Басты бет » Денсаулық » Балалардағы баспа ауруы

Балалардағы баспа ауруы

Күз келсе аурдың түрлі-түрлісі бас көтереді. Әсіресе, баспа ауруы асқынады. Оның ішінде балалар бірінші кезекте сырқаттанады. Әдетте ата-аналардың көпшілігі баспаны (ангина)  жәй тамақ ауруы деп мән бермейді.

Көпшіліктің арасында «Баспа тамаққа суық тигеннен пайда болады» деген түсінік қалыптасқан. «Аузыңды ашпа, тамағыңа суық тиеді», «Суық су ішпе, балмұздақ жеме, тамағың ауырады» деген сөздерді ата-аналардан жиі естіп жатамыз. Мұндай кездерде тамақтың ауыруы мүмкін, бірақ бұл баспа ауруы емес. Баспа, тонзилит — қоздырғыштары инфекциялық микроағзалар стрептококк пен стафилококк болып табылатын қауіпті ауру. Бұл бактериялар ауа тамшылары арқылы беріледі, демек, бала мектептен, автобустан немесе басқа бір қоғамдық орындардан ауру жұқтыруы мүмкін. Сонымен бірге бұлар ағзада ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, жағымды атмосфера туғанда олар тіріле бастайды. Қарапайым мысал: сыныпта немесе балабақшадағы топта балалар баспамен ауыра бастады, бірақ тек сіздің балаңыз бұл сырқатқа қарсы тұра білді. Демек, балаңыздың иммунитеті мықты болып, инфекцияның ары қарай дамуына жол бермей тұр. Инфекциялық таяқшалардың тірілуіне мынадай жағдайлар әсер етуі мүмкін: иммундық қызметтердің төмендеуі, дұрыс тамақтанбау, белгілі бір аурумен ауырып тұрғаннан кейін ағзаның әлсіреуі, суық тию, шаршау.

Сонымен қатар балалардағы баспа ауру тіс жегі, құлақтың қабынуы, мұрынның шырышты қабығына суық тигенде, аденоидит, гайморит салдарынан да пайда болуы мүмкін. Ауырған баланың организмі әлсірейді, тәбеті болмайды. Бұл әсіресе ауырғанын түсіндіре алмайтын кішкентай балаларда болады. Дене қызуы күрт көтеріліп, қалтырайды. Тамақтың ауыруы бірден байқалмайды. Ол тек екінші, үшінші күндері пайда болады. Жұтынғанда тамақ ауырады. Егер сырқат асқынып бара жатса, оған мына белгілер қосылады: мұрыннан су ағу, жөтел, тамақтың қырылдауы, лимфа түйіндерінің үлкеюі, көздің жасаурауы, конъюнктивит.  Егер ата-ана баспаны өз бетінше емдеп, ауру асқынса, жүрек бұлшық етінің ревматизмдік зақымдалуы, бүйрек ауруы, пиелонефрит, гломерулонефрит, буын ауруы артрит сияқты сырқатқа шалдықтыруы мүмкін.

Балалардағы баспа ауруын толықтай емдеу үшін алдымен аурудың деңгейін білу керек. Егер баланың жағдайы нашар болса, ауруханаға жатқызған жөн. Көп жағдайда дәрігерлер  вирусқа немесе бактерияларға қарсы дәрілер беріп, үй жағдайында емдейді.  Сондай-ақ емдік шараларға қызуды түсіретін, ауруды басатын дәрілер мен тамақты шаюға арналған ерітінділер және антисептиктер кіреді. Сондай-ақ ата-ана баланың сауығып кетуіне қолайлы жағдай жасауы керек.  Бала бірнеше күн төсекте жатып, ем алғаны дұрыс.  Егер бала мектеп жасында болса, мектепке бару туралы сөз де қозғалмауы тиіс. Ағзаны одан ары шаршатуға болмайды.

Аурудан тез айығудың ең тиімді жолы — дұрыс тамақтану. Кез келген ауруға шалдыққан баланың тәбеті төмендейді. Алайда ағзаға  вируспен күресу үшін және қайта қалпына келу үшін қоректік заттар қажет. Тамағы ауырып тұрған балаға сұйық әрі жылы сусындар берген жөн. Лимон қосылған шай, морс, компот, езбе мен көкөніс сорпасы пайдалы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*