, Қобда — 230, Мәртөктен — 196,5 центнерден өнім жинады. Орта есеппен облыс көкөністің әр гектарынан 180 центнерден өнім алды. Қарғалы ауданы көкөністен орта есеппен гектарына 227 центнер, Қобда — 194, Хромтау 192 центнер өнім жинады. Ең жоғары өнімге  көкөністен биыл Ақтөбе қаласында қол жетті немесе гектарына түсім 235,5 центнерден айналды.

Көкөніс дақылдарының ішінен де қызанақ, қияр, бұрыш, баклажан ерте жиналып алынды.  Қазіргі қалып тұрғаны — сәбіз, қызылша, қырыққабат, пияз.  Бұл дақылдарды да ауылшаруашылық құрылымдары пісуіне қарай жинап, аяқтай келді. Бүгінгі күнге мың гектардай ғана қалды. Түсім тәуір,  гектарына 197,4 центнер, бүгінгі таңға 65 мың тонна көкөніс өнімі алынды. Картоп дақылы бойынша айтсақ, 4,5 мың гектары жиналды. Облыс бойынша картоп алқабының әр гектарынан 171, 1 центер өнім алынды. Жалпы жиналған өнім 77 мың тонна. Соңғы жылдары картоп дақылын егуді ірі шаруашылықтар қолға ала бастады. Мәселен, «АкТеп» ЖШС биыл 202 гектар картоп екті. Алғашқы көрсеткіш — гектарына 34 тонна. Серіктестік көкөніс өсіруге айқын бағыт ұстап отыр. Осы жылы бұл шаруашылық жалпы сыйымдылығы 5 мың тонна жаңа көкөніс қоймасын салды. Серіктестікпен алдын ала жасалған келісімшарт бойынша картоп өнімінің бір бөлігі облыстық тұрақтандыру қорына тапсырылады. Сосын жергілікті базарларға өткізіледі. Негізгі өнім серіктестіктің қоймасында сақталмақ. Ол қыс айларында картоп бағасын тұрақты ұстауға септігін тигізеді.

Жалпы, өз ретімен жалғасып жатқан күзгі далалық жұмыстарды жүргізуде қандай да бір проблема, қиындық  жоқ. Өйткені алдында ылғал түсті, соның арқасында күздік дақылдар егуге де мүмкіндік болды. Сүдігер жырту өз деңгейінде жүргізілуде. Мысалы, биыл кейбір ауылшаруашылық құрылымдары сүр жыртылған жерлердегі  дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 15 центнерден  астық алды.

— Облыс бойынша дәнді дақыл егісінен ең жоғары өнім алған қандай шаруашылықтарды атауға болады?

— Жоғары өнімді агротехникалық шараларды сақтап еккен ауылшаруашылық құрылымдарының  алатыны белгілі ғой. Бізде ондай шаруашылықтардың қатарында, егіншілік агротехникасын сақтаумен бірге, заманауи техникаларға қол жеткізген «Интер-агро», «Жосалы-агро», «Ақжар-агро», «Родники» сынды ауылшаруашылық құрылымдары бар. Бірыңғай көкөніс өсіруге маманданған шаруашылықтар да аз емес. Соның бірі «Пригородный» шаруашылығы көкөніс, картоп өсірумен шұғылданады. Биыл да жақсы өнім жинады. Қазірдің өзінде облыстың сауда орындарына сатуға шығарды. Шаруашылықтың сақтық қоймаларына құйып алуда. Облыстық тұрақтандыру қорына 500 тонна картоп өнімін өткізеді.

Жалпы биыл егін орағына қатысушылардың алдында үлкен міндеттер тұрды. Осы жылы  440 мыңға жуық алқаптың дәнді дақылын жинау керек болды. Осы сыннан негізінен диқаншы қауым сүрінбей өтті. Әсіресе, астықты өңірлер — Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандары  жақсы өнім  алды. Әйтеке би ауданында 166,8 мың гектар дәнді дақыл егісінің әр гектарынан орта есеппен 12 центнерден өнім алынды. Мәртөк ауданында да  түсім жоғары болды. Хромтау, Қарғалы аудандарының да  дәнді дақыл егісінен  көрсеткіші аталған аудандармен шамалас шықты.

Онша қолайлы болмаған жылдың  өзінде бұлай жоғары  өнімге қол жеткізудің сыры — минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерді тиімді пайдаланудың арқасы. Биылғы жылы диқаншы қауым бұрынғы жылдарға қарағанда оларды көп сатып алды. Барлық шаруашылықтарға гербицид үшін субсидиялар төленді.

Қазір өңірде күздік дақылдар себу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Осы жылы 10 мың гектардың үстінде күздік дақыл себіледі. Сүдігер жыртуға да маңыз берілуде.Тек осы күзде, жер қатқанша 70 мың гектар жер  жыртып үлгеру қажет.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*