Басты бет » Білім » Мамандар Назарбаев және АҚШ университеттерінде біліктілігін арттырады

Мамандар Назарбаев және АҚШ университеттерінде біліктілігін арттырады

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінінің 29 топ-менеджерлері мен профессорлары Назарбаев  және Дьюка университеттерінің (АҚШ) базасында біліктілігін арттырады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сұранысы бойынша Назарбаев университетінің (NUGSE) Жоғары білім беру мектебінің Дьюка университетінің Медицина мектебімен (АҚШ) бірлесіп әзірленген Қазақстанның төрт медициналық жоғары оқу орындарының топ-менеджерлері мен оқытушыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы былтыр қолға алынған-ды. Осы бағдарлама аясында М.Оспанов атындағы университеттің үш топ-менеджері АҚШ-тың зертханалық университетінде басқару автономиясы және академиялық дербестік мәселесі бойынша білім алды.

«Курс бағдарламасында медицина білімінің менеджменті, академиялық көшбасшылық мәселелерін меңгеру, сапаны қамтамасыз ету және білім сапасын институционалды бағалау, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы өзара стратегиялық серіктестікті дамыту, жоғары білімді қаржыландыру, денсаулық сақтауда ғылым мен инновацияны басқару сынды тақырыптар қарастырылады. Бағдарлама медициналық білім мен ғылым менеджерлерінің әлеуетін дамытуға, профессорлық-оқытушылар құрамын жаңа формацияда даярлауға, ұйымдарда ұжымдық басқаруды жетілдіруге арналған», —  дейді Марат Оспанов атындағы БҚММУ проректоры Ғазиза Әжмағиқызы. Былтыр Назарбаев университетінде бір адам оқыса, биыл тыңдаушылар саны көбейіп отыр. Дьюка университетінің медицина мектебінде екі апта бойы жоғары оқу орындарының 6 топ менеджері мен бөлім жетекшілері біліктілігін арттырады. Осыған орай 29 тамызда Дьюка университетінің өкілдері Батыс Қазақстанның ірі оқу орындарын аралаған болатын.

«Топ мүшелері мониторинг процестерімен танысып, бір жылда қандай жұмыстар жасалғанын білу, сондай-ақ оларға оқуға баратын тыңдаушыларға арналған бағдарламаны белгілеу үшін келген. Ақтөбеге келу барысында қонақтар профессорлық-оқытушылар құраммен және білім алушылармен кездесті, оқу орнының қызметімен, оның материалдық-техникалық базасымен танысты, клиникаларды аралап, жоғары баға берді» — деді проректор.

Айта кету керек, медициналық білім мен ғылымды реформалау, денсаулық сақтау саласының тиімді кадрлық саясатын қалыптастыру мәселелері 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында жан-жақты қарастырылған. Бұл бағдарлама аясында еліміздегі медициналық білім беруді модернизациялау бойынша жоба іске асырылады, оның негізгі мақсаты — медициналық жоғары оқу орындарының жетекші шетелдік университеттермен ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестігін және үздік халықаралық практиканы енгізу негізінде денсаулық сақтау кадрларын даярлауда жоғары сапаға қол жеткізу.

М.ТАБЫН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*