Басты бет » Экономика » «Еңбек» бағдарламасы: 6 пайызбен несие алып, өз кәсібіңді дамыт!

«Еңбек» бағдарламасы: 6 пайызбен несие алып, өз кәсібіңді дамыт!

 

Жолдау

Елімізде былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Тоқсаныншы жылдардан бастап әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап алған елімізде жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» сынды түрлі бағдарламалар қабылданып, «Қазақстан – 2050» стратегиясына және Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, адами капитал сапасын арттыру саясатын жаңғырту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау бағытына басымдық берілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да еліміздің осы жылдар аралығында берік экономикалық негіз қалыптастырғанын айтты. «Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-орынға көтерілді» деді Президент. Халық табысын арттыру бағытында бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керектігін алға тартты.

2010 жылы іске қосылған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту қажеттігін нақтылап айтты.  «Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді» деді Елбасы.

«Еңбек» бағдарламасы осы секілді ірі бастамалардың заңды жалғасы болып есептеледі. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар санын арттыру, ауылда және қалада микрокредит беру арқылы азаматтардың өзін өзі жұмыспен қамтуын ынталандыру. Сайып келгенде, бұл еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамуына жол ашады.

«Еңбек» бағдарламасы бес жылға жоспарланған. Осы бес жыл ішінде жасалатын жұмыстар нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі

4,8 %-дан аспайтын болады, ал белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері кемінде 10 пайызға артады деген болжам бар.

Аталған бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге микрокредит беру «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамына жүктелген. Осы бағытта жасалған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер турасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе облыстық филиалы директоры Берік Нұрғалиевпен сұхбаттасқан едік. 

— Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы былтыр тамыз айынан бастап қолға алынды. «Даму» қоры осы бағдарламаның қалаларда жүзеге асырылуына жауапты. «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылатын қалалар тізіміне Ақтөбе облысы бойынша Ақтөбе және Хромтау қалалары енгізілді. «Даму»  қорының филиалы осы екі қаладағы кәсіпкерлерге «Еңбек» бағдарламасы аясында қолдау көрсетеді. Ал ауылдық жерлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамдары арқылынесие серіктестіктері тарапынан қаржы алады.

— Аталған бағдарлама арқылы несие алу кезінде азаматтарға қандай жеңілдіктер ұсынылады және оны алу үшін қандай талап қойылады?

— Бұл бағдарламаға жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне үш жылдан аспаған кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Ол жеке кәсіпкер, жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе шаруа қожалығы болуы мүмкін. Бір кәсіпкерге берілетін несиенің ең жоғарғы мөлшері — 15 миллион 600 мың теңге. Несие негізінен жаңа бизнесті ашуға, дамытуға, айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Бағдарламаның артықшылығы сол — азаматтар қандай кәсіп түрімен айналысамын десе де, өз еркі. Егер «Бизнестің жол картасы» бойынша экономиканың басым секторларына қатысты, яғни, өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау секілді іріктелген жобаларға ғана несие берілетін болса, «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге еш шектеу жоқ. Екіншіден, несие ең төменгі 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен беріледі. Және несие бергені үшін екінші деңгейлі банктерге қандай да бір комиссиялық төлемдер алуға тыйым салынған. Үшіншіден, несие алғысы келетін кәсіпкердің кепілдігі жетпеген жағдайда «Даму» қоры несие мөлшерінің 85 пайызына дейін кепілдеме береді. Бұл — бағдарламаның негізгі артықшылықтары.

«Еңбек» арқылы мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпкерлер кем дегенде екі жаңа жұмыс орнын ашуға міндетті.

Бағдарламаның жүзеге асырылу механизміне келетін болсақ, қаржы жергілікті атқарушы билік арқылы «Даму» қорына беріледі. Біз оны әрі қарай кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге орналастырамыз.

— «Даму» қорының осы аралықтағы міндеті қандай? Кәсіпкерлер несие алу үшін қайда барады?

— Осы бағдарлама бойынша мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болғысы келетін азаматтар «Даму» қорының филиалына келуіне болады. Бізде филиал жанында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бар. Орталық мамандары келушілерге бағдарлама шарттары мен механизмдері бойынша толық ақпарат береді. Олардың жоспарын, идеяларын тыңдап, қызмет түріне, қажет қаражат көлеміне, кәсібінің орналасу жеріне байланысты ең тиімді бағдарламаны таңдайды. Ол «Бизнестің жол картасы» бола ма, «Еңбек» бола ма, басқа бола ма, — солардың ішінде кәсіпкер үшін ең тиімдісін таңдап, құжатын жинауға көмектесеміз. Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына жүгіне отырып, тегін бизнес-жоспар әзірлеуге қолдау көрсетеміз. Соңында толық дайын болған құжаттарды екінші деңгейлі банктерге қарауға жібереміз. Одан әрі банктер өздерінің ішкі талаптарына сай, жобаларды қарап, қаржыландырады.

«Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері Ақтөбеде қанша жоба қаржыландырылды?

—Өткен жылы бағдарламаның жүзеге асырылуына Ақтөбе облысы бойынша 545 миллион теңге қаражат бөлінді. Биыл 1 миллиард теңге бөлінді, яғни, биылғы қаржылай қолдау көлемі екі есеге жуық арттырылды. Қаражат «Халық банк», «Сбербанк», «АТФ», «Фортебанк» және «Нұрбанктер» арқылы беріледі. Биыл бөлінген 1 миллиард теңгенің 868 миллион теңгесі «Халық банк», «Сбербанк», «Фортебанк» және «АТФ» банктеріне орналастырылды.

