Басты бет » Экономика » «Елдік скрининг» және алғашқы нәтижелер

«Елдік скрининг» және алғашқы нәтижелер

Облыстың үш ауданын қамтыған «Елдік скрининг» жобасы өз жемісін бере бастады. Қазіргі күні «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ерікті топ өңірлердегі бизнес ахуалды нақты анықтау мақсатында ауыл-елді аралап, талдау жұмыстарын жүргізіп жүр. Скрининг қай ауылда қандай бизнес түрінің дамығанын, қай түріне әлде де сұраныс барын анықтауға мүмкіндік береді.

«Ел іші — өнер кеніші» дегендей, зерттеу жұмысы ауылдағы ағайынның әртүрлі кәсіптен хабары барын көрсетті. Елдегілер тігін де тігеді, такси қызметін де, наубайхана да ашқан.  Скрининг нәтижелері туралы айту ертерек, алайда жұмыс тобының  назарын аударған Қарғалы ауданының Бадамша елді мекенінің тұрғыны Венера Өткелбаеваның қолынан шыққан балаларға арналған дамыту құралдары болды.

Венераның мамандығы —  тігіншілік. Ол ауылдастарының киімдерін қысқартып, жөндеп беріп, азын-аулақ ақша да табады, қыздарына әдемі көйлекті де өзі тігіп береді. Жақында балаларға арналған дамыту кітапшаларын өз қолымен жасауды бастады. Жұқа киізге моншақ, ілгек, лента секілді қолда бар материалдардан түрлі ертегі кейіпкерлерінің пішінін салып дайындаған. Венераның бұл жұмысы кең сұранысқа ие болыпты, яғни жұмсақ кітапшалар балаларға өте ұнаған.  Венера жасаған бұйымның сәбилердің қол моторикасын дамытуда маңызы зор.  Қазіргідей түрлі гаджеттерге тәуелділіктің артқан заманында мұндай ойыншықтардың пайдасын ата-аналар жақсы түсінеді. Бұл бұйымдар — балабақшалар мен мектептерде қолдануға таптырмайтын құрал.

Дамытушы құралдарды жасауды интернеттен үйрендім. Тігіншіліктен хабары бар жанға қиындығы жоқ екен. Мұндай бұйымдарды жасауға 3-4 күн ғана уақытым кетеді. Болашақта кең көлемде тапсырыстар алып, өз кәсібімді кеңейтіп, тігін цехын ашу жоспарымда бар, — деді Венера Өткелбаева.

Венера кәсіпкерлікке алғашқы қадамын жасап үлгерді. Ол Қарғалы ауданында өткізілетін «Бастау» курстарына тыңдаушы ретінде тіркелді. Жақында осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуды бастайды. Жақында ол өңірлік кәсіпкерлер палатасына өз хоббиін кәсіпке айналдырудың жолдарын сұрай келіпті. Палата қызметкерлері оның бұйымдарын нарыққа шығарып, танымал етудің қыр-сырларымен бөліскен. Ол үшін әуелі Венераға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсібін заңдастыруға кеңес берілген. Содан кейін кәсіпкерлерге арналған ресурстарды тиімді пайдалану механизмдері туралы түсіндіріліпті.

Бүгінде қолөнерді бизнеске айналдырушылар көбейді. Алайда кәсіп иелерінің көбісі өз өнімдерін қалай жасауды білгенімен, оны қалай өткізу жағын біле бермейді. Ол үшін оларды салалық қауымдастықтарға біріктірудің маңызы зор. Қауымдастыққа мүше болу арқылы олар бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, саланы дамытуға өз үлестерін қосатын болады. Өңірлік кәсіпкерлік палатасы жанынан құрылған тігіншілер қауымдастығының мүшелері белсенділік танытып, бүгінде облыстағы  тігін бизнесін өркендетіп отырғанын айту керек. Олардың көпшілігі өз кәсіпорындары жанынан оқу орталықтарын ашып, жұмыссыздықтың алдын алу үшін маман даярлаумен айналысып отыр, — дейді палатаның адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дамиля Құнанова.

Венераның болашақта тігіншілер қауымдастығының мүшесі болуы әбден мүмкін. Себебі, оның өніміне деген сұраныс жоғарылапты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*