Басты бет » Жастар » «TOO EASY» — жастардың жобасы

«TOO EASY» — жастардың жобасы

2017 жылдан бастап Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп Жастар корпусын дамытуға бағытталған «Zhas Project» жобасын жүзеге асыра бастаған еді.

2020 жылға дейін жоспарланған жоба биыл  Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында қолға алынды. «Zhas Project» аясында жастар қоғамға пайдалы тың идеялар ұсынып, өз жобасын қорғайды, егер бұл идея қажеттілігін дәлелдесе, онда оған 1 миллион теңге қайтарымсыз қаражат беріледі. Ал жастарға алты ай бойы өз идеясын іске асырып, тегін қызмет етуіне тура келеді. Есесіне миллион теңге қаражатқа өз ісін жүргізуге қажетті бастапқы құралдарын алуға мүмкіндігі болады. Алты айдан кейін ақылы түрде өз кәсібін жүргізе беруіне рұқсат.

Бұл жоба мақсаты —  жастардың белсенділігін арттыру, қоғамға пайдалы істермен айналысу дағдыларын қалыптастыру, олардың бастамаларын қолдау. Биыл Ақтөбе облысының жастары 165 жоба бойынша жеңіске жетіп, өз кәсіптерін жүргізуге қол жеткізіп отыр. Соның бірі — С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті студенттері қолға алған мүгедек азаматтарға ағылшын тілін тез әрі оңай игеру тәсілін үйрететін «Too Easy» жобасы. С.Жиенбаев атындағы кітапхананың мәжіліс залында «Too Easy» жобасының «тұсауы» кесілді.

—  Біз Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің еріктілеріміз, сондықтан жобаға тапсырыс жазу кезінде осы бірлестік өкілдерімен ақылдасып, олардың қажеттіліктерін анықтадық. Қазіргі қоғамда ағылшын тілін білу өте маңызды, сондықтан, осы саланы таңдадық. Біздің жобамыз үздік деп танылып, 1 миллион теңге қаражатқа ие болдық. Қажетті құралдарды, техникалық жабдықтарды осы қаражатқа сатып алдық. Ал жоғарыда айтқан ұйым бізге өз ғимаратындағы оқу залын тегін беріп отыр. Біздің курсқа келетін жастар мен ересектер 6 ай бойына тегін оқиды. Оқу бағдарламасын қызықты әрі қабылдауға  жеңіл етеміз. Жоба соңында тіл оқыту саласында өз кәсібімізді ашқымыз келеді, — дейді «Too Easy» жобасы командасының топбасшысы Райхан Қоныратбаева.

«Zhas Project» жобасының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық координаторы —  «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменова. Ол жастар қолға алған «Too Easy» жобасының өте маңызды екенін айтады:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласында үш тілділіктің маңыздылығын жиі айтады. Қоғамда бәсекеге қабілетті болу үшін шет тілдерін білу маңызды. Сондықтан біздің қоғам мүшелері үшін бұл жобаның қолға алынуы өте қуанышты жайт. Мен шетелдіктермен кездескенде тіл білмегенім үшін қиналамын, сондықтан, мүмкін болса, жастармен бірге мен де ағылшын тілін үйресем деймін, — дейді Қ.Байменова.

Жастарды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің проректоры В. Усов та құттықтап, студенттерге жобаны жүзеге асыру барысында сәттілік тіледі.

«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі және «Too Easy» жобасы мүшелері ұйымдастырған шара барысында «Zhas Project» ясындағы «Аз қамтылғандарға арналған кондитерлік тағамдар пісіру» деп аталатын кіші жоба да таныстырылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*