Басты бет » Ауыл » Аудандағы қарымды істер

Аудандағы қарымды істер

«ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биыл Байғанин, Мәртөк аудандарында бірқатар жобалар іске асырылуда. Сонымен…

Жолдар жөнделді, «Ана мен бала» аллеясы салынды

Биылғы жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Мәртөк ауданында жалпы құны 107 млн 228 мың теңге тұратын 38 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда аталған жобаның 22-сі іске асырылған. Жалпы құны — 69 млн 628 мың теңге.

Атап айтсақ, биылғы жылы Родников ауылдық округінде аталған акция аясында «Родники» және «Фагот и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің демеушілігімен 5 млн теңгеге Родников ауылындағы мектеп пен амбулаторияның материалдық-техникалық базасы нығайтылып, ауылішілік жолдар жөнделген. Байнассай ауылдық округінде «Огородник» шаруа қожалығының демеушілігімен округ әкімдігі аппаратына өрт сөндіру тіркемесі табысталса, Байнассай орта мектебінің түлектері мектепке спорттық жабдықтар мен тігін машинасын алып берген. Қаратоғай ауылдық округі бойынша «Көктас Ақтөбе» ЖШС демеушілігімен Қаратоғай ауылы маңындағы Елек өзеніндегі көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 5 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ «ПГС-Қаратоғай» ЖШС қолдауымен Қаратоғай мектебіне мектеп қажеттіліктері сыйға тартылған. Мәртөк ауылдық округі бойынша аталған акция аясында «Литвинов» жеке кәсіпкерлігі жалпы құны 600 мың теңгеге Мәртөк және Қазан ауылдарының ішкі жолдарына қиыршық тас төсеу үшін сметалық құжаттар дайындаған. Сондай-ақ «З.Қожаев» жеке кәсіпкерлігі 12 млн теңгеге «Ана мен бала» аллеясын жасақтап, ескерткіш тұрғызған.

Байторысай ауылдық округінде акция аясында «Дияр-Ата», «Ақжан», «Қызылсай»,

«Тамаша», «Жасмин» шаруа қожалықтарының демеушілігімен 5 млн теңгеге Полтавка ауылының жолдарына қиыршық тас төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жайсаң ауылдық округі бойынша 1 млн теңгеге ауыл тұрғындары елді мекен маңындағы мазарға қоршау орнатса, мектеп түлектері Жайсаң ауылындағы «Қайрат» стадионын қоршап, кіреберіске қақпа орнатып берген. Жоба құны — 200 мың теңге.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қызылжар ауылдық округінде жергілікті кәсіпкерлер Шевченко негізгі мектебіне 340 мың теңгеге оқу қажеттіліктерін сыйға тартса, Аққұдық ауылдық округі бойынша «Мирас», «Акбар» шаруашылықтары 1 млн теңгеге Вознесеновка, Достық ауылдарын абаттандырған. Сонымен қатар Қарашай ауылдық округінде  «Әлем» шаруа қожалығы 370 мың теңгеге Қаратаусай ауылына ағаш көшеттерін ексе, ауыл тұрғындары бірігіп, 550 мың теңге қаржы жинап, Аққайың ауылдық клубына музыкалық құралдар сыйлап, клуб алдындағы алаңға абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

9 округ: 71 жоба жүзеге асырылды

Биыл «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Байғанин ауданында жалпы құны 151 млн 340 мың теңге болатын 81 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі күні құны 99 млн 500 мың теңге тұратын 71 жоба іске асырылған.

Атап айтсақ, Ащы ауылдық округінде жергілікті шаруа қожалықтарының демеушілігімен 3 млн 700 мың теңгеге Мұнайлысай, 4 млн 600 мың теңгеге Қаратөбе, 2 млн 200 мың теңгеге Үшінші көпір бөгеттері жөнделді. Сондай-ақ Ноғайты ауылына көшеттер отырғызылып, мектеп түлектерінің демеушілігімен 2 млн 500 мың теңгеге хоккей корты салынды. Түлектер 100 мың теңгеге Сағыз орта мектебіне спорттық жабдықтар алып берді. Сонымен қатар жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлердің қолдауымен 300 мың теңгеге округтегі аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетілген.

Аталған округ бойынша жалпы құны 13 млн 550 мың теңгеге 7 жоба жүзеге асырылған.

Жарқамыс ауылдық округі бойынша акция аясында 1991 жылы туған түлектердің демеушілігімен Жарқамыс ауылына «Туған өлкем — Жарқамыс» атты стелла орнатылып, «Мира» шаруа қожалығының демеушілігімен 5 млн теңгеге қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы жасақталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Жарқамыс орта мектебінің түлектері 2 млн 500 мың теңгеге Жарқамыс ауылында хоккей кортын салып, алаңға 80 шаршы метрлік газон алып берген. Сонымен қатар Қаражар ауылында 1988-1998 жылдары мектеп бітірген түлектердің демеушілігімен 700 мың теңгеге ойын алаңы жасақталып, шаруа қожалықтарының қолдауымен 900 мың теңгеге Жарқамыс-Қаражар жолына тегістеу жұмыстары жүргізілген.

Жаңажол ауылдық округінде аталған акция аясында 11 жоба іске асырылған. Жобалардың жалпы құны — 9 млн 450 мың теңге. Атап айтсақ, ауыл азаматы С.Қарақов 500 мың теңгеге С.Жиенбаев атындағы орта мектепке спорттық жабдықтар алып берсе, Оймауыт ауылдық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық көрсетілді. Сондай-ақ 1998 жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен 600 мың теңгеге Оймауыт ауылындағы Батырлар саябағына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1988 жылы мектеп бітірген азаматтардың қолдауымен «Құтты мекен — Оймауыт» стелласы орнатылды. Сонымен қатар округтегі «Нұрәділ» шаруа қожалығы Оймауыт ауылындағы көше жолдарына тегістеу жұмыстарын жүргізіп берді. Оған 500 мың теңге қаржы жұмсалған.

Көлтабан ауылдық округі бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы аясында мектеп түлектерінің демеушілігімен 2 млн 500 мың теңгеге Жарлы ауылында хоккей корты салынса, 700 мың теңгеге «Келін төбе» жасақталды.

Қарауылкелді ауылдық округіне қарасты ауылдардағы жергілікті кәсіпкерлердің қаржы бөлуімен 1 млн 500 мың теңгеге Қарауылкелді, Көкбұлақ, Қосарал ауылдарына тазалық, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Округ кәсіпкерлерінің қолдауымен 1 млн 100 мың теңгеге «Туған жерім — Байғанин» стелласы, сондай-ақ «Байғанин ауданын қолдау және дамыту» қоғамдық қорының демеушілігімен 7 млн теңгеге Қарауылкелді орта мектебіне заманауи спорт алаңы, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының директоры Н.Мұқановтың қолдауымен аудан орталығында «Ақын-жазушылар» саябағы салынды. Жалпы аталған округ бойынша акция аясында 63 млн теңгеге 20 жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар аудандағы Қопа ауылдық округінде жалпы құны 2 млн 570 мың теңге болатын 4 жоба, Қызылбұлақ ауылдық округінде жалпы құны 2 млн 740 мың теңгелік 7 жоба, Милы ауылдық округінде жалпы құны 1 млн 090 мың теңге болатын 4 жоба, Сартоғай ауылдық округінде жалпы құны 11 млн 620 мың теңге болатын 5 жоба іске асырылған.

Д.ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*