Басты бет » Денсаулық » Мичиган, Сингапур, Колорадо вирустарынан сақтан!

Мичиган, Сингапур, Колорадо вирустарынан сақтан!

Күн салқындағанда тұмау да өршиді.  Қазірдің өзінде салқын тиіп, тұмауратып жүрген тұрғындар көп. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биылғы маусымда қазақстандықтардың тұмаудың үш, яғни  A (H1N1) — Мичиган, A (H3N2) — Сингапур,  B —  Колорадо түрлерінен  сақтану керектігін ескертеді. Аурудың осы түрлерінің елімізде таралу қаупі жоғары.

Вакцина қанша тұрады?

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Мұрат Мирмановтың айтуынша,  биыл жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алу үшін 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа облыс тұрғындарының осал топтарын иммунизациялау үшін Ресейден тұмауға қарсы 33 832 дана «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған. Облыста тұмауға қарсы вакцинациялау 1 қазан-15 қараша аралығында жүргізіледі. Жергілікті бюджеттен ақысыз вакцина алатын адамдар —  медицина қызметкерлері, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, балалар үйлері мен сәбилер үйлері балалары, қарттар үйі тұрғындары, жүктіліктің екінші, үшінші триместріндегі жүкті әйелдер және эпидемиологияық көрсетілімдері бойынша 60 жастан асқан адамдар, мектеп-интернат және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары. Маманның айтуынша, соңғы жылдары тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасы қолданылады. Осы уақытқа дейін вакцинаға қатысты тұрғындар тарапынан шағым түспеген. Бүгінгі күні облыстағы барлық емдеу мекемелерінде вакцинациялау  ақылы және ақысыз түрде жүргізіліп жатыр.

— Сатып алынған вакцинаның мөлшері аймақтың санитарлық эпидемиологиялық тұрақтылығын сақтау үшін жеткілікті. Қазан айынан бастап  осы уақытқа дейін облыс бойынша 123 мың 95 адам вакцина алды.  Оның  ішінде  13 140 адам ақысыз түрде егілсе, 5528 адам — жұмыс берушілер тарапынан, 4427  адам ақылы түрде вакцина ектірген. Вакцинаның құны — шамамен екі мың теңге. Вакцинаны тек қана емдеу мекемелерінен алу керек және ол кез келген адамға салынбайды. Тұрғын алдымен дәрігерге қаралады. Егер дене қызуы көтеріліп тұрса, созылмалы аурулары асқынып, жүйке жүйесі аурулары мазаласа, тамағы қызарып, адам өзін жайсыз сезінсе, вакцина егілмейді. Сондай-ақ кейбір адамдар «мен екпе алғаннан кейін де ауырдым» дейді. Рас, екпе алған адам да тұмауратуы мүмкін. Бірақ ауру өте жеңіл өтеді. Ол өзге созылмалы және жүйке жүйесі, буын   ауруларын қоздырмайды, — деді Мұрат Мирманов.

Өткен маусымда облыста жедел  респираторлық вирустық инфекциялық ауруымен  5289  адам ауырған.  Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны —  3146. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 6,4 пайызға төмендеген. Бұған алдын алу жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде қол жетіп отыр.

Мұрат Мирмановтың айтуынша, қазір алдын алу шаралары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Күніге 2 литр су ішу керек

Дәрігерлердің айтуынша, тұмауратқан адам тәулігіне екі литр сұйықтық ішкені дұрыс. Ол ағзадан вирустың өсуін тежеп, тез шығып кетуіне әсер етеді. Қолды күніге  5-6 рет сабындап жуу керек. Бұл тұмаудың жұғуын екі есеге дейін азайтады.

Тұмауға жеңіл қарауға болмайды.  Ауру асқынып кетсе, тыныс жолын, жүйке жүйесін, қан тамырларын, жүректі ауруға шалдықтырады. Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады.

Сондай-ақ бұл вирус науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және сол секілді басқа да нәрселері арқылы жұғып, тез тарайды. Бір мезгілде бір ауыл, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының жаппай ауруы мүмкін. Сондықтан ауру басталғанда дереу дәрігердің кеңесімен дәрі қабылдау керек.  Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен жапқаны жөн. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы, т.б. заттары болуы және олар жиі қайнатылып, жуылуы тиіс.

Сондай-ақ тұмаудан халық емі арқылы да айығуға болады. Бал қосылған сүт немесе шайды ыстықтай ішу — тұмаудың бірден-бір емі. Ыстық шайға лимон, таңқурай қосып ішу арқылы да ағзадағы вирустарды жоюға болады.

Сонымен бірге иммунитет көтеретін препараттарды да қолданған жөн. Мәселен, анаферон, интерферон, виферон дәрілері мен оксалин, антивир майларын пайдаланған дұрыс. Ал тамифлю, реленза секілді дәрілерді дәрігердің кеңесімен ішу керек.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*