Бұқара

  • Жоба

«ZhasProject»: ырғыздық жастар 17 жоба бойынша жеңімпаз атанды

Ел болашағы — жігерлі жастардың қолында. Озық ойлы, жалынды, рухты жастары бар елдің бағыты айқын, болашағы жарқын. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім аясында Жастар корпусын дамыту жобасын үйлестірушілердің ұйымдастыруымен «ZhasProject» жобасы құрылған болатын.

Бұл жобаның негізгі мақсаты — жұмыссыз жастарды және жұмысы бар, айлық көлемі аз  жастардың бастамаларына қаржылай көмек көрсетіп, шағын және орта бизнесті дамыту. Жобаға «Ырғыз аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлері  жоғарыда аталған санаттағы жастардың бастамаларын жүзеге асыруға ықпал ете отырып, өз бизнестерін бастауға қолдау білдіріп келеді. Бұл жоба мамыр-маусым айларында жүзеге асырылды. Оған 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатысты. Аталған жоба үміткерлерге 1 миллион теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік береді.  Осы жоба аясында Ырғыз ауданы бойынша 2-3 адамнан тұратын 17 команда қатысып, жастар 8 жоба бойынша жеңімпаз атанды. Енді Ырғыз жастары құс, сиыр бағу, етік тігу шеберханасы, халықты тасымалдау қызметі, «Ыстық нан» наубайханасы, «Дертке шипа», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру — денсаулық кепілі» секілді жобалар аясында халық игілігі үшін жұмыс жасайтын болады. Жоба жеңімпаздары 16-19 тамыз күндері Әйтеке би ауданында өткізілген оқу тренингіне қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын игерді. Қараша айында тағы да курстар ұйымдастырылмақ. Жоба жеңімпаздары жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бұған қоса әр ай сайын өздеріне белгіленген менторлармен келісіп, алдағы жұмыстарының жоспарымен, қаржылық есептерімен бөлісіп, ақпарат алмасып отырады.

Жоба жастар үшін өте тиімді. Әрі қалтасында қаражаты жоқ жастарға өз ісін бастауына көмектеседі, әрі жастар өз жобалары арқылы тұрғындарға алты ай бойы тегін қызмет етеді.

Т.БЕКЖАНҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

  • Сапар

Қобдалықтардың Мәскеуге сапары

Өшпес ерлік пен отансүйгіштіктің асқақ өнегесін көрсетіп, қазақтың атын әлемге әйгілі еткен батыр Әлия Молдағұлованың есімін ардақтау, ерлігін насихаттау біздің парызымыз. 19 жасында ерлікпен қаза тапқан батыр қыз Ресейдің Псков облысы Новосокольники ауданында жерленген. Сол жерге барып, батыр рухына тағзым ету, ол білім алған, әскери тәрбие алған, әскерге шақырылған өлкеде болып, оны зерделеу, жаңа мағлұматтарды зерттеу аса маңызды. Міне, осындай ізгі ниетті мақсат қылған құрамында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, «Әлия» патриоттық орталығының директоры Бағдаш Тупенова,  «Бестау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайсар Қаспақов бар қобдалық делегация Ресей Федерациясында болып, Әлия Молдағұлованың ерлік ізімен жол салған сапарда болып қайттық.

Алдымен Мәскеудегі батырдың атын иеленген білім ордасына табан тіредік. Әлияның атындағы мектеп сәулеті жарасқан мекеме екен. Білім ордасының кіреберісінің алдында Әлия Молдағұлованың әдемі мүсіні орнатылған.

Мектепте арнайы жасақталған Әлия Молдағұлованың мұражайы да бар. Мұнда батырдың ғұмырынан сыр шертетін көптеген материалдар, батырдың жеке хаттарының көшірмелері, әскери киімдерінің көшірмелері орналасқан.

Батырдың кіндік қаны тамған киелі Қобда өңірі жайлы да көптеген материалдар біздің көңілімізді тебірентпей қоймады.

Біз Мәскеудегі мектепте оқушылармен әңгімелесіп, Әлия Молдағұлованың туған жері туралы мағлұмат бердік, батыр мүсініне гүл шоқтарын қойдық.