Былтырдан бастап жалпы сомасы 789 миллион теңгеге 69 жоба қаржыландырылды. Биыл 24 жобаға 233 миллион теңге көлемінде несие берілді. Осы жерде айта кетейін, қаражат банктерге алты ай мерзімге беріледі, яғни, банктер алты ай мерзім ішінде қаржыны толық игеруі тиіс.

Кепілдеме беру тетігі бойынша «Даму» қоры арқылы Ақтөбе облысында 23 кәсіпкерге жалпы сомасы 253 миллион теңгеге кепілдеме берілді. Биылдың өзінде 13 жоба бойынша 110 миллион теңге көлемінде кепілдеме берілді. Яғни, биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауына ие болған 24 жобаның жартысынан астамы «Даму» қорының кепілдемесі арқылы қаржыландырылған.

— Ақтөбе кәсіпкерлерінің белсенділігі қандай? Жергілікті кәсіпкерлер қай салалар бойынша өз ісін бастауға бейім?

— Кәсіпкерлеріміздің белсенділігі жоғары. Ақтөбе тоғыз жолдың торабында, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінің бойында орналасқандықтан, біздің өңірде көлік тасымалы ісі жақсы дамыған. Сондықтан кәсіпкерлер тарапынан да осы салаға сұраныс жоғары. «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алған кәсіпкерлер арасында тасымалдау және жинақтау ісі бойынша қаржыландырылғандар саны — 30,4 пайыз. Несие алғандардың 29 пайызы сауда-саттықты таңдаған. Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, мәдениет, демалыс және көңіл көтеру орындарын ашу, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы сынды түрлі салалар бойынша өз ісін бастағандар, жалғастырғандар баршылық. Қызмет көрсетудің басқа салаларын, мысалы, шаштараз, әсемдік салонын ашу секілді салаларды несие алған кәсіпкерлердің 29 пайызы құп көріп отыр.

Азаматтар негізінен өздері жақсы білетін салаларды таңдайды. Мәселен, шаштаразда жалдамалы қызметкер болып жұмыс істеп жүрген маман несие алып, жеке шаштараз ашты. Нақты мысалдар келтіре кетейін: Клара Құрманғалиева деген азамат былтырдан бері біреудің дүкенін жалға алып, сауда жасап жүргенін айтты. Ол биыл біздің қор арқылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 11 500 000 теңге несие алды. Бұл қаржыға ғимарат сатып алып, жеке дүкенін ашты. Ал бірнеше жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкер Әділбек Махмутов 18 миллион 152 мың теңге несие алып, жүк көлігін сатып алды. Қазір ол тасымал жұмыстарымен айналысады. Жеке кәсіпкерге несие алу үшін «Даму» қоры тарапынан 85 пайыз кепілдеме берілді. Қаламыздың тағы бір тұрғыны Мира Жиенбаева мектепке дейін білім беру саласында 20 жыл жұмыс істеген. Енді ол жалдамалы жұмысшы емес, өзі біреуге жұмыс беріп отырған кәсіпкер ретінде тіркелді. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 10 миллион теңге несие алып, «Mir» мектепке дейінгі білім беру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, жеке балабақшасының жұмысын жолға қойды. Мұндай мысалдар жеткілікті

«Еңбек» бағдарламасы аясында несие алған кәсіпкерлік субъектілері есебінен былтыр Ақтөбе облысы бойынша 140 жұмыс орны сақталып, жаңадан 51 жұмыс орны ашылған. Биыл кем дегенде 48 жұмыс орны ашылады.

— Кәсіпкерлердің несиені өтей алмай қалуы сынды жайттар кездесе ме? Мұндай жағдайда не істейсіздер?

— Әзірге аталған бағдарлама аясында мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпкерлердің ісін жүргізе алмай қалуы, несиесін қайтара алмауы сынды мәселелер болған жоқ. Себебі кәсіпкерлер негізінен өздері жақсы білетін, бұрын-соңды істеп көрген кәсіптерін дамытуға күш салып жатыр.

Банктерге орналастырылған қаражат толығымен қайтарылуға жатады. Несие алған кәсіпкерлерге талап бойынша несие алу мерзімінің үштен бір бөлігіне тең уақытта каникул берілуі мүмкін. Яғни кәсіпкер толық аяғынан тұрып кеткенше несиесін банк талабына сай жеңілдетілген кесте бойынша төлей тұрады.

Банктер арасында кәсіпкерлерді несиелендіру бойынша «Сбербанк» және «АТФ» банктері белсенді жұмыс істеп жатыр, «Халық банкінің» де көрсеткіші жаман емес.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат пен кәсіпкерлерді қаржыландыру көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысы республика бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін екінші орында тұр. Нақтырақ айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында 385 миллион теңгеге 51 жоба жүзеге асырылса, Ақтөбе облысы бойынша 233 миллион теңгеге 24 жоба қаржыландырылған. Бізден кейін Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары тұр.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл бағдарлама бойынша еліміздегі қалалар тізіміне Ақтөбе және Хромтау қалалары енген болатын. Әзірге қаржыландырылған жобалардың барлығы Ақтөбе қаласында іске асырылып жатыр. Хромтау қаласы бойынша екі жоба қаралу үстінде. Жақында осы жобаның мақсат-міндеттерін, механизмдерін түсіндіру үшін облыстық кәсіпкерлік басқармасы, ауыл шаруашылығын қолдау қоры, екінші деңгейлі банктер өкілдерімен бірлесіп, тұрғындармен кездесуді жоспарлап отырмыз.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*