Басты бет » Мереке » Отыз бес жылдың тәлімі

Отыз бес жылдың тәлімі

Осы мақаланы жазуға ниеттеніп, қолға қалам алғанда, жиі айтылып жүрген ән мәтінінен  «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы» деген сөйлем еске түсті. Шынында, қаншама ағаларды көріп, тәлімін алдық, әңгімесін тыңдадық, ой түйіндедік. Өкініштісі — тағдырдың жазуымен біразы жалғанның көшіне ілесті, дәтке медет қыларымыз — соңында өнегелі ұрпақ бар. Сол ағалардың жұрнағындай арамызда жүргендерін көре қалсақ, арқа-жарқа күйде мәз боламыз, кейінгі сәттен әдемі сипаттарды еске түсіреміз. Таяуда Ақтөбе қаласында тұратын Ниеталы Мырзатаевпен жолығысқанымызда қуанып тұрып:

  • Алланың бұйырмысымен 80-ге де келдік, — дегені.

Ажарлы, базарлы жеткеніне қуандық. Қасында өмірлік серік болып, жанарынан нұр төгілген Балзия апамыз келеді. Екеуі де мектепте үздіктер қатарынан көрініп, жоғары педогогтік білім алды, Шалқар қаласындағы бірнеше мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Дәлірек айтқанда, алғашқы еңбек жолын жолдамамен Ақмола облысының Новочеркасский ауданындағы Толқынкөл орта мектебінде қатардағы мұғалімдіктен бастады. Бағына адамгершілігі жоғары, кісілік пен кішілігі қатар үндесіп, бала оқытудың қыр-сырын меңгерген шебер басшы Қазыкен Ахметов кезіккенін ерлі-зайыптылар әлі күнге сүйсіне еске алады.

Алайда небәрі 27 жасында жесір қалса да мойымай өзін баулыған Сүткенже әже сырқатқа кезіккесін Ниекең көп ұзамай көштің басын атамекенге бұрады. Ағамыз өзінің қаршадайынан еңбекке әуес, намысшыл болып өсуін қақ-соқпен ісі жоқ, қара күшке қайратты, шаруақор адамдар шаңырағында тәлім алуынан деп түсіндіреді.

Тың өлкесінен  аяулы Шалқарына оралған Мырзатаев  үзіліссіз отыз бес жыл білім беру мекемелерінде жұмыс істеді. Оның он сегіз жылында теміржолдың Ідіріс Үргенішбаев атындағы қазақ орта мектебіне, теміржолдың №439 орыс орта мектебіне және Шалқар қалалық сегізжылдық мектеп-интернатына басшылық еткен, үш жыл аудандық халыққа білім беру бөлімінде инспектор болған. Қай-қайсысында да азаматтың іскерлігі, ұйымдастырушылық және адамдармен тіл табысу шеберлігі айқын көрінді. Әсіресе, теміржолдың қазақ орта мектебінде басшы тізгініне ие болғанда мекеменің материалдық жағдайын жақсарту мақсатымен құзырлы мекемелерге хат жолдап, ойға-қырға шапқылауына тура келді. Нәтижесінде торапқа қарасты стансалар мен бекеттерден оқуға тілек білдірушілердің күрт көбеюіне байланысты негізгі оқу ғимаратына қосымша төрт сынып бөлмесі мен дербес жылыту қазандығы бір жылда салынып, пайдалануға берілді. Мектепке Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев есімін беру жолында деректер жинастыру, Ресей мен Украина қалаларына, музейлерге саяхаттар ұйымдастыру — директор бастамашылдығының көрінісі. Бірыңғай кабинетте отырып қалмай сынып бөлмелерін, асхана мен спорт залын ұдайы аралап, нақты жағдайды көзбен көру, сабақтарға қатысу мұғалімдер мен оқушыларды тәртіптілікке, ортақ шаруаны жұмыла шешуге баулыды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру нәтижесінде көпшілігі «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды, министрлік пен теміржол басқармасы басшылығының, облыстық және аудандық деңгейдегі басшы органдардың грамоталарымен марапатталды, директордың өзі де сый-құрметтен кенде болған жоқ.

Кейіпкеріміз негізгі міндеттерін тиянақты атқарумен бірге қосымша кәсіптерді де шебер меңгеріп алды. Жұртшылық оны маманданған фотограф, жазу машинкасын ұршықтай үйірген стенограммашы ретінде көрді. Мырзатаев еңбек өтілімен зейнет демалысына шыққаннан кейін ел егемендігінің бастапқы жылдарында ешқандай арланбастан жеке көлігімен Шалқардың көшелерінде такси жүргізуші болып та жұмыс істеді. «Қол босады ғой, енді бірыңғай жатып демалайын» деген ойды қаперіне алмай ұрпақ игілігіне мұра қалдыру ниетімен Ақтөбе облысының аудан-ауылдарында, көрші Қарақалпақстан Республикасының елді мекендерінде тұрып жатқан ағайын-туыстарды ерінбей аралап, шежірелік деректер жинады. Бірнеше жылға созылған тынымсыз еңбек нәтижесінде 2001 жылы «NOBEL» баспаханасынан бес жүз данамен көркем безендірілген «Беке, Аралбай шежіресі» деген кітап басылып, оқырманына жол тартты. Мұндай мағынадағы кітаптар үйреншікті көрініс қой десек те автор Мырзатаевтың өзгеше ізденіспен атадан тарайтын әр әулет туралы дерек пен дәйек келтіруі сүйсінткені рас. «Есейдік бірге елменен» атты кітабы үзеңгілес досқа, өмір майданында қатар жүрген замандасқа деген адалдықты айғақтайды. Бағалы осы дүниеде бұл күнде арамызда жоқ және өзімізбен қатар жүрген Бибіталы Оразаев, Айтжан Дүйісов, Бисенбі Көмекбайұлы, Тұрсын Тілешев, Саудағазы Есбосынов және басқа азаматтар туралы сыр шертіледі.

Байырғы ұстаздың және бір тындырған шаруасы — зейнеткерлер санатына қосылғаннан кейін 2006 жылы Мекке-Мәдина қалаларына арнайы сапар шегіп, қажы атағын иеленді. Қолы босаған сәтте облыстық «Ақтөбе» газетін, Ұлт газеті – «Ана тілін», Қазақстан мұсылмандарының діни-танымдық «Ислам және өркениет» газетін, бірнеше журналды жібермей оқиды.

Ағамыздың үнемі осылай бабында жүруіне мың қыздың ішінен қалап алған жары Балзия Мұратованың үлесі айрықша. Ол да танымал ұстаз — Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі періштедей пәк тұтып, балалары Жаңабектің, Мұхтардың, Ғалымжанның, Ғазизаның, Ғанидың  Кеңес Одағының астанасы, әлем таныған алып шаһар Мәскеудің жоғары оқу орындарында оқып, білім алуына жағдай жасады. Бұл күнде әрқайсысы жеке отау көтерген, әке-шешесіне бал күлкілі немере-шөберелер сүйгізуде.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті

журналисі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*