Басты бет » Жаңалықтар » Айшагүл аспаз атанды

Айшагүл аспаз атанды

Ақтөбелік Айшагүл Майлыбаева ұзақ жыл сатушы болды. Алайда ол жақында Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелді. Тәтті тағамдар пісіруді жаны сүйетін Айшагүлдің отбасы тірлігімен жүріп, оқуға мұршасы болмап еді, сондықтан ол жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің кәсіпорындар жанында құрылған оқу орталықтарында қысқа мерзімді аспаздық курсынан өту туралы ұсынысын қуана қабылдайды. Биыл жазда «Ақтөбе облысының мейрамхана және қонақ үй бизнесі» қоғамдық бірлестігі жанындағы «Дамыту» оқу орталығында аспаздық курстан өтіп, арнайы куәлікті қолына алыпты.

Үш ай бойы мейрамхана аспазына қажетті барлық қасиеттерді үйрене алдық. Жұмыс орнындағы талаптардан бастап, қамыр илеу, тағам мәзірін жасау, үстелді сәндеу секілді машықтарды меңгердік. Аспазшылықты жұмыс орнында үйренудің артықшылықтары көп. Өйткені бұл мамандықты игеру үшін ең қажетті нәрсе — тәжірибе, — дейді Айшагүл Майлыбаева.

Кәсіпорындарда немесе салалық қауымдастықтар жанында білікті маман даярлау «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өткен жылы ұйымдастырылған болатын. Сондай-ақ, былтыр кәсіпорындар базасында ашылған оқу орталықтарын тіркеу үшін палатада оқу орталықтарының реестрі жасалған болатын. Бүгінгі күні бұл реестрге Ақтөбе облысы бойынша 10 кәсіпорын тіркеліп, маман даярлаумен айналысып жатыр. Биыл осы орталықтарда 254 адам 13 мамандық бойынша білім алып, олардың жартысынан астамы жұмысқа орналасқан.

Ақтөбеде қызмет көрсету, оның ішінде қоғамдық тамақтандыру саласы өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Бұл өз кезегінде кәсіби мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығына мүше рестораторлардың басты проблемасы — білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Сондықтан оқу орталықтарын бітірген мамандар жұмыссыз қалмайды, — дейді «Ақтөбе облысының мейрамхана және қонақ үй бизнесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бану Тілегенова.

Мамандардың айтуынша, аталған курстарға қатысушылар оқығаны үшін ақы төлемейді, керісінше, оларға нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалған.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*