Басты бет » Басты жаңалықтар » Облыс әкімі қарттарды құттықтады

Облыс әкімі қарттарды құттықтады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ардагерлерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Өмірінің көп бөлігін қоғамның әр саласында қажырлы еңбек етуге арнаған ардагерлерге дастарқан жайылып, жылы лебіздер айтылды, облыс әкімі тарапынан сыйлықтар берілді.

— Қарттары бар ел — қазыналы ел. Сіздер елдің дамуы жолында аянбай еңбек еттіңіздер. Қазақстанның тәуелсіз ел болып, 25 жылда әлемге танылғаны сол қиын-қыстау кезеңдерде сіздердің төккен маңдай тер, еткен еңбектеріңіздің арқасы. Кейінгі ұрпақ сіздер берген тәлім-тәрбие, білім мен біліктің, ақыл-кеңестеріңіздің арқасында бүгінде елдің дамуына үлес қосып келеді. Сіздер елде бірлік, тұрақтылық, ынтымақ болса екен дейсіздер. Облысқа басшы болып келгелі бері сіздердің болашағымыздың жарқын болуы жолындағы қолдау, қамқорлықтарыңызды көріп келемін.Талай кездесулерде өңірдегі тұрақтылық пен тыныштықтың, бірліктің болуына қатысты пікірлер айтып, ынтымақтың ұйытқысы болып келесіздер. Сіздерге еткен еңбектеріңіз, қолдауларыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Сіздер аман болыңыздар, сіздер аман болсаңыздар, біз жаман болмаймыз, — деді облыс әкімі.

Б.Сапарбаев елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан қарттарға көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы да айтып өтті. Қарттар күні қарсаңында облыс әкімі барлық аудандарда, елді мекендерде мереке иелеріне ерекше құрмет көрсетуді тапсырған.

— Биылғы қарттар күні облыста жаңадан салынған мейрамханада бас қосып отырмыз. Ақтөбеміз қарқынды дамып келеді. Ендігі біздің мақсат — елдегі бірлікті-тұрақтылықты сақтауға үлес қоса отырып, жастарды тәрбиелеу. Облысымызда түрлі нысандар салынып, көшелеріміз абаттандырылып жатыр. Осы дүниелердің әрқайсысына жастардың өз дүниесіндей қамқорлықпен қарауына, бүлдірмеуіне, сындырмауына, қаламызды таза ұстауға шақыруымыз және оған өзіміз үлгі болуымыз керек. Елде жүргізіліп жатқан сарабдал саясаты үшін Елбасына, облыста жүргізіліп жатқан ілкімді істер үшін облыс әкіміне алғысымызды білдіреміз, — деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов.

Бұл күнгі салтанатты шараға елуден астам ардагер қатысты. Ән айтылып, жыр төгілді. Шара соңында әр ардагерге облыс әкімі атынан сыйлықтар берілді.

 Мейрамгүл Рахатқызы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*