Сапарымыз одан әрі батыр ерлікпен қаза тапқан мекен Новосокольникиде жалғасты. Новосокольники Ресейдің солтүстік-батысындағы Псков облысына қарасты әкімшілік бөлінісі екен. Шығысында 450 шақырым жерде Мәскеу болса, батысында 400 шақырым қашықтықта Ресейдің мәдени ордасы Санкт Петербург орын тепкен.

Новосокольники ауданының әкімшілігі бізді өздерінің ауданының даму тынысымен, тарихымен таныстырды, батырымызды ұлықтау турасындағы мәдени шаралар айтылды. Мәдениет, білім беру саласында тәжірибе алмасу, әріптестік бағытында ынтымақтастықты дамытуды көздейтін Новосокольники-Қобда аудандары басшылары арасында меморандумға қол қойылды. Біздің делегация батыр жерленген жерге барып, оның рухына тағзым еттік…

Қобдадан шыққан делегация екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған боздақтарға арнап тұрғызылған Ржевтегі мемориалдық кешенге де аялдады. Санкт Петербург қаласындағы Әлия Молдағұлова білім алған мектеп-мұражайда болып, батыр оқыған білім ордасындағы тың мағлұматтармен, көпке беймәлім жәдігерлермен танысып, олардың көшірмелерін түсіріп алдық.

 Талғат ҚАЗИЕВ,

Қобда ауданы.

  • Кәсіп

Оюмен өрілген бизнес

Ұлттық болмысымызды айшықтайтын қолөнер бұйымдары сонау көне заманнан осы кезге дейін халықпен бірге жасап келеді. Дүкендер мен базарларда шетелдік тауарлардың толып тұрғанына қарамастан, ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген сұраныс жоғары.  Заман өзгеріп, жаңарған сайын олар да түрленіп, жасау технологиясы мен материалдары өзгеріп, сапасы жақсара бастады. Қолдан жасалған сапалы заттарға бағаның да төмен болмайтыны белгілі.

 

Салт-дәстүріміздің ең бір көрініс табатын жері — асүй. Бабымен піскен ет, тіл үйірер қуырдақ, ыссы бауырсақ пен сары қымыздан бас тартатын қазақ жоқ, егер олар нағыз маманның қолынан шықса, құндылығы тіпті аспандайды.

Ақтөбе қаласы маңындағы Заречный елді мекенінде орналасқан «Алтын сақа» кафесі, міне, дәл осындай жер. Ашылғанына бір ғана жыл болғанымен, бүгінде бұл кафе ауылдастардың ұлттық тағамдардан дәм татқысы келгенде жиналатын сүйікті орнына айналды. Кафенің ішкі дизайны қазақы үлгіде болғандықтан, түрлі дәстүрлі мерекелер де мұнда жиі өткізіледі.

«Кафені отбасылық бизнес ретінде ашқанбыз. Ойласа келе ұлттық тағамдарға басымдық беретін орын болу керек деп шештік. Тамақ әзірлеуден бастап, қонақ келіп-кеткенге дейінгі рәсімдердің барлығын ұлттық нақышта жүзеге асыруға тырысамыз. Дәмханамыз әзірге өз шығынын өзі жабады, отбасының қажетіне де аздап ауысады. Бағаны өте қымбат қылмауға тырысамыз. Тойларды бір адамға 3500-4000 теңге төлеп өткізуге болады. Қонақтар риза болып жатады, бізің қазіргі жетістігіміз — сол»,— дейді «Алтын сақа» дәмханасының иесі Динара Қасбаева.

Ұлттық салт-дәстүрлердің тағы бір жарқырап көрінетін тұсы — қыз ұзату, үйлену тойлары. Әсіресе, қалыңдық киімі мен жасауы қазақы ою-өрнегімен көз тартып, бірегей дәстүр-салтымызды паш етіп тұрады. Ұзататын қызға арнаулы жасау дайындау бүгінде өңіріміздегі ісмерлердің басты қаражат көзіне айналды десек қателеспейміз.  Жеке кәсіпкер Шамшагүл Мерееваның қыз жасауын даярлаумен айналысқанына 1 жыл ғана болды. Алғашында үйде отырып тапсырыс алған ол бара-бара кәсібін кеңейтіп, шағын тігін шеберханасын жалға алып, жұмыс істеп жатыр. «Тігін кәсібімді нөлден бастадым деуге болады. Жасау дайындаймын, автокөлік орындықтарының тысын тігемін. Қазақы ою-өрнекпен көмкерілген қолөнер бұйымдарына тапсырыстар жиі түседі. Әсіресе, қыз жасауы ерекше етіп жасалатындықтан, бағасы арзан дей алмаймын. Көрпе-төсекті кемінде 250-500 мыңға тігемін. Айына әзірге 3-4 тапсырыс қабылдай аламын. Кәсібімді кеңейтсем деймін», — дейді ісмер.

