Басты бет » Мереке » Мұғалімдер мерейі

Мұғалімдер мерейі

 

Т.Ахтановатындағы облыстық драма театрының ғимаратында Ақтөбе қаласы мұғалімдеріне арналған «Мерекелік сабақ» атты шара салтанатты түрде өтті. Мерекеге облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысып, ұстаздарға ақ тілегін жеткізді.

Театр фойесінде №3 балалар музыкалық мектебінің вокал тобы, домбырашылар мен қобызшылар ансамблі белгілі музыкалық шығармаларды орындап қонақтарды құрметпен қарсы алды. Сондай-ақ, мерекелік шараға келген педагогикалық қауымға Қазанғап атындағы өнер мектебінің балалар оркестрі Абайдың «Торы жорға» күйін  орындап, көпшіліктің көңілінен шықты.

Бұдан кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова педагогтарды құттықтады.Ол өз сөзінде педагог мамандығының маңыздылығы мен қажеттілігін тілге тиек етті.

— Ұстаздар — ұлт тәрбиелеушісі. Жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуы мұғалімдердің біліктілігіне, білімініне тікелей байланысты. Педагогтар — қоғамның ең ауыр жүгін арқалаған қадірлі мамандар, — деді С.Қалдығұлова. Содан кейін ол  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атынан 31 мұғалімге Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, еңбек демалысына шыққан педагогтарға «Көктем» сауықтыру демалыс орнында тынығуға жолдама берді.

Бұдан соң қала әкімі І. Испанов  мұғалімдерді төл мерекелерімен құттықтады.

— Мұғалімдерге қоғамдағы ауыр да өте жауапты жұмыс жүктелген. Бүгінгі оқушының азамат болып қалыптасуы сіздердің тәрбиелеріңізге байланысты. Біздің оқушылардың, қала мектептері оқушыларының жетістігі — сіздердің жемісті еңбектеріңіздің нәтижесі, — деп Ілияс Испанов 20 үздік мұғалімге Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады.

Салтанатты шара мерекелікконцертке ұласып, №10, №25 мектептің оқушылары, «Жайдарман» вокал студиясы, «Аққу» облыстық би ансамблінің балғын бишілері, т.б. өнер көрсетті.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*