Басты бет » Ауыл » Көптоғайда балаларға арналған ойын алаңы ашылды

Көптоғайда балаларға арналған ойын алаңы ашылды

Жуырда «ZHAS PROJECT» жобасы аясында Көптоғай ауылдық округінде «Бақытты бала» алаңы ашылды.

Аталған алаңды осы округтің тұрғындары, жоба қатысушылары Мерей Елмұратқызы, Асылбек Идеятов, Айнагүл Өтеновалардың бірлесіп жасақтаған.

Алаңның ашылу салтанатында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев пен еңбек ардагері Ғалия Әмірова жаңа нысанның лентасын қиып, игі тілектерін жолдады.

Мұратбай Айдарбаев шарада бүгінгі күні жастарға өз алдына кәсіп ашып, өзін-өзі қамтуға мемлекет үлкен көмек беріп отырғанын, аталған жобаға қатысқан Ойыл жастары 11 миллион теңгені ұтып алғанын атап өтті.

Расымен де, бұл жобаның іске асырылуы ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты жаңалық болды. Әсіресе, балалар алаңдағы әртүрлі машиналарға, мотоциклдерге мініп, шарлармен ойнап, сурет салатын тақталарға өз қиялдарындағы бейнелерді түсірді.

Біз бұл жобаны балаларға арнап жасадық. Ауылда ата-аналардың мерекелерде, демалыс күндері балаларын әкеліп ойнататын алаңы жоқ. Сондықтан біз осы жобаны қолға алуды жөн көрдік. Нәтижесінде «Бақытты бала» алаңының жобасын ұсынып, 1 миллион теңге грант ұтып алдық. Қазіргі таңда пайдалануға алғашқы 500 мың теңге қаржы беріліп, сол қаражатқа ауыл балаларының игілігі үшін ойын құралдарын сатып алдық. Алдағы уақытта қалған қаржыға саябақтағы балаларға арналған ойыншық құралдарын көбейту ойымызда бар. Алда қыс келе жатқандықтан, шана, сырғанайтын доптар алғымыз келіп отыр. Айта кету керек, біздің жұмыс кестеміз — аптасына 3 күн. Оның ішінде бір күнді «Айгөлек» балабақшасының бүлдіршіндеріне арнасақ, қалған екі күнде ауыл балаларына тегін қызмет көрсетеміз. Тегін қызмет көрсету 6 айға дейін жалғасады, — дейді жоба көшбасшысы Мерей Елмұратқызы.

Өміргүл ТЕМІРХАН,

Ойыл ауданы.   

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*