Басты бет » Спорт » Жеңістердің жемісі

Жеңістердің жемісі

Турнир

Ақтөбеде грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «ҚР құрметті спорт қызметкері», «ҚР дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, ұлағатты ұстаз, білікті бапкер Мұхамеджан Зарлықовтың жүлдесіне арналған республикалық турнир өткізілді. Грек-рим спорты бойынша жасөсіпірімдер арасында өткен додаға еліміздің түкпір-түкпірінен, келген спортшылар қатысты. 200-ге жуық жас спортшылар 12 командаға біріккен.

Жарысты Ақтөбе облыстық №4 бокс бойынша олимпиадалық резерв дайындау жөніндегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Аталған мектептің директоры Болат Еңсепбаевтың айтуынша, жарысқа ел өңірлерімен бірге Ресейдің кейбір облыстарынан келген спортшылар да қатысқан.

— Бұл дода Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұхамеджан Зарлықовтың 63-ке толуына байланысты өткізілді. Спортшы зейнет жасына жетсе де, шәкірт тәрбиелей береді. Біздің спорт мектебінде аға жаттықтырушы болып бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақытта талай халықаралық, республикалық додаларда елімізге жеңіс әкелген мықты балуандарды тәрбиеледі. Бұл жолғы республикалық жарысқа жас спортшылармен бірге Мұхамеджан Зарлықовтың жетістікке жеткен, бүгінде спорт әлемінде жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттері де келді, — дейді Б.Еңсепбаев.

Республикалық турнир барысында 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер 10 салмақ дәрежесі бойынша бағы мен бабын сынады. Жүлдегерлердің барлығы арнайы сыйлықпен марапатталды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*