Ата-бабамыз ағаш бұйымдарын кеңінен қолданған. Мұндай дүниелер қазір де үлкен сұранысқа ие. Өйткені ағаш ыдыс-аяқтар мен әбзелдер экологиялық таза бұйымдарға жатады әрі табиғи материалдан жасалғандықтан сапасы жоғары.  Самат Жорғабаев ағаштан жасалған жиһаздар мен тұрмыстық бұйымдарды өз қолымен әзірлейді. Ағаштан түйін түйген шебер ыдыстармен қатар, бесік, сандық, үстел, орындық секілді жиһаздар жасайды. Оның бұйымдарына өзге қалалардан да сұраныс көп түседі. Өйткені сапасы жоғары, бағасы қолжетімді.

«Бұйымдарым өте қымбат емес. Нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Астау мен бесікті 15 000 теңгеге жасап бере аламын. Ұсынысқа қарай, бұйымдардың көлемін, өнерін әртүрлі қылып дайындай беруге болады. Мысалы, үстелдерді сапасы жағынан дүкендікінен ажырату қиын, бірақ бағасы өте қымбат емес, 1 метріне 12 000 теңге аламын. Тапқан қаражатым өзгеге алақан жаймай өмір сүруге жетеді», —дейді Самат Жорғабаев.

Бұл үш кәсіпкер де Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткізілетін «Бизнес-кеңесші» кәсіпкерлік курстарынан дәріс алды. Бұл тренинг ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге және өз бизнесін енді бастағысы келетін азаматтарға арналған. Оқыту барысында тыңдаушылар бизнес-жоспарды қалай жасауды, кәсіпкерлікті қолдаудың қандай мемлекеттік бағдарламалары бар екендігін, мүмкін болатын кедергілерді қалай еңсеру керектігін үйренеді. Кәсіпкерлер Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығында бухгалтерлік, салық және статистикалық есеп, маркетинг, кедендік рәсімдер, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және ақпараттық технологиялар салалары бойынша тегін қызмет ала алады. Жыл басынан бері  Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-мектеп» компоненті бойынша 1530 адам блім алды.

Асылгүл АЙДАРОВА,

Ақтөбе қаласы.

  • Ауыл

ЖЫЛТЫРДАҒЫ ШАРУАЛАР ТОЙЫ

Сабантой — ырзығын дархан даланың төсінен тапқан шаруалар еңбегінің күзгі қорытындысы. Дәстүрімізді жаңғыртып, еңбексүйгіштіктің ерен үлгісін айшықтайтын осы мерекенің бойынан әрдайым ұлттық құндылығымыздың лебі есіп тұрады.

Жылтыр ауылы осы шырайлы шараны өткізуді соңғы жылдары дәстүрге айналдырды. Шалқар ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары бірігіп, биыл да оған тас түйін әзірленіпті. Ауылдан тысқары ақшаңқан үйлер тігіліп, шаруалар тойы екі күнге ұласты. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, құнан, аламан бәйге сынды ұлттық спортымыздың шешуші сәті белгіленген екінші күні ол маңға жиналған халықтың да қарасы көп болды. Ауыл әкімі Қаржаубай Қалжанов сабантойға қатысушыларды құттықтап, оның өткізілуіне мұрындық болған барлық қожалық иелеріне алғысын айтты.

Шашу шашылмай, үлкеннен бата сұралмай тойдың шымылдығы түрілген бе?! Ақжаулықты аналармыздың  шашуын бала-шаға таласа теріп кетті… Ауыл үлкені, Қазанғап күйлерін насихаттаушы 87 жастағы Жұмабай Жансүгір ақсақал: «Елдің амандығы, еңбектің адалдығынан артық адам баласына не сый бар?» деп сөз бастап, төгілтіп  батасын берді.

Ара-тұра ойларын сахнадан әуелеген әуезді әндер бөліп тұрса да, тойшы қауымның назары ұлттық ойындардың тартысты бәсекесі өтіп жатқан жақтан  бір аумады. Сәске түсте басталған спорттық шаралардың қорытындысы түс ауа салтанатты түрде жарияланды. 24 шақырымға созылған аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген 120 мың теңгені жылтырлық Ернұр Жұмабай иеленді. Жылтыр ауылының тұрғыны Мирамбек Дәулет жүлдеге тігілген қошқарды 80 мәрте көтеріп,  ұтып алды. Теңге ілу сайысының алғашқы жүлделі үштігі де Жылтыр ауылының жігіттеріне тиесілі болды. Аударыспақ нағыз білекті жігіттердің сыналған сайысы болды. Күздің қоңыр салқынында ат үстінде жалаң айқасқан жігіттер жанкүйерлерінің делебесін қоздырды. Ұзаққа созылған дода да осы болды. Нәтижесінде 60 және 70 кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орынды жылтырлық жігіттер Бексұлтан Қуанышбек пен Асылбек Шыныбеков жеңіп алды, 90 кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орынды Шетырғыз ауылдық округінің намысын арқалаған Дархан Әділов иеленді. Көкпардан 1-орынға тігілген 150 мың теңге де Жылтыр ауылының жігіттерінің қанжығасында кетті.

Осы дүбірлі шараның басы-қасында жүрген ауыл әкімі Қ.Қалжанға орайы келгенде  бірер сауал қойып, ауыл ахуалын сұраған едік:

— Біздің  округке Жылтыр, Талдықұм  ауылдары қарайды. Ондағы жалпы халық  саны — 857. Жылтырда —102,  Талдықұмда 16 түтін бар.

2017 жылға бюджеттен «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен бөлінген 768,0 мың теңге қаржыға ауылдық округ орталығы — Жылтыр ауылының 5 көшесі жарықтандырылды. Округ  бойынша  өткізілген  әлеуметтік, мәдени, спорттық  іс-шараларға  әкімдік  қызметкерлері  мен ауыл тұрғындары ұйымшылдықпен  атсалысады.«Туған жерге тағзым» акциясы аясында округ орталығынан осы ауылдың перзенті, кәсіпкер Тимур Әминовтың салған жаңа балабақшасы бүгінде жұмысына кірісті. Осы акция аясында жергілікті азаматтардың ұйымдастыруымен ауыл іргесіндегі қорым толықтай қоршалды, —  дейді  ол.

Жылтырда көктемгі көгалдандыру бойынша 452 түп ағаш және 300 түп гүл отырғызылған. Құм тоқтату бойынша республикалық бюджеттен 16 млн теңге қаражат бөлініп, 20 гектар жерге  құмға бейімделген сексеуіл мен өзге де ағаш түрлері егіліпті. Жылтырда мал басы да өсіп келеді, шаруалар қысқы жемшөбін әзірлеп, тастүйін дайын отыр. Округте 76 кәсіпкерлік субъекті тіркелген.

Ауылдық округке қарасты шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, мал басын  асылдандыру, тұрғындарды арзан ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету жұмыстарына белсене қатысады.

Иә, Жылтырдың келешегі зор. Халық көгілдір отынның игілігін көріп, шұрайлы жайылымдарында төрт түлігін тең  өсіріп отыр.  Тілектері— елдің тыныштығы, ауыздың бірлігі ғана.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

  • Өнеге

  • ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ҮЛГІ

Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше үлес қосқан тұлғалар көп. Солардың бірі — Социалистік Еңбек Ері Өтеміс Қалниязов. Ол  — бір кездері қазіргі Темір ауданының Жамбыл елді мекенінде еңбек еткен атақты жылқышы. Бір өкініштісі, ердің еңбектері де, есімі де бұл күндері ұмытылып барады.

Мұндай адамдардың еңбегін қашанда біз қадір тұтып, жас ұрпаққа үлгі ретінде айтудан жалықпауымыз керек. Халқымыз қадір тұтып, қастерлейтін қасиетті жануар — жылқы өсіру, оны күтіп-баптау ісіндегі атақты жылқышының еңбегі мен мағыналы ғұмыры жайында аз-маз сыр шерткенді жөн көрдім.

Өтеміс Қалниязов 1897 жылы  қазіргі Темір ауданының «Жарсай» қыстағында туған.  1929 жылы Ерназаров атындағы ауылшаруашылық артелінің қатардағы колхозшысы болды. Кейіннен бұл Жамбыл атындағы колхоз болып өзгерді. 1942-1943 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары елдің өркендеуіне, әсіресе ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше үлес қосқан Өтеміс қарияның осы тұста атқарған еңбегі өлшеусіз.

1963 жылы ауылдастары оны үлкен сый-сияпатпен еңбек демалысына шығарған еді. Бірақ ес білгеннен адал еңбекті мұрат тұтқан, дала табиғатымен күнделікті қым-қуыт еңбегін ұштастыра ұйымдастырып өмір кешкен Өтеміс Қалниязов үйкүшік болып отырып қала алмады. Отыз сегіз жыл бойы машықтанған жұмысын сағына берді, ат жалын тартып мінген дала жайлауын аңсады да тұрды, ақыры жылқысы фермасына оралып тынды. Сөйтіп, жасының ұлғайғандығына, Екінші дүниежүзілік соғысы майдандарында алған жарақатына қарамастан қайтадан еңбекке араласты. Жай ғана араласып қоймады, рекорд жасап, жастарға үлгі көрсетті. Кейінгі бес жыл ішінде ол әр жүз биеден 96-100 құлыннан алып отырған. Сенім дерек көздерінде былай делінген: «1965 жылғы қыс Ақтөбе малшыларына қиын тиді. Сақылдаған сары аяз қатты борандарға ұласты, бір жылынып, бір суытудан жер көктайғақ мұзға айналды. Мұндай кездер малшыларға өте қиын болатыны мәлім. Бірақ Қалниязов осындай қиын-қыстауға қарамастан  өзінің зайыбы әрі көмекшісі Жансұлумен бірге мал басын аман алып шықты. Әр жүз биеден 96 бас құлын алып, бұған қоса сол жылы 61 құнанды мемлекетке өткізді. Әрқайсысының салмағы 345 килограмнан айналды. Бәрі дерлік жоғары қоңдылықпен қабылданды. Өтекең жылқыны күнделікті көлік ретінде ғана емес, сонымен қатар бәйгеге қосар сәйгүлік ретінде өсірумен де көзге түсті. Әсіресе, ол өсірген Күреңат деген бәйге аты колхоздың даңқын шығарды. Бірнеше жыл қатарынан Алматыда болған республикалық жарыста бірінші орынға ие болды. Жүлде алған бұл аттың қола мүсіні совхоз дирекциясында әлі күнге дейін сақтаулы».

Жылқы шаруашылығын өрістетуге көп күш жұмсаған қарт жылқышының еңбегі жоғары бағаланды. 1966 жылы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығы бойынша Өтеміс Қалниязовқа Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.

Өмірінің ақырына дейін құрығы қолынан түспеген дала дарабозы 1981 жылы дүниеден өтті.

Қазір жылқы шаруашылығымен айналысуға ниетті ынталылар баршылық. Оның өнімін қастерлеуге, ем ретінде тұтынуға ниет білдірушілердің де қатары көбейді. Әрине, бұл — қуанарлық іс. Алайда еліміз рухани жаңғыру аясында жаңа  тарихи кезеңге аяқ басқан тұста осындай ерлеріміздің есімін ұлықтағанымыз абзал. Егер аудан орталығы Шұбарқұдық елді мекеніндегі бір көшеге Өтеміс Қалниязовтың есімі берілсе, бүгінгі ұрпаққа үлгі болар еді. Мұндай ізгілікті істер жастар тәрбиесі мен рухани жаңғыру бағытындағы ортақ мүддемізге игі нәтижесін берер еді.

Бақытжан ЕСЕНҚҰЛОВ,

еңбек ардагері.

Темір қаласы. 

Әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*