Басты бет » Мереке » Мұғалім шеберлігі — шәкірт жеңісінің нәтижесі

Мұғалім шеберлігі — шәкірт жеңісінің нәтижесі

Гүлназ Мыңжасарова — білікті маман, үлгілі педагог. Ол күні кеше ғана қорытындысы шыққан «Үздік педагог – 2018» республикалық байқауында 200-ге жуық педагогтің арасынан топ жарып еліміздің үздік педагогі атанды. Жеңімпаз Гүлназ Ізтілеуқызын  Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев марапаттап, 2 миллион 405 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Ата-анасының «мұғалім болса екен» деген арманын болашағына бағдар етіп ұстаған Гүлназ мектеп бітіргеннен кейін 1995 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетіне оқуға түсті. Алғашқы еңбек жолын Темір ауданы Шұбарқұдық кентіндегі №3 қазақ орта мектебінде бастады.

Елгезек, жаңалыққа жаны құмар жас мұғалім алғашқы 10 жылда-ақ жақсы жетістіктерімен таныла бастады. Оқушылары ғылыми жоба қорғау сайыстарынан, пәндік олимпиадалардан жүлделі орындарды иеленсе, өзі аудандық «Жаңашыл ұстаз», «Үздік тәлімгер», «Үздік сынып жетекші» байқауларының жеңімпазы ретінде танылды. Көптен бергі ұйқысыз түндер мен көп ізденіс нәтижесіз қалған жоқ. 2009 жылы ҚР білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін сол кездегі Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

«Мектепті сыйлағандықтан, мамандығын жан-тәнімен сүйгендіктен мұғалім ең алдымен өзінің интеллектісін көтеруі керек, дүниеге деген көзқарастарын биіктетуі керек», — деген белгілі ақын Ә.Тәжібаевтың пікірі Гүлназдың еңбек жолына арнап айтылғандай.

2009-2010 оқу жылында конкурстық негізде М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа биология пәні мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданды.

Шәкірттерінің «Зерде» республикалық балалардың зерттеу  жұмыстары мен шығармашылық жобаларының облыстық, республикалық байқауының, облыстық «Дарын» ғылыми жобалар байқауының, облыстық, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы атануы,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен мектеп бітіруші түлектер арасында өткізілген облыстық пәндік олимпиадада екі оқушысының  (Е.Сағынаев, Д.Төлепберген ) оқу ақысын төлеуге 75 пайыз, 35 пайыз жеңілдік алуы, екі жыл қатарынан 2016-2018 оқу жылдарында ҰБТ  жетістігінің 100 пайыз болуы — оқушы мен мұғалімнің еңбегінің нәтижесі. Мұғалім білімді, білікті болуы  талмай ізденуінде, ал шәкіртінің санасына сіңіре алуы сол білімді шаршамай  дарыта алуында екендігін ұстаздар қауымы жақсырақ біледі. Ізденімпаз мұғалім додаға шәкірттерін ғана қоспай, өзі де сан түрлі шығармашылық жұмыстардың ортасында жүрді. Облыс көлемінде, Алға қаласында, Хромтау ауданы Бөгетсай ауылында,  Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылында, Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде, Әйтеке би ауданында облыстық әдістемелік семинарлар, шеберлік кластар, коучингтер өткізу, Ақтау қаласында республикалық форумында баяндама жасау, көпшілік көңілінен шығу — үлкен шеберлік. Шеберлігін шыңдай жүрген Гүлназдың еңбектері елеусіз де қалған жоқ.

Ақтөбе облысының білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің Құрмет грамотасымен, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының,  «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының  Алғыс хаттарымен, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің  Құрмет грамотасымен марапатталып, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. Білім саласындағы жемісті еңбегі, жоғары педагогикалық шеберлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша «Алтын белгі» иегерлерін оқыту мен тәрбиелеуде жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін оған Мерке шипажайында демалуға жолдама берілді.

Бұл, әрине, шәкіртінің күрделі де қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білген, оны жүрегімен ұға білген педагогикалық шеберліктің иесі Гүлназдың мамандығына деген махаббатының көрінісі. Гүлназдың өз абыройын асырып қана қоймай, мектеп-интернат мәртебесін көтеріп отырғанын да мақтан тұтамыз.

Жақында ғана тағы да бір сүйінші хабар жетті: Гүлназ республикалық «Үздік педагог – 2018» конкурсының жеңімпазы атанды. Мектеп-интернат ұжымы тағы да бір ерекше қуанышқа кенеліп қалды, өйткені Гүлназ — мектебімізде 5 жылдан кейін республика көлеміндегі екінші «үздік педагог» атағын иеленуші.

Гүлназға алдағы уақытта да әр ісіне сәттілік тілейміз.

С.НҰРАЛИНА,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернат директорының

орынбасары,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*