Басты бет » Білім » Педагогтар мәртебесі

Педагогтар мәртебесі

5 қазан — Дүниежүзілік мұғалімдер күні

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр кез білім беру саласына айрықша көңіл бөліп, қолдау, көмек көрсетуде. Мысалы, биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында педагогтардың мәртебесін арттыру мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді. Соған байланысты жыл басынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 30 пайызға көбейту міндеттелді. Сондай-ақ, Елбасы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырған болатын. Соның арқасында, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетін болды. Биыл бұл мақсатта қосымша 67 миллиард теңге бөлу тапсырылды.

Жаңа үлгідегі аттестаттау қорытындысы негізінде қыркүйек айынан бастап біздің облыстағы 2411 педагогтің еңбекақылары өсті. 

Күні кеше ғана Астанадан сүйінші хабар жетті. Біздің облыстың 5 бірдей мұғалімі республикалық «Үздік педагог — 2018» республикалық конкурсында жеңімпаз атаныпты. Сөйтіп, біздің Ақтөбе үздік педагогтардың саны мен білім сапасы жөнінен Астана мен Алматы қалаларымен тең деңгей көрсетті. Үздік 5 педагогтың әрқайсысына Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2 миллион 405 мың теңгеден сыйақы табыс етті.   

Біздің облыста да облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен мұғалім мәртебесін арттыруды мақсат еткен игі шаралар ұйымдастырылуда.  

Біз мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевадан мұғалім мәртебесін арттыруда қандай жұмыстар жасалып жатқаны жөнінде әңгімелескен едік…

 ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰН ЖӘНЕ ЖАЛАҚЫ

 Жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуы педагогтарға тікелей байланысты. Педагогтардың мәртебесін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында білім саласына айрықша қамқорлық көрсетілген. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын ұстаздар қауымы ыстық ықыласпен қабылдады. Өйткені мұнда жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен, яғни халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары негізінде жұмыс жасай алатын мұғалімдердің еңбекақысын 30 пайызға көтеруді тапсырған болатын. Ал мұндай мұғалімдер Елбасы жүктеген міндет — жас ұрпаққа қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытуға сеп болады, — дейді Ләззат Оразбаева.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырған болатын. Жаңа форматтағы аттестация туралы Ләззат Аманжолқызы былай дейді:

Елбасы категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керектігін тапсырды. Әрине, бұл педагогтарды өздерін үнемі жетілдіруге ынталандырады. Елбасы өзінің «Бес әлеуметтік бастама» атты Үндеуінде білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен мұғалімдердің лауазымдық жалақылары 30 пайызға өсетінін, бұл жалпы мұғалімдердің 68 пайызын қамтитынын айтты. Ал біліктілікті айқындайтын тест тапсырғаннан кейін педагогтардың лауазымдық жалақысы қосымша 50 пайызға өсетін болады.

Біздің облыста педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды (аттестатталушы адамдар) аттестаттау  министрліктің сәуірдің 12-сі күнгі №152 бұйрығы негізінде  екі кезеңде өткізілді.

Ұлттық біліктілік тестілеуіне жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өткен мұғалімдер қатысады. Аталған тест  тек қана академиялық білімді көрсетіп қоймай, сонымен қатар жалпы білім беру жүйесін түсіну деңгейін және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін көрсетеді.

Тестілеу министрліктің №200 бұйрығы негізінде облыс орталығында ұйымдастырылды.

Л.Аманжолқызының айтуынша, облыс бойынша жаңа үлгідегі аттестаттаудың 1-кезеңіне (26,28 мамыр) қатысуға 4206 педагог өтініш білдіріп, 4013 педагог біліктілік тест тапсырған. Қорытындысында, 2575 педагог тестілеуден оң нәтиже көрсетіпті. Яғни сапалық көрсеткіш — 64 пайыз.

Ал жаңа үлгідегі аттестаттаудың 2-кезеңінде 2494 мұғалім «педагог», «педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санатына портфолио тапсырған. Нәтижесінде, соның 2411-і (96,6 пайыз) біліктілік санатын алды.

— Жаңа жүйемен аттестаттау бойынша педагогтардың сапалық көрсеткіші — 60 пайыз. Аттестаттаудың 2-кезеңінде сыннан өткен 2411 пән мұғалімінің еңбекақыларына қыркүйек айынан бастап қосымша үстемақы төленеді, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

1-15 тамызда 2-кезең бойынша 2657 педагог біліктілігін сынаған. Біліктілік арттыру тесті  күзгі каникулда 1-10 қараша аралығында да өткізіледі. Талап бойынша, тестілеуде төмен балл алған мұғалімдерге жылына тек қана бір рет қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Айта кету керек, ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижесі бір жылға дейін жарамды.

5 ПЕДАГОГ ОБЛЫС АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТТЫ  

Министрліктің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік педагог-2018» байқауында біздің облыс Астана, Алматы қалаларымен тең деңгейде жоғары көрсеткіш көрсетті.  Басқа өңірлерде көп дегенде 3 үздіктен болса, біздің облыста 5 педагог жеңімпаз атанды. Олар: Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының биология пәнінің мұғалімі Гүлназ Мыңжасарова, облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Орынбасар Саржанов, Ақтөбе облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат-колледжінің дефектологі Гүлсім Қаражанова, Хромтау ауданы №6 Хромтау гимназиясының информатика пәні мұғалімі Ботагөз Қыдырбаева, Ақтөбе политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Алмагүл Мұқашева. Бұл 5 педагогтің жеңісі — біздің облыстың абыройы, облысымыз үшін үлкен мақтаныш, — дейді Ләззат Оразбаева.

Жалпы республикалық байқауға қатысу үшін еліміздің әр өңірінен 147 педагог өтініш білдірген. Олардың 109-ы балабақшалар мен мектептердің мұғалімдері болса, қалған 38-і — колледж оқытушылары. Конкурстық комиссияның қорытындысы бойынша, 48 мектеп мұғалімі, 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанған. Жеңімпаздарға «2018 жылдың үздік педагогі» төсбелгісі, куәлік, сондай-ақ 2 миллион 405 мың теңге (1000 айлық есептік көрсеткіш) сыйақы табыс етілді.

Сонымен қатар 2 мұғалім «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен,  3 мұғалім «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 25 мұғалім Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің  Құрмет грамотасымен және 28 мұғалім Алғыс хатымен марапатталды.

P.S. 5 қазан күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен мұғалімдер күніне арналған салтанатты шараны өткізу жоспарланып отыр. Жиын барысында облыстық  «Үздік педагог-2018» байқауының 9 жеңімпазы марапатталады.  Оларға облыс әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі  сыйақысы тарту етілмек. Сондай-ақ, 2017-2018 оқу жылында үздік деңгейде көрсеткішке ие болған педагогтардың еңбегі де ескерусіз қалмайды. Шара барысында 22 мұғалімге облыс әкімінің 50 мың теңге көлеміндегі  сыйақысы табыс етіледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*