Басты бет » Мәдениет » «Жібек жолы» байқауы өтеді

«Жібек жолы» байқауы өтеді

Бүгін Ақтөбеде ІІ республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы басталады.

Бұл фестивальді Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырып отыр.

— Шара мақсаты — Ақтөбе өңірінің ақын-жыраулары  Қызыл, Батақтың Сарысы, Наурызбек, Нұрпейіс Байғанин, Кердері Әбубәкір, Молдабай, Шернияз, Бәкір Тәжібаев шығармашылығын насихаттау, келер ұрпаққа жалғастыру, халық музыкасын заман ағымына сай өңдеп, халқымыздың төл өнерін тыңдарманға жаңа форматта ұсыну, сондай-ақ ән өнерін дамыту, жас таланттарға қолдау көрсету, — дейді Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе  облыстық филармониясы директоры Е.Кенжалиев.

Байқауға Ақтөбе қаласының және Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент  қалаларынан келген үміткерлер қатысады. Әншілердің өнерін «Құрмет» орденінің иегері, композитор Бейбіт Оралұлы бастаған мәдениет саласы қызметкерлері бағалайды. Олардың қатарында  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Балажанова, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ҚР мәдениет саласынын үздігі, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы»  ансамблінің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнеловтер бар.  Байқау Өнер орталығында өткізіледі. Бүгін сағат 10-да басталатын өнер додасының гала-концерті кешкі 19.00-ге жоспарланған